BBC Science Focus ақпаратына сүйенген Aikyn.kz адам ағзасындағы ең үлкен органның қандай екенін түсіндіреді.
Соңғы жылдары ғалымдар бұрын елеусіз қалып келген интерстицийді адам денесіндегі ең ірі орган ретінде қарастыра бастады. Интерстиций туралы ғылым әлемі небәрі соңғы он жылда ғана белсенді түрде айта бастады. Ол – жасушалар мен тіндердің арасын байланыстыратын, сұйықтыққа толы өзара жалғасқан арналар жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл ағзадағы «кеңістіктер арасындағы кеңістік».
Ұзақ уақыт бойы бұл құрылым жасушалар арасындағы сұйықтық ретінде ғана қабылданып келді. Бірақ 2018 жылы жарияланған зерттеу биологтардың көзқарасын өзгертті. Ғалымдар конфокальды лазерлік эндомикроскопия деп аталатын жаңа бейнелеу технологиясын пайдаланып, адам ағзасын нақты уақыт режимінде зерттеген. Нәтижесінде, олар бұрын байқалмаған ашық әрі өзара байланысқан арналар желісін анықтаған.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл құрылым өкпе, тері және ас қорыту жүйесі сияқты көптеген мүшелерде кездеседі. Бұрын биопсия кезінде тіндердегі сұйықтық ағып кететіндіктен, интерстицийдің шынайы құрылымы көрінбей келген. Ғалымдардың болжамынша, интерстиций бірнеше маңызды қызмет атқарады. Біріншіден, ол ағзадағы тіндерді механикалық зақымданудан қорғайтын табиғи амортизатор қызметін атқаруы мүмкін. Екіншіден, оттегі, қоректік заттар және зат алмасу қалдықтарының тасымалдануына қатысады. Үшіншіден, лимфа жүйесімен байланысып, иммундық жауапқа әсер етуі ықтимал.Алайда барлық ғалымдар интерстицийді жеке орган ретінде мойындай бермейді. Кейбір мамандар бұл бұрыннан белгілі болған тінаралық сұйықтық жүйесінің жаңаша сипаттамасы ғана деп есептейді. Сондықтан оның ресми түрде «адам ағзасының ең үлкен органы» мәртебесін алуы әзірге даулы мәселе болып қалып отыр.
Дегенмен бір нәрсе анық. Интерстицийдің ашылуы адам анатомиясы туралы түсінігіміздің әлі де толық еместігін көрсетеді. Ғасырлар бойы зерттеліп келген адам ағзасының өзінде ғылым үшін жаңа жаңалықтардың әлі де көп екені байқалады.
