Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар экологиялық мәсе­ле­лер, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Экология мәселелері жөніндегі заң жобасы мақұлданды
121
оқылды

Екінші оқылымда цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі бірқатар заң қабылдады. Бұдан бөлек, Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері тура­лы конвенцияға қатысты заң қабылданып, БҰҰ және Өзбекстанмен арадағы ынтымақтастық аясындағы келісімдер ратификацияланды.

Экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жоба­сын Парламент депутаттары экологиялық заңнаманы жетілдіру, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жою, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру үшін әзірледі. Заң жобасының нормаларын Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, бастама авторларының бірі Еділ Жаңбыршин таныстырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына ауқымды стратегиялық міндеттер қойды. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамта­масыз ету, орман алқаптарын ұл­ғайту және елді мекендерді көгал­дандыру қажет. Бұл жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл – Қа­зақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі. Алайда мұ­н­­дай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база керек, – деді депутат.

Комитет төрағасының айтуын­ша, депутаттар Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі тура­лы ұлттық деректер банкінің функцияларын жаңғыртуды ұсын­ды. Оның құрамына негізгі кадас­трлар мен тізілімдер, эмиссиялар­ды автоматтандырылған мони­­торингтеу жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақы­лау жөніндегі есептілік кіреді. Осыл­айша, мониторингтің нақты деректері бірыңғай цифрлық жүйеге шоғырландырылады, бұл экологиялық есептілікті жасыруға, мәліметтерді бұрмалауға жол бермейді.

Бұдан бөлек, орман және жай­ы­л­ым көміртектік офсеттері ұғым­дары енгізіледі. Инвесторлар мем­лекеттік орман қоры жерлерінде және босалқы жерлерде жаңадан орман егу мақсатымен орман иеле­ну­шілерімен тікелей шарт жасай алады. Осындай жобалар нәтиже­сінде алынған көміртек бірліктері нарықта сатылуы мүмкін. Соны­мен қатар олардың бір бөлігі Қа­зақ­станның жалпыұлттық айқын­далған үлесіне есепке алынады.

Заң жобасының басқа да нор­ма­ларында әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдық­тарға қатысты шекті тариф бекіту өкілеттіктерін беру, қосымша бюд­жеттен тыс кіріс алу үшін ұлттық гидрометеорологиялық қызметті реформалау, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру мен экологиялық сақтандыру тетіктерін жетілдіру көзделген. Бұған қоса, норматив­тен тыс эмиссиялар үшін жауап­кершілік кезеңі нақтыланады. Осы­ған байланысты нормадан тыс әсер ету кезеңі соңғы өндірістік эко­логиялық бақылау жүргізілген күннен бастап есептеледі. Егер өн­дірісте май, қаптама және акку­мулятор өндірушілер Қазақстанда қайта өңделген кемінде 30% қайта­лама шикізатты пайдаланса, олар­ды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері талабынан босату ұсынылады.

Талқылау барысында депутат­тар экологиялық жүктемесі жоға­ры өңірлердің тұрғындарын әлеу­меттік қорғауға, заңсыз қоқыс үй­інділерін мониторингілеуге және жоюға, сондай-ақ қауіпті қалдықтарға қатысты жұмысты реттеуге және осы саладағы бұзу­шылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты бірқатар про­блемалық мәселе көтерді. Эколо­гиялық инс­пекторлардың алдын ала ескер­тусіз тексерулер жүргізу құқығы қарас­тырылған түзету төңі­р­егінде қызу пікірталас өрбіді.

Депутаттар аталған заң жоба­сын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжат­ты одан әрі қарастыру депутат Ажар Сағандықованың жетек­шілігімен өтетін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сондай-ақ Сенат депутаттары бас­тамашы болған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заңнамалық түзе­тулер бірінші оқылымда ма­құл­данды. Заң жобасын әріптес­теріне сенатор Амангелді Есбай таныстырды.

