Жасанды интеллектіні дұрыс пайдаланбаса, адам дайын жауапқа тәуелді болып қалады. Бұл жерде басты сұрақ – ЖИ-ден бас тарту емес, оны миға зиян келтірмейтіндей қолдану.
ЖИ адамның миын ботқаға айналдырып жібереді
Идеяны ЖИ-ден алдым деп ойлау адамның шығармашылық қабілетін жояды. Иллюстрация naturedoc.com сайтынан алынды
160
оқылды

Aikyn.kz сарапшылардың ЖИ құралдарын қолдануға байланысты кеңестерін BBC Science Focus материалына сүйеніп талдайды.

BBC Future материалында сарапшылар бірнеше маңызды кеңес береді. Біріншісі – ЖИ жауабына бірден сенбеу. Сіз көшеде кездейсоқ кездескен адамның сөзіне күмәнмен қарайсыз ғой. Дәл сол сияқты чат-боттың жауабын да қабылдауыңыз керек. Әсіресе, мәселені немесе тақырыпты өзіңіз жақсы білмесеңіз, ЖИ қателігін байқау қиындайды. Сондықтан алдымен өз түсінігіңізді қалыптастырып, кейін ЖИ-ді сол ойды тексеру үшін қолданған дұрыс.

Екінші кеңес – зерттеу процесін тым жеңілдетпеу. ЖИ ақпаратты тез тауып береді, бірақ жылдамдық әрдайым пайдалы емес. Адам бір нәрсені есте сақтау үшін оған күш жұмсауы керек. Оған қолмен жазу, конспект жасау, сұрақ құрастыру, өзін-өзі тексеру кіреді. Бұның бәрі миды жұмыс істеткізеді. ЖИ-ден жай ғана жауап сұраудың орнына, одан нақтылау мен түсіндіруді сұрау керек.

Үшінші маңызды ой – бос парақтан қорықпау. Көп адам мақала, эссе немесе идея керек болғанда бірден ЖИ-ге жүгінеді. Бірақ шығармашылық дәл алғашқы қиын сәтте дамиды. Адам өз ойларын, тіпті әлсіз немесе толық емес болса да, алдымен өзі жазып көруі керек. Содан кейін ғана ЖИ-ді мәтінді жақсарту, кемшілігін табу немесе құрылымдау үшін қолдануға болады.

Адам миы күтпеген байланыстар жасау арқылы дамиды. ЖИ көп жағдайда орташа, болжамды жауап ұсынады. Сондықтан барлық идеяны ЖИ-ден алдым деп ойлау адамның шығармашылық қабілетін жояды. Ал болашақта дәл осы ерекше, жеке, тосын ойлар адамның басты артықшылығына айналуы ықтимал.

Бірақ адам мынаны ұдайы есте сақтауы қажет. ЖИ жаңа идеяны өзі ойлап таппайды және ғылыми жаңалықты өздігінен ашпайды. Ол адамның берген тапсырмасы мен болжамына сүйеніп, өзіндегі зор есептеуіш қуат арқылы ықтимал нұсқаларды жылдам тауып береді. Сондықтан ЖИ жаңалық ашқандай көрінеді.Төртінші кеңес – зейінді сақтау. Ұзақ мәтінді бірден ЖИ-ге қысқартуға беру оңай. Бірақ күрделі мәтінді оқу, түсінуге тырысу, жалығуға шыдау – терең ойлаудың бөлігі. Қиындық сезімі мидың жұмыс істеп жатқанын білдіреді.

ЖИ-ді пайдалы қолданудың қарапайым формуласы бар. Ол мынадай: алдымен өзің ойлан, кейін ЖИ-ден көмек сұра. Алдымен өз нұсқаңды жаз, кейін ЖИ-дің көмегімен оны жақсартуға болады. Алдымен өзің түсінуге тырыс, кейін нақтылауды, түсіндіруді сұра.

ЖИ – қауіпті жау емес, бірақ оны ойлаудың орнына қою қауіпті. Егер адам өз миын бақылауда ұстаса, ЖИ оны әлсіретпей, керісінше күшейте алады.