Климаттың өзгеруімен күресті саясаткерлер «әділетті энергетикалық ауысу» деп түсіндіреді. Бірақ Эфиопия, Пәкістанның тәжірибесі дамушы мемлекеттер үшін декарбонизацияның негізгі қозғаушы күші экология емес, экономикалық қажеттілік екенін көрсетті.
Эфиопия мен Пәкістанда жасыл энергияға көшу энергетикалық қауіпсіздікке байланысты жүзеге асырылуда
Эфиопия мен Пәкістанда жасыл энергияға көшу энергетикалық қауіпсіздікке байланысты жүзеге асырылуда. Фото jakson.com сайтынан алынды
144
оқылды

Project Syndicate хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жасыл энергияға көшудің экологиялық саясат емес, экономикаға көбірек тәуелді екенін бағалайды.

Жасыл энергетиканы көмір, мұнай және газдан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшу деп түсінеміз. Бірақ көптеген дамушы мемлекеттер үшін жасыл энергияға көшу экологиялық емес, экономикалық себептермен байланысты болып отыр.

Эфиопия, Пәкістан және Оңтүстік Африка елдерінде жаңартылатын энергияға көшу климаттық мақсаттардан бұрын экономикалық тиімділік пен энергетикалық қауіпсіздікке байланысты жүзеге асырылуда. Мысалы, Эфиопия 2024 жылы бензин және дизельмен жүретін көліктер импортына тыйым салды.

Бұл шешім климаттық саясат емес, елдің жыл сайын 5 млрд доллардан асатын мұнай импортына тәуелділігін азайту құралы ретінде ұсынылды. Бұл елде 2025 жылы алып гидроэлектр стансасы іске қосылғаннан кейін электр энергиясы арзан әрі қолжетімді бола бастаған. Соның нәтижесінде қытайлық BYD электр көліктері нарықты тез жаулап алды.

Пәкістандағы жағдай да осыған ұқсас. 2022 жылғы жойқын су тасқыны ел экономикасына 30 млрд доллардан астам шығын келтірді. Энергия бағасының өсуі халық пен бизнесті балама көздер іздеуге мәжбүрледі.

Дәл осы уақытта Қытайда күн панельдерінің артық өндірісі пайда болып, бағалар күрт төмендейді. Осыны пайдаланған Пәкістан күн энергетикасын жаппай енгізе бастайды. Төрт жыл ішінде елдегі күн энергиясының үлесі 5 есе артты.

Ал Оңтүстік Африкада электр қуатының жиі өшуі мен тарифтердің көтерілуі тұрғындарды өз үйлеріне күн панельдерін орнатуға мәжбүрлеген. Бір жылдың ішінде шатырларға орнатылған күн панельдерінің қуаты 350%-ға өскен. Мұнда да негізгі себеп экология емес, қолжетімді энергияға деген сұраныс болды.Осы мысалдар көрсеткендей, адамдар экология үшін емес, өмір сүру сапасын жақсарту үшін арзан энергия көздерін таңдайды. Егер жаңартылатын энергия арзан болса, электр қуаты тұрақты болса және халықтың шығынын азайтса, онда энергетикалық ауысу әлдеқайда жылдам жүреді.

Сондықтан саясаткерлер моральдық ұрандарға емес, нақты экономикалық ынталандыруларға көбірек көңіл бөлуі керек. Электр желілерін жаңғырту мен халыққа қолжетімді қаржыландыру тетіктерін жасау экологиялық насихаттан әлдеқайда тиімді нәтиже береді.

Эфиопия, Пәкістан және Оңтүстік Африка тәжірибесі бір маңызды сабақ береді. Климаттық саясаттың табысты болуы үшін ол адамдардың күнделікті экономикалық мүддесімен ұштасуы керек. Таза энергияға көшу көбіне экологиялық міндет емес, экономикалық мүмкіндік ретінде қабылданғанда ғана жаппай сипат алады.