Кәсіптік біліктілік саласын­дағы өзгерістерге келетін болсақ, тану орталықтарын аккредиттеу функцияларын «Атамекен» ҰКП-дан Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіне беру жоспарланып отыр. Ал Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушы­лар­дың құрамына әкімдіктерді қосып, ондағы аккредиттеу органдарын қызметкерлердің өкілдерімен ал­мас­тыру ұсынылады. Түзетулердің жеке блогы көші-қон саясатына қатысты. Жұмыс күшінің ұтқыр­лы­ғын арттыру үшін азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару тәртібін айқындау және оған жәрдемдесу ұсынылады.

Екінші оқылымға дайындау үшін құжат Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың жетекші­лі­гімен жұмыс тобында одан әрі талқыланады.

Жалпы отырыс барысында «Ма­мандандырылған мекеме­лердің артықшылықтары мен им­му­нитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» заң қабыл­дан­ды. Құжатты депутаттарға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлі­бек Бақаев таныстырды.

Бұған дейін 2020 жылы кон­венцияны ратификациялау кезінде Қа­зақстан кейбір артықшылықтар мен иммунитеттер ел азаматтарына қолданылмайтынын көрсеткен болатын, сондай-ақ «кедендік ал­ым­дар» термині ұлттық заңнамаға сәйкес қолданылатынын бөлек мәлімдеген еді.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобы­ның жетекшісі Максим Рожин қосымша баяндамасында атап өткендей, қазіргі ескертпе мен мәлімдеме конвенцияның біз­дің еліміз үшін күшіне енуіне ке­дергі келтіреді, себебі оның негізгі ережелеріне әсер етеді. Сол үшін бірқатар мамандандырылған меке­ме оларды қабылдаған жоқ. Заң­ның қабылдануы конвенцияның Қазақстанда толыққанды қолда­нылу­ын қамтамасыз етуге және елге БҰҰ жүйесінің жаңа кеңселері мен жобаларын тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақ­станда Орталық Азия мен Ауған­стан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орта­лығын құру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымымен Келісімді және Меморандумды ратификациялады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Қазақстан –Өзбекстан мемлекет­тік шекарасының режимі туралы келісім ратификацияланды. Құ­жат­ты депутаттарға  Ұлттық қауіп­сіздік комитеті төрағасының ор­ын­басары, Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов таныстырды.

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобы­ның жетекшісі Дәулет Тұрлыханов келісімнің негізгі мақсаты мемле­кеттік шекарада тәртіп пен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету, транзиттік жүк пен жолаушылар ағынының кедергісіз өтуіне қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Құжат сондай-ақ заңсыз көші-қон, контрабанда және трансшекаралық қылмыс­тар­дың алдын алу, сондай-ақ шек­ара манындағы өңірлерде тұрақ­ты­лықты сақтауға бағытталған. Оны ратификациялау өңірлік сау­да-экономикалық байланыс­тарды дамытуға қосымша серпін береді.

Мәжіліс цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды рет­теу мәселелері жөніндегі депутат­тық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс депутаты, жұмыс то­бы­ның жетекшісі Екатерина Смыш­ляеваның айтуынша, түзе­тулер шеңберінде автомектеп­тер­дің қызметіне мемлекеттік бақы­лау­ды күшейту, жедел жәрдем көлік­теріне және жолаушылар автобустарына құқықбұзушы­лық­тарды тіркейтін құрылғылар қою ұсы­ны­лады. Бұдан бөлек, электр­омобильдерге жасыл нөмірлік бел­гілер орнатылады, ал электро­велосипедтер мопедтермен қатар есепке алынуға тиіс болады.

