Суррогат аналыққа қатысты бұрын-соңды болмаған құқықтық дау Флоридада басталды. Штаттың бас прокуроры Джеймс Утмайер суррогат аналық тәжірибесіне қарсы шығып, оны АҚШ Конституциясына қайшы және тіпті «құлдыққа ұқсас құбылыс» деп атады.
Даулы сот ісі: суррогат аналық Конституцияға қайшы
Мемлекет өз тағдырын өзі таңдай алмайтын балалардың мүддесін қорғауға міндетті. Фото fafce.org сайтынан алынды
164
оқылды

Aikyn.kz суррогат аналықтың Конституцияға қайшылығын axios.com жариялаған материалға сүйеніп талдайды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл іс тек суррогат аналыққа ғана емес, экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ), түсік жасау құқығы және репродуктивтік технологиялардың болашағына да қатысты. Даудың негізінде Францияда тұратын гомосексуал жұп пен Флорида тұрғыны арасында жасалған суррогат аналық туралы келісім жатыр. Бала дүниеге келер алдында «ерлі-зайыптылар» сотқа жүгініп, ата-аналық құқықтарды алдын ала рәсімдеуді сұраған.

Бровард округінің судьясы Марлон Вайс олардың өтінішін қанағаттандырған. Дегенмен өз шешімінде суррогат аналықтың заңдылығына күмән келтірген. Оның пікірінше, дүниеге келмеген баланың да жеке тұлға ретінде құқықтары болады және бұндай келісімшарттардың нысанына айналмауы тиіс.

Бұдан кейін іс одан әрі күрделене түскен. Бала дүниеге келгеннен кейін Флорида бас прокуроры Джеймс Утмайер процеске араласып, суррогат аналық АҚШ Конституциясының 13-түзетуіне қайшы келетінін мәлімдеген. Бұл түзету XIX ғасырда АҚШ-та құлдықты жойған негізгі құқықтық құжаттардың бірі саналады.

Утмайердің пікірінше, мемлекет өз тағдырын өзі таңдай алмайтын балалардың мүддесін қорғауға міндетті. Оның айтуынша, баланы туған ата-анасынан бөлуге бағытталған келісімдердің құқықтық және моральдық салдары бар.

Ал отбасының адвокаттары бұл істің шынайы мақсаты басқа екенін айтады. Олардың пікірінше, бас прокурор нақты осы гомосексуал жұптың «ата-ана болу» қабілетін емес, жалпы репродуктивтік технологияларға қарсы құқықтық прецедент қалыптастырғысы келеді.Бұндай мәселелер Флоридада бұрыннан талқыланып келеді. Биыл қаңтарда губернатор Рон Десантис АҚШ азаматы немесе тұрақты резидент емес адамдарға штат аумағында суррогат аналық қызметін пайдалануға тыйым салуды ұсынған болатын. Алайда заң шығарушылар бұл ұсынысты толық қолдамай, тек Қытай мен Иран сияқты «алаңдаушылық туғызатын мемлекеттердің» азаматтарына қатысты шектеулер енгізген.

Сарапшылардың пікірінше, егер сот Утмайердің ұстанымын қолдаса, бұл АҚШ-тағы суррогат аналық индустриясына үлкен соққы болады. Сонымен қатар бұндай шешім ЭКО технологиялары мен репродуктивтік құқықтарға қатысты жаңа сот дауларының басталуына жол ашуы ықтимал. Флоридадағы бұл іс АҚШ-тағы мәдени, діни және құқықтық құндылықтар арасындағы күрестің жаңа кезеңіне айналып отыр.