Алматыдағы әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апатына қатысты жәбірленуші тарап күдікті Александр Пакпен татуласқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға салдарынан көз жұмған жүргізуші Еламан Тілемісовтің туыстары соттан күдіктіге бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрап отыр.
Марқұмның жақындарының айтуынша, Александр Пак өз кінәсін толық мойындап, болған жағдайға байланысты шынайы өкініш білдірген. Сондай-ақ ол марқұмның туыстарынан кешірім сұраған.
Туыстарының сөзінше, күдікті материалдық шығын мен моральдық өтемақыны толық өтеген. Бұл ақпаратты жәбірленуші тарап та растады.
«Бізде Александр Пакқа қатысты материалдық та, моральдық та ешқандай шағым жоқ. Болашақта да болмайды. Татуласу ешқандай қысымсыз, өз еркімізбен болды. Оның құқықтық салдары бізге толық түсіндірілді», – деді марқұмның туысы.
Жәбірленуші тарап Еламан Тілемісовтің өліміне байланысты Александр Пакты толық кешіргендерін айтып, оған қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады.
«Біздің ойымызша, оған шартты жаза тағайындау жеткілікті. Қазір де, болашақта да оған ешқандай талабымыз болмайды», – деп мәлімдеді марқұмның жақындары.
