Financial Times дайындаған лонгрид материалдың негізінде Aikyn.kz батыс аудандарын дамыту арқылы Бейжің көрші елдерге саяси ықпалын күшейте ме деген мәселені талдайды.
Financial Times талдауынша, Си Цзиньпин билігі Қытайдың батысын елдің экономикалық әлеуетін өсіріп, орталық биліктің бақылауын күшейтуді қарастырып отыр.
Бұл саясаттың мәні жаңа қалалар салу, жол, теміржол немесе электр желілерін салуда емес. Батыс Қытай – географиялық тұрғыдан елдің ішкі шекарасы ғана емес, Орталық Азияға, Оңтүстік Азияға, Ресейге және Еуропаға шығатын стратегиялық қақпа. Сондықтан инфрақұрылым бұнда экономикалық құрал ғана емес, саяси ықпал мен ұлттық қауіпсіздік құралына айналып отыр.
Бейжіңнің жаңа стратегиясының ең ірі символы – Тибеттегі Ярлунг Цангпо өзенінде салынып жатқан әлемдегі ең үлкен гидроэлектр стансасы. Гидроэнергетикалық жобаның қуаты 60 ГВт болады. Бұл қазіргі әлемдегі ең ірі «Үш шатқал» бөгетінен 3 есе көп. Жоба жылына шамамен 300 млрд Квт-сағат электр энергиясын өндіреді деп жоспарланған (Қазақстан жылына 123 млрд Квт-сағат энергия өндіреді). Құны 178 млрд доллардан асатын жоба адамзат тарихындағы ең қымбат инфрақұрылымдық кешенге айналмақ.
Бұл саясат тек Тибетпен шектелмейді. Соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында да ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Шөл мен таулы аймақтарды кесіп өтетін мыңдаған шақырымдық автожолдар мен теміржолдар салынды. Олардың бойында ірі қалалар пайда болды. Әсіресе, Тянь-Шань таулары арқылы өтетін алып тоннельдер мен магистральдар Қытайдың шығыс және батыс өңірлерін бұрынғыдан да тығыз байланыстырды. 2025 жылы құрылысы басталған ұзындығы 22 шақырымнан асатын Тянь-Шань жеңіс тоннелі (Tianshan Shengli Tunnel) әлемдегі ең ірі автомобиль тоннельдерінің бірі саналады. Ол Үрімжі мен Қашғар арасындағы жол уақытын бірнеше сағатқа қысқартты. Қытай батыс аймақтарын тек өндіріс пен инфрақұрылым арқылы емес, туризм арқылы да өзгертуді көздеп отыр. Financial Times дерегінше, 2025 жылы Синьцзянға рекордтық 323 млн турист (!!!) келген. Бұл Бейжіңнің аймақты «қауіпсіз әрі тартымды туристік кеңістік» деп көрсеткісі келетінін білдіреді. Халықаралық қонақүй желілері де өңірге белсенді кіріп жатыр.
Accor, Hilton, IHG, Marriott және Wyndham сияқты ірі брендтердің Синьцзянда жұмыс істеп тұрған немесе салынып жатқан нысандары бар. Өңірде 115 халықаралық қонақүй жұмыс істеп тұр, тағы 74 қонақүй салыну немесе жоспарлау кезеңінде. Бұл қонақүйлердің бір бөлігі қала орталықтарында, енді бірі қысқы туризм дамып жатқан тау-шаңғы аймақтарында орналасқан.
Қытай-Еуропа теміржол дәліздерінің маңызды бөлігі дәл осы Шыңжаң арқылы өтеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалардың түпкі мақсаты аймақтық экономиканы күшейту емес. Бейжің осылайша Шыңжаң мен Тибеттегі бақылауын күшейтіп, Орталық және Оңтүстік Азияға, Еуропаға шығатын жаңа инфрақұрылымдық тірек қалыптастыруда.
Осылайша, Қытайдың болашақтағы қуаты тек Шанхай, Шэньчжэнь немесе Гуанчжоу сияқты шығыс жағалаудағы қалаларда емес, Шыңжаң, Тибет, Юньнань, Сычуань сияқты кеңістіктерде де қалыптасуда. Бұл аймақтардың дамуы Бейжіңнің саяси ықпалын кеңейту үшін де маңызды.Сарапшылар инфрақұрылымды «биліктің тамырлары» деп сипаттайды. Жолдар мен желілер адамдарды, ресурстар мен ақпаратты ғана емес, мемлекеттің бақылауын да таратады. Олардың пікірінше, Қытайдың батысты дамыту жоспары – жай аймақтық даму бағдарламасы емес. Бұл – экономиканы, ішкі қауіпсіздікті, шекаралық саясатты және геосаяси ықпалды біріктіретін ұзақмерзімді стратегия. Бейжің үшін батыс өңірлер енді артта қалған периферия емес, Қытайдың келесі үлкен стратегиялық алаңына айналды.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Тибетті дамыту бірыңғай стратегиялық жүйені құрайды. Оның мақсаты – Қытайдың батыс шекарасын экономикалық тұрғыдан жандандырып қана қоймай, мемлекеттің саяси, әскери және логистикалық ықпалын күшейту.
