Бүгінде омыртқа деформациясы мен омыртқа аурулары елімізде басты мәселенің біріне айналды. Мәселен, жыл сайын 17 мыңға жуық адам сколиозға шалдықса, оның 43%-ында бұл ауру алғаш рет анықталады екен. Өкініштісі, ауру жыл сайын жасарып келеді. Бүгінде науқастардың жалпы санының 83%-ы балалар мен жасөспірімдер болып отыр.
Омыртқа терапиясы: түрленген түсінік, өзгерген ем
120
оқылды

Жақында елордада омыртқа аурулары­ның мәселелері және емдеудің ең үздік әдістері жөнінде IV Орталық Азия CASMISS-2026 атты конференция өтті. Жиынды еліміз әрі Орта Азия мемлекеттері үшін де ауқымды маңызға ие іс-шара десек артық емес. Конференцияда Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Өзбекстан сынды медици­налық жетістігі жоғары ел мамандары бір ортада тоғысты. Биылғы іс-шарада әлемнің жетекші сарапшылары омыртқа хирургия­сының ішінде заманауи эндоскопия мен омыртқаның кіші инвазивті хирургиясының жаңа әдістеріне айрықша назар аударып, тәжірибе алмасты. Шетелдік мамандар екі күндік конференцияда спинальды хирур­гияның ең күрделі бағыттарымен қатар омыртқа хирургиясына жасанды интел­лектіні енгізу мәселесін талқылады, осыған орай арнайы көрме де өтті. Мұндағы спи­нальды хирургия дегеніміз – омыртқа бағанасы, жұлын және оның айналасындағы жүйке талшықтары ауруларын диагнос­тикалауға және хирургиялық жолмен ем­деуге бағыттанған медицаның саласы.

Негізінен, омыртқа аурулары тұтас әлем үшін де өзекті мәселе болып отыр. Қазір дүниежүзі дәрігерлері мәселені аз қимылдау, сапасыз өмір салтымен ғана байланыстырмайды, смартфон, планшет-компьютерді үзбей пайдаланудың да кері әсерін айтып отыр. Дәрігерлердің ескер­туінше, басты алға еңкейтіп ұзақ отыру омыртқаның мойын бөлігіне едәуір күш түсіріп, соның әсерінен жастар да түрлі дертке шалдығып жатыр. Мысалы, қазір жастар арасында да протрузия мен грыжа (омыртқа жарығы) жиі кездесетін болған, арқа мен мойындағы өзге де созылмалы аурулар тым ерте дами бастаған. Күрделі патологияға шалдыққан науқастардың бұдан кейін арнайы ем-домнан өту жолы да оңай емес. Ауру асқынулардан кейінгі қауіп... Ауыр оталар... Ұзақ уақытқа жалғасатын оңалту шаралары... Әсіресе, науқастардың көбі грыжа десе, бойға бір қорқыныштың ұялайтынын жасырмайды. Осы қорқыныш емді үнемі кейінге қалдыра беруге бірден-бір себеп болатын еді. 

Озық омыртқа операциясы

Шетелдік мамандар ендігі кезекте бұл қиындықтарды да жеңіл еңсеретін тиімді әдісті тапты. Не құдірет десеңіз, бұл – омыртқаны емдеудің эндоскопиялық және кіші инвазивті технологиялары. Бұл әдіс арқылы операцияның көбін денеге үлкен тілік түсірмей-ақ жасауға болады, яғни небәрі бірнеше миллиметрлік мөлшерде тесу арқылы сәтті операция жүргізу мүм­кіндігі туды. Спинальды хирургия адамзат түсінігін түбегейлі өзгертті, технология елімізде де кейінгі бірнеше онжылдықта қолданылып келеді. Кіші инвазивті хирургия тіндердің зақымдануын барынша азайтып, операциядан кейінгі оңалу уақытын жылдамдатады, тіпті пациенттің операциядан кейінгі алғашқы тәулікте-ақ аяққа тұрып кетуіне болады. Жиында еліміздің омыртқа хирургиясының өркендеуіне мол үлес қосқан, Оңтүстік Кореядан келген әлемге әйгілі спинальді хирург Кан Таек Лим де баяндама оқыды. Лим дәрігердің әдістемелері мен клиникалық зерттеулері әлемдік спи­нальды хирургиядағы ең озық тәжірибе қатарына жатады. Біз де білікті дәрігерден тиімді әдіс жөнінде ақпар алуға тырыстық. 

– Кейінгі 10 жылда командамыз эндос­копиялық хирургия саласындағы Орталық Азия мамандарын халықаралық деңгейде дайындап шықты. Эндоскопиялық хирур­гия – науқастар үшін ең жақсы омыртқа операциясы. Пациенттер омыртқа опера­циясынан кейін келесі күні үйге де шыға алады. Әдіс өзге операцияларға қарағанда, әлдеқайда тиімді, бұл операцияны анес­тезияның көмегімен, кішкентай тілік арқылы қалыпты анатомиялық құрылым­дарды зақымдамай жасауға болады. Операциядан кейін пациент келесі күні-ақ қалыпты өмірге орала алады, – дейді хирург.

