TikTok төңірегіндегі дау қайта өршіді. Сенат мүшесі TikTok-тың АҚШ-тағы жаңа бірлескен кәсіпорны мен Oracle компаниясынан ұлттық қауіпсіздікке қатысты толық түсініктеме талап етті.
Сенатор ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаулы
TikTok-ты бақылаушы инвесторлар қатарында Oracle, Silver Lake және Біріккен Араб Әмірліктерінің MGX компаниясы бар. Иллюстрация livenewschat.eu сайтынан алдынды
133
оқылды

Aikyn.kz танымал әлеуметтік желінің алгоритмдері ұлттық қауіпсіздікке қаншалықты ықпал ететінін Quartz материалына сүйеніп түсіндіреді.

Сенатордың негізгі сұрағы – бұл келісім шынымен америкалық қолданушылардың деректерін қорғай ма және TikTok контентіне Қытай тарапынан ықпал ету қаупі жойылды ма? TikTok-тың АҚШ-тағы қызметін сақтау үшін 2026 жылдың қаңтарында жаңа бірлескен кәсіпорын құрылған. Оның бақылаушы инвесторлары қатарында Oracle, Silver Lake және Біріккен Араб Әмірліктері қолдайтын MGX инвестициялық компаниясы бар. ByteDance (TikTok-тың қытайлық бас компаниясы) жаңа құрылымда 19,9% үлесін сақтап қалған. Бұл жайт америкалық саясаткерлердің күдігін тағы күшейтіп отыр.

Сенатор Эд Маркидің (Ed Markey) айтуынша, бұл келісім 2024 жылы қабылданған заңның негізгі мақсатына толық сай келмеуі мүмкін. Ол заң TikTok-тың америкалық бөлімшесін ByteDance ықпалынан ажыратуды көздеген еді. Марки өз хатында: «Конгресс пен америка халқы бұл келісім TikTok контентіне Қытай ықпалынан қалай қорғайтынын түсінуі керек», – деп жазды. 

Марки TikTok USDS пен Oracle-дан 18 маусымға дейін негізгі құжаттарды беруді сұрады. Оның ішінде Oracle мен TikTok USDS арасындағы келісімдер, TikTok USDS пен ByteDance арасындағы алгоритмді лицензиялау шарттары. Сондай-ақ ByteDance кодын қалай тексеретіні және алгоритмді америкалық аудиторияға қалай бейімдейтіні туралы түсініктемені де сенатор сұратқан.Келісім бойынша TikTok америкалық қолданушылардың деректерін Oracle-дың АҚШ-тағы бұлттық жүйесінде сақтауға міндеттеме алған. Бұдан бөлек, алгоритмді АҚШ деректері негізінде қайта оқытуға және контент модерациясын жергілікті деңгейде жүргізуге уәде берген. Бірақ Эд Марки бұл кепілдіктер жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, бастапқы кодты тексеру алгоритмдік манипуляцияны толық анықтай ала ма деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

TikTok-ты АҚШ-та 200 миллионнан астам адам қолданады. Сондықтан бұл мәселе тек бір әлеуметтік желінің тағдыры емес, деректер қауіпсіздігі, алгоритм ашықтығы және шетелдік ықпал мәселесі ретінде қарастырылып отыр.

Бұл дау технологиялық платформалардың болашағында басты мәселе дерекке кім иелік етеді және алгоритмді кім басқарады деген сұрақ болатынын тағы бір рет көрсетті.