Іс-шараның мақсаты – зейнет жасындағы және халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын, сондай-ақ карантиндегі медициналық мекемелерді қосымша жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету. Акцияға 200-ден астам отандық жеңіл өнеркәсіп саласының өкілі атсалысты. «Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша «ALTYN OIMAQ» ұлттық байқауы Қазақстандағы жүздеген дизайнердің басын біріктіреді. Ниетіміз ел басына түскен қазіргі қиын кезеңде өз үлесімізді қосып, індетті жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға көмектесу. Акция еліміздің үш қаласында – Ақтөбе мен Көкшетау, Таразда басталды», – деді «Тұрақты даму және əйелдер кəсіпкерлігін қолдау қоры» қоғамдық қорының басшысы Динара Аллаберген. Ақтөбе қаласында эстафетаны «ПО Глобал-спецодежда». фабрикасы бастады. Компания өз өндірісіндегі медициналық бетперделерді таратты.Акция аясында Ақтөбеде 500 дана медициналық бас киім, 500 дана медициналық бетперде, 150 дана қорғаныс комбинезоны, 200 дана қорғаныс көзілдірігі, 100 дана медициналық халат, сондай-ақ 1 500 000 теңгеге кір сабындар мен орамалдар сатып алынып, таратылды. Таразда 200-ден аса медициналық бетперде балалар үйіне, қарттар үйіне және вокзал жұмысшыларына таратылды. Әрі қарай бұл шара Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасын табады. Көкшетау қаласында 300-ден астам медициналық бетперде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына, сондай-ақ медициналық мекемелер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тарату мақсатында жергілікті әкімдікке тапсырылды. Аталмыш шара еліміздің Қазақстан Республикасы Іскер әйелдер кеңесінің өңірлік өкілдіктерінің мұрындық болуымен қолға алынды. Акция ұйымдастырушылары: «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі, «Тұрақты даму және əйелдер кəсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ, Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша «ALTYN OIMAQ» жобасы.