Маманның айтуынша, әдіс ашық хирургиямен салыстырғанда, эндоскопиялық операция едәуір оң нәтиже береді. Бүгінде ол ең үздік хирургиялық әдістердің біріне айналып, әлемге өте тез тарап жатыр.

– Қазақстанда кейбір дәрігерлер бұл әдісті бізден үйреніп үлгерді, жаңадан бастаушы мамандар үшін де көптеген мүмкіндік бар. Кореяда омыртқа опера­цияларының көбі, нақтылап айтсақ, 78 пайыздан астамы эндоскопиялық әдіспен жасалады. Пациенттер де бұл туралы жақсы ақпараттанған. Халық эндоскоп дегеннің не екенін түсінеді, сондықтан да пациент­тердің дені осы әдісті қалайды, – дейді Лим дәрігер.

Отандық хирургияның беталысы

Отандық омыртқа хирургиясы да көштен қалмай, күн санап дамып келеді. IV Орталық Азия CASMISS-2026 конфе­ренциясының елімізде өтуі де соның бір үлгісіндей. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының Омыртқа бөлімінің басшысы Мұрат Өмірханұлы отандық мамандардың заманауи әдістердің қыр-сырын меңгеріп, білім-білігін жетілдіріп келе жатқанын айтады.

– Былтырдан бері Орта Азия елдерінде эндоскопиялық әдістерді қолдану жөнінде жобаларды қарқынды түрде жетілдіруді қолға алып, жиі іс-шара өткізіп жатырмыз. Қазір кіші инвазивті операцияларды өз елімізде жасаймыз, шетелге барудың қажеті жоқ, біз де жетекші елдермен тең дәрежеде жұмыс істей аламыз, – дейді М.Өмірханұлы.

Дәрігердің айтуынша, еліміз омыртқа ауруларына байланысты шұғыл және жоспарлы түрде өтетін көптеген операцияны жасауға жетік маманданған. Қазақ нейро­хирургтар ассоциациясы мен Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов та бұл пікірге толықтай келіседі. Оның сөзінше, қазір Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Травматология және ортопедия орталығында да жыл сайын 500 операция жасалады. Оның шамамен 30-40%-ы кіші инвазивті нейрохирургияға тиесілі.

– Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы үлкен іс-шара жүргізіп жатыр. Техноло­гияның дамуы науқастарға жеңіл жәрдем көрсетудің үлкен үлгісі болды деп есептей­мін. Себебі олардың операциядан кейінгі оңалу уақыты, жұмысқа шығу, қайта қалпына келуі жылдамырақ өтеді. Негізі, бұл технологияны қолданып келе жатқаны­мызға жиырма жылдай уақыт болды. Шетелдік әріптестермен де әрдайым бас қосып, тәжірибе алмасамыз, бұл саланың дамуына, пациенттердің тез сауығуына мүмкіндік сыйлайды, – дейді профессор.

Серік Ақшолақовтың айтуынша, ауруды ерте диагностикалау және патологияны уақытында анықтау басты орында, сонда ең кіші инвазивті терапия жүргізуге мүм­кіндік жоғары болады. Солайша, науқас­тардың реабилитациясы да әлдеқайда тез өтеді және де ерте диагностикадан өту кей жағдайларда белгілі бір неврологиялық симптомдарды да анықтауға мүмкіндік береді.

– Пациенттер мына мәселені жақсы түсінуі керек: кіші инвазивті операциялар уақытылы көмек көрсету арқылы ауыр асқынулардың алдын алады. Егер адам уақытылы медициналық көмек алмаса, қалыпты өмірде ауыр мәселелерге тап болуы, тіпті жүре алмай қалуы да мүмкін. Көбінесе дегенеративті-дистрофиялық омыртқа аурулары – омыртқааралық грыжалар, стеноздар да пайда болады. Бұрын мұндай мәселе тек қарт адамдарда болатын, қазір жастар арасында да жиі кездеседі, – дейді С.Ақшолақов.

Дәрігердің сөзінше, қазір ірі опера­цияларды да эндоскопиялық әдістер арқы­лы жасауға болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Кіші инвазивті операцияның артықшылығыда осында жатыр, жарақат пен зақымдану деңгейі азырақ болады. Бұрын ашық операциялардан соң пациентті орнынан 5-6 күн тұрғызбай жатқызатын, қазір кіші инвазивті операциядан соң қорқынышсыз қозғалуға болады.

Өзбек елімен де байланыс артты

Кейінгі кезде көршілес Өзбекстан елі де омыртқа хирургиясына айтарлықтай көңіл бөліп, эндоскопиялық операцияға көшіп жатыр. Мұнда жыл сайын осы әдіс арқылы мыңнан аса операция жасалады. Өзбекстан эндоскопиялық хирургия мектебін де құрып үлгерген, қазір елде жүзден аса хирург тиімді әдістің көмегімен операция жасауға машықтанған.

– Эндоскопиялық хирургия – омыртқа ауруларын ең заманауи, ең жоғары техно­логияға сай, ең тиімді операциялық емдеу. Жапония, Қытай, Швейцария, Швеция, Германия, АҚШ сынды меди­цинасы дамыған елдердегі шетелдік әріптестеріміздің көмегімен Өзбекстанда эндоскопиялық хирургия мектебін құрдық. Дәрігерлеріміздің бәрі шетелде оқып білім алды. Елімізде әлемнің ең озық техно­логиялық жабдықтары бар, жас мамандардың да білім алуына арнайы қаржы бөлініп жатыр, – дейді өзбекстандық хирург Шахайдар Шатурсунов.

Кейінгі екі жылда еліміз өзбек елінің мамандарымен де бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе жинап жатыр. Өзбекстандағы спинальды травматология және хирургия бойынша оқу бағдарламасына отандық дәрігерлер де қатысып жүр. Ш.Шатурсунов алда қос елдің ортақ жобалары іске аса­тынына сенімді.

– Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, Кореяның үздік мамандарымен жаңа жобаларды дамытып жатыр, себебі Корея – эндоскопиялық технологиялар бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Әсіресе, Лим профессор қазақстандық медициналық жобаларға атсалысып келеді. Оның бірегей технологиясы, жеке өндірісі мен әлемдік революцияға айналған технологиялық операциялары бар. Өзбекстан да бұл бағытта дамып келеді, – дейді дәрігер.

Роботтанған жүйеге қадам бастық

Қазір Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында бірнеше робот жұмыс істеп тұр. Оның қатарында Қытай мен Үндістаннан әкелінген роботтар да бар. Алда «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен Америка елінен де роботтанған технология әкелінбек, бұл роботтарда да ЖИ құралдары бар. Орталық мамандары былтырдан бері роботтанған жүйе арқылы операция жасауды үйреніп жатыр. Отандық дәрігерлер толықтай тәжірибе алған соң, облыстық ауруханадағы мамандарға арнап курс жүргізбек.

– Мамандарымыз Үндістанға да барып тәжірибе жинап келді, сәуір айында да шеберлік сабақтары өтті. Әріптестеріміз әлі де еңбек етіп жатыр. Роботтанған жүйенің де арнайы инженері, техник мамандары болады. Бұл күрделі, ауқымды жұмыс болғандықтан, тұтас ұжым кезең-кезеңімен меңгеруге тиіс, – дейді орталықтың басшысы Олжас Сапарғалиұлы.

Хирургияда кішкентай қателіктің өзі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін, сол себепті сала мамандары үшін жауапкершілік жүгі әрдайым ауыр. Ал роботтанған технология дәрігерге үлкен көмекші болады. Әрине, дәрігер робот жұмысын басқарады, бірақ робот қате жібермеуге әрекет етеді. Оны орталық басшысы былай түсіндіріп берді: 

– Операция алдында омыртқаға қалай имплант қоятынын, қандай әдісті қолданатынымызды – бәрін түгелдей жоспарлаймыз. Операция кезінде робот тек өз диапазонын ұстап, жоспардан ешқашан ауытқымайды. Ол тек өз жолын көрсетеді, егер басқаша орындаса, роботтың жұмысы бірден тоқтап қалады. Робот компьютерлік томографияға қарап, науқастың жағдайын түгелдей сканерден өткізеді. Сүйек кесу, буын ауыстыру, қандай операцияда да робот өз алгортмімен жұмыс істейді, – дейді О.Сапарғалиұлы. 

Травматология және ортопедия саласында жаңалық мұнымен таусылар емес. Енді облыстық өңірлерде аймақтық (региональды) травматологиялық орталық жүйесін ашу жөнінде пилоттық жоба басталды. Қазір бұл жоба Балқаш қаласында қолға алынған, себебі аймақ автома­гистральға жақын орналасқан. Аймақтық травматологиялық орталық ашу – жол-көлік оқиғалары мен басқа да жазатайым жағдай кезінде, жалпы адам өмірін сақтап қалуда шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыруды көздейтін маңызды қадам. Қарағанды, Алматы қалалары да бұл жобаға дайын. Қысқасы, бір конференция аясында қаншама қуанышқа кенеліп үлгердік, алда талай жоба, талай жоспардың жемісі халық игілігіне жарамақ.

Айсұлу СЪЕЗХАН