Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар Кеден кодексіне енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Рақымшылық жасау туралы заң қабылданды
125
оқылды

Сондай-ақ жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды екі оқылымда қабылдады. Екінші оқылымда бірқатар құжат, соның ішінде нотариустар мен психологтардың қызметін реттейтін заңдар қабылданды. Бұған қоса, балара шаруашылығы мәселелері жөніндегі түзетулер де енгізілді.

Мәжіліс «Қазақстан Республи­касының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды ілеспе түзету­лер­дің екі пакетімен бірге екі оқыл­ымда қабылдады. Құжаттарға Мем­­ле­кет басшысының тиісті тап­сырма­сын орындау мақсатымен Парламент депутаттары бастамашы болды. Заң жобасын әріптестеріне Мәжіліс депутаты, бастама автор­ларының бірі Абзал Құспан таныстырды.

– Бұл – қателік жіберген, бірақ өкініп, өз мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан көрсетілген кезекті ізгілік актісінің көрінісі. Алдағы рақымшылықтың бұған дейінгілерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізіліп отыр, – деді депутат.

Абзал Құспанның айтуынша, қылмыстық рақымшылық шеңберінде қылмыстық істерді, соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату және жазадан босату көзделіп отыр. Бұл шаралар қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ғана қолданылады. Бұдан бөлек, орташа ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімінің 1/2 бөлігін, ауыр қылмыстар үшін және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасын залалды өтеуге байланысты саралап қысқарту жоспарлануда.

Рақымшылық аса қауіпті қыл­мыстар жасаған адамдарға қолдан­ылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азап көрсету, қайталанған қылмыс (рецидив), қоғамға қаупі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер рақымшылық аясына кірмейді. Сондай-ақ өмір бойына бас бостан­дығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылық шеңбе­рінен тыс қалады. 

Бұл ретте, Абзал Құспан рақымшы­лық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өтті. Соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіз­дігіне қатер төндіретін құқықбұзушы­лықтар үшін салынған айыппұлдарға әкімшілік рақымшылық таралмайды. Оның аясына Қазақстан азаматы болып табылатын жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындау­шылары, адвокаттар мен заң консуль­танттары ілігеді.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Балабиев ілеспе түзетулерде рақымшылық жасау актісі қолданылған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату қарастырылғанын айтты. Бұл нормалар азаматтарға сот орындаушысына жүгінбестен мүліктен және банктік шоттардан шектеу шараларын алып тастауға мүмкіндік береді, сондай-ақ атқарушылық санкцияларды төлеу және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қосымша шығыстардан босатады.

Талқылау барысында депутаттар рақымшылыққа ілігуі мүмкін азамат­тардың саны, есептен шығар­ылуға жататын әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі, сондай-ақ рақымшы­лық таралатын адамдар ең көп болады деп болжанып отырған құқықбұзушылық санаттары туралы сұрады. Әкімшілік айыппұлдарды есептен шығару тәртібі, соның ішінде аза­маттарды олардың күшін жою туралы хабардар ету тетігі, сот орындау­шыларының шығындарын өтеу көздері туралы мәселелер көтерілді. Сонымен қатар ауыр дене жарақатына соқтырған жол-көлік оқиғаларын аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу туралы ұсыныстар айтылды.

Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ликасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат ұлт­тық заңнаманы Еуразиялық эко­номикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартына енгізілетін түзету­лерге сәйкес келтіруге бағытталған. Заң жобасын депутаттарға Ұлттық эко­номика министрінің міндетін ат­қарушы Азамат Әмрин таныстырды.

Түзетулер аясында электрондық сауда тауарларын жеке санатқа бөлу ұсынылып отыр. Сонымен қатар электрондық сауда операторларының қызметіне құқықтық база жасалады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбановтың айтуын­ша, олардың функцияларына жеке тұлғалардың интернет алаңдарда жеке тұлғалардың тауар сатып алу операциясының логистикасын кешенді түрде қамтамасыз ету, сон­дай-ақ электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау және сақтау мәселелері бойынша интернет алаңдармен және кеден органдарымен өзара іс-әрекетті жүзеге асыру кіреді.

Осылайша, қабылданған заңның арқасында халық үшін кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымы қалыптасады. Трансшек­аралық электрондық сауда саласы ретке келіп, нарықтың ашықтығы артады.

Заң жобасының ережелерімен танысқаннан кейін депутаттар баяндамашы мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірқатар сұрақ қойды. Атап айтқанда, тауарды қайтару тәртібіне, электрондық сауда операторының сатушы мен сатып алушы арасындағы делдал ретіндегі жауапкершілігіне, төленген кедендік баж сомасын қайтару мүмкіндігіне назар аударды. Бұдан бөлек, депутаттар электрондық сауда операторларының ақпараттық жүйелерінің қорғалу деңгейіне және мүмкіндігі шектеулі жандардың электрондық коммерция саласына толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасауға қатысты мәселелерді көтерді.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутат­тары бастамашы болған асыл тұқымды мал шаруашылығы және балара шаруа­шылығы мәселелері жөніндегі заң да қабылдады. Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Ислам Сұңқардың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар балара шаруашы­лығының тұрақты дамуына жағдай жасауға, аралардың генетикалық қорын сақтауға, ара шаруа­шылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ селекциялық асылдандыру жұмысын жетілдіруге бағытталған. 

– Омарталар мен олардың жай-күйін жүйелі есепке алу, емдеу-про­филактикалық шараларды уақытылы жүргізу, ара ауруларының таралуын болдырмау мақсатымен «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізіледі. Ара өсірушілер арасында дау-дамай туындамауы үшін және бал жинау қорын тиімді пайдалану мақсатымен заң жобасында тұрақты және көшпелі омарталарды бір-бірінен кемінде бес шақырым қашықта орналастыру нормасы көзделген. Баларалардың тұқымын сақтау және өнімділігін арттыру үшін оқшауланған шағы­лыстыру пункттерінің қызметіне қойыла­тын талаптар белгіленеді, – деді Ислам Сұңқар.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Еркебұлан Мәмбетовтің айтуынша, «бал» ұғымын заңнамалық түрде нақтылау арқылы ара шаруашы­лығындағы жалған өнімдер айналымын шектеуге және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған ереже­лер бекітіледі.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлігінде заң жобасында селекциялық асылдандыру жұмыстарына, сондай-ақ асыл тұқымды жануарларды бонитирлеу, индекстік бағалау қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделіп отыр. Осыған байланысты асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторларға тиісті өкілеттіктер беріледі.

Екінші оқылымда депутаттар бастамашы болған нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Түзетулер жеке нотариустар заң көмегін көрсеткен кезде азаматтардың құқы­ғын қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етуге, нотариаттық қыз­мет саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін, сондай-ақ нотариустардың жауап­кершілігін күшейтуге бағыттал­ған. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колоданың айтуынша, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицен­зияның қолданылуын тоқтата тұруға және одан айыруға негіз болатын талаптар тізбесі кеңейтіледі. Бұл ретте, дербес деректер туралы заңнаманы бұзу және электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беру фактілері сөз болып отыр.

Құжатта атқарушылық жазба берудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру нормалары да көзделген. Ол нотариаттық іс-әрекеттерді одан әрі цифрландыруды және Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің жұмысын жетілдіруді қамтиды. Бұған қоса, түзетулер өндіріп алушыларды нотариусқа борышкердің міндеттемені орындамағаны туралы жазбаша мойындауын ұсынуға міндеттейді. Басқа да нