Осы күн 60-тан астам елде, соның ішінде Қазақстанда да кең көлемде тойланады. Мереке барысында түрлі концерттер, фестивальдер, қайырымдылық акциялары мен балаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мереке алғаш рет 1949 жылы Женевада өткен Әйелдердің халықаралық-демократиялық федерациясының сессиясында ұсынылған болатын. Ал 1950 жылдан бастап 1 маусым ресми түрде Балаларды қорғау күні ретінде бекітіліп, жыл сайын тойланып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмірі, денсаулығы, білім алуы мен құқықтарын қорғау қажеттігіне әлем елдерінің назарын аудару.
Ұлттық деңгейде бала құқығы Конституциямен, «ҚР бала құқықтары туралы» заңмен, сондай-ақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен, «Білім туралы» және басқа да нормативтік актілермен қорғалады. Еліміз Конституциясында отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екендігі нақты белгіленген. Сонымен қатар мемлекет балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік береді.
Алматы қаласы мәслихат депутаты Диана Ерланның айтуынша, бұл қағидаттар еліміздегі балаларды қорғау саласындағы барлық заңнаманың негізін құрайды.
– Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» бағдарламасына қол қойды. Бағдарлама балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге, профилактикалық жұмысты дамытуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Осы мемлекеттік саясат аясында Алматы қаласында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау орталығы мен Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істеп, балалар мен отбасыларға кешенді көмек көрсетуде. Бұл қабылданып жатқан шешімдердің нақты нәтижеге айналып, балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің институционалдық тұрғыдан нығайып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан отбасын, ананы, әкені және баланы қорғау қағидаттарын конституциялық деңгейде одан әрі нығайту балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және балалар мен отбасыларды қолдау шараларын күшейтуге қосымша негіз болады деп есептеймін, – деді ол.
Сонымен қатар еліміз 1994 жылы БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясына (БҚК) қол қойды және әрбір баланың тең құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттемелерді мойнына алды. 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды, ал 2022 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Қазақстанның әрбір өңірінде тағайындалды. 2023 жылы Қазақстанда Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдердің көлемі артып, мерзімі ұзарды.
2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды, оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық баланың есепшотына аударылып отырады. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасқа толған кезде оқуға немесе баспана алуға жұмсауына болады. Осы жылы күшіне енген «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы заң аясында балалар тарапына жасалған қатыгездіктің кез келген түріне жауапкершілік күшейтіліп, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік сынды арнайы нормаларды қамтыды. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен 2023-2024 жылдары балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданып, бағдарламалар мен заңдар әзірленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалар саясатын жүйелі дамытуға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
– Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан – балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазақстанда 2025 жылғы статистика бойынша 7 миллионға жуық бала бар, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар санының 1,5 миллионға артуы балаларды қолдау жүйесін одан әрі нығайтуды талап етеді. Сала мамандарының пікірінше, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 2030 жылға дейінгі кезеңде негізгі мемлекеттік шараларды бірыңғай басқарылатын жүйеге біріктіре отырып, ведомствоаралық жауапкершілік пен бүкіл ел бойынша бірыңғай тәсілдерге сүйенетін балалық шақты қорғаудың жаңа архитектурасын қалыптастыру өзекті болып отыр. Сонымен қатар тұжырымдамаға сәйкес қауіпсіздікке, білімге, денсаулыққа, отбасына және әлеуметтік қорғауға деген базалық құқықтар негізінде бақылауды, ашықтықты және нақты нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету көзделген. Алғаш рет баланың өмірлік жолын цифрлық сүйемелдеу тетігі енгізіліп, онлайн қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, инклюзивті орта мен өңірлердегі қолжетімді балалар инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Сондай-ақ медициналық және оңалту ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланып отыр. Әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдері қайта қаралып, оның атаулылығы мен тиімділігіне баса назар аударылды, оның ішінде балалар үшін тегін жол жүруді кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған. Балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу тетіктері де айтарлықтай жаңғыртылып, бірыңғай стандарттар, кейсменеджмент жүйесі енгізіледі, психологиялық көмектің рөлі күшейтіледі және баланы жеке сүйемелдеу тетіктері, оның ішінде қылмыстық процесс барысында да қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі барлық мемлекеттік балабақша, мектептер мен колледждерді заманауи бейнебақылау жүйелері және бақылау құрылғыларымен жабдықтау бойынша жұмыстарды толық жауапкершілігіне алып, жүйелі жұмыстар атқарды. Сонымен қатар буллингке қарсы KiVa финдік бағдарламасы және «ДОСБОЛLiKe» буллингке қарсы пилоттық жоба ұйымдастырылып, былтырдан бастап жоба еліміздің барлық мектеп пен колледждеріне енгізілді. 2024 жылдан бастап білім беру ұйымдарында оқушылардан QR-кодтар арқылы мәтіндік өтініштер жүйесі енгізілді. Бұл жасөспірімдерге жасырын түрде қолдау сұрауға мүмкіндік берсе, 24/7 режимінде жұмыс істейтін 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы балаларды зорлық-зомбылықтан арашалауға арналған тиімді тәсіл ретінде бағаланып отыр. 2024 жылы балалар үйлеріне балама ұсынатын кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілді. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде, балалар үйінде тәрбиеленетін балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге (9 мыңнан 4 мыңға дейін) қысқарған.