Екінші оқылымда телеком­муникациялар нарығын және де­рек­терді өңдеу орталықтарын дамы­ту мәселелері туралы заң да қабылданды. Құжат байланыс ин­фра­құрылымын дамытуға, перс­пек­тивалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты сапалы ұялы байланыс қызметтерімен, соның ішінде жыл­дамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәжіліс депутаты, жұмыс то­бы­ның жетекшісі Руслан Қожас­баевтың дерегі бойынша, түзетулер аясында байланыс қондыр­ғылар­ын, оның ішінде антенна-бағана қон­дырығылары мен ортақ пайда­лану тіректері үшін жер учаскелерін беру тәртібі жеңілдейді. 

Депутаттар бастамашы болған машина жасау мен көлікті дамыту мәселелеріне қатысты түзетулер де екінші оқылымнан өтті. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетек­шісі Мұқаш Ескендіров заң шең­берінде мемлекеттік қолдау көрсе­ті­летін өнеркәсіптік кластерлер инс­­титуты, сондай-ақ ішкі сұран­ысты қамтамасыз ететін өндірістік қуат болған жағдайда жаңа жоба­ларға мемлекеттік ынталандыру шара­ларын көрсетуге жол бермеуге бағыт талған өндірістік қуаттар тең­гері­мін бағалау тетігі енгізі­летінін айтты.

Депутаттар әзірлеген жануар­лар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәселелері туралы заң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерімен екінші оқыл­ымда қабылданды. Құжатты Мә­жіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин таныс­тырды. Мәселен, туризм саласын­дағы инвестиция көлемі кемінде 2 млн айлық есептік көрсеткішті құрайтын жобалар экологиялық туризмнің ұлттық стандарттарына сәйкес келген кезде туризм сала­сындағы инвестициялық жоба­ларды іске асыру үшін шаруашы­лық қызметтің шектеулі режимін белгілей отырып, ерекше қорға­латын табиғи аумақ жерлері босал­қы жерлерге ауыстырылуы мүмкін. Жеке және заңды тұлғалар орман­д­ы күзету, қорғау және өсімін мол­айту бойынша міндеттемелерді қабылдай отырып, сүректі терең өңдеу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру, сондай-ақ үлкен орман өр­ті­нің салдарын жою үшін ұзақ­мерзімді орманды пайдалану мүм­кіндігін алады.

Бұған қоса, Президент тапсыр­масын орындау аясында депутаттар жануарларға қатыгездік танытуға қа­тысты жауапкершілікті қатаң­датуды ұсынды. Осыған байлан­ысты жануарларға қасақана зиян келтіргені, жарақаттағаны немесе өлтіргені үшін іс-әрекеттің ауыр­лық дәрежесіне қарай әкімшілік айыппұл әлденеше есе ұлғайды. Қайталанған немесе ауыр іс-әрекет тіркелген жағдайдағы қылмыстық жауапкершілік те күшейеді. 

Сондай-ақ екінші оқылымда «Кре­диттік рейтинг қызметі тура­лы» депутаттық заң ілеспе түзету­лерімен қабылданды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетек­шісі  Татьяна Савельева айтқандай, құжат шеңберінде рейтингтік қыз­меттің негізгі қағидаттары, соның іш­інде ашықтыққа, рейтингтердің сапасына қойылатын талаптар, мүд­делер қақтығысының алдын алу және ақпараттың құпиялылығы белгіленеді. Сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметі­не, олардың капиталына, бағалау әдіснамаларына және халық­ара­лық және шетелдік рейтингтік агент­тіктерді тану тәртібіне қойы­л­атын талаптар айқындалады.

Бұдан бөлек, Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті елшілік­тердің, сондай-ақ екі елдің Тө­тенше және өкілетті елшілері ре­зи­денцияларының мұқ­таж­дық­тары үшін Астана және Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайда­ла­нуға беру туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс соңында депут­аттар мемлекеттік органдарға өзек­ті әлеуметтік және эконо­ми­калық та­қыр­ыптар бойынша 14 депутат­тық сауал жолдады. Олар­дың бар­лығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-кана­лын­да жария­ланды.

М.ТӨЛЕУ