– Ең алдымен, баланың қауіпсіздігі мен оның мүддесін басты орынға қою қажет. Кез келген жағдайда баланың құқықтары мен психологиялық жағдайы бірінші кезекте ескерілуге тиіс. Буллинг, зорлық-зомбылық, суицидтік мінез-құлық немесе басқа да қауіп факторлары жеке-жеке қарастырылатын мәселелер емес. Олар өзара байланысты және кешенді тәсілді талап етеді. Сондықтан тек салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алу жұмыстарына басымдық беру маңызды. Бұл бағытта отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары бірлесе жұмыс істеуі қажет. Тек осындай жүйелі әрі үйлестірілген тәсіл арқылы балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – дейді Диана Ерлан.
Қазіргі тез дамып жатқан ақпараттық технологиялар дәуірінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелердің бірі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл – барлық ата-ананың, педагогтардың, мемлекеттік органдардың және балалардың өздерінің қатысуын талап ететін кешенді міндет.
«Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» зерттеу нәтижелері бойынша, елімізде әлеуметтік желілерге қосылуға 13 жастан асқан балаларға рұқсат етілгеніне қарамастан, 9-10 жастағы балалардың 60%-ында және 11-12 жастағы балалардың 66%-ында өз аккаунттары бар. Бұл балалардың цифрлық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіруді жалғастыру, сондай-ақ балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, балалардың интернетті қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етудегі ата-аналардың рөлін арттыру қажет және ата-аналарды ата-ана бақылауы сияқты қолданбаларға қосу үшін кең ауқымды науқан жүргізу қажеттілігін тудырады.
Сарапшылардың айтуынша, цифрлық орта дамыған сайын ғаламтордағы қауіп те артып келеді. Әсіресе ғаламтор мен әлеуметтік желіні әлдеқайда ерте қолдана бастауының салдарынан балалар зиянды контентке, цифрлық тәуелділікке және алгоритмдердің ықпалына жиі ұшырайды. Сондықтан мәселені тек тыйым салу тұрғысынан қарастырмай, жас буын үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажет. Сондай-ақ ойын-сауық пен білім беру контентін ажыратып, цифрлық сауаттылықты жетілдіру маңызды.
Бұл бағытта Диана Ерланның пікірінше, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органның, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда тиімді бағыт саналады.
– Алматы қаласының мектептеріндегі профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, буллингтің, зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтардың және суицидтік тәуекелдердің алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл дамып келеді. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органның, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Әрине алда атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Дегенмен бүгінде Алматыда балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесі қалыптасып келеді және бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады, – деді ол. Бақытты балалық шақ тек ата-ананың қамқорлығымен ғана емес, сонымен қатар баланың қоршаған ортасымен де байланысты. Бала махаббатты, мейірімділікті және кішіпейілділікті сезініп өсуі керек.
P.S.
«... Үлкен болсам, дейтұғын» арман жетегіндегі әрбір баланың жүзіндегі кіршіксіз күлкі – бақытты болашақтың бастауы десек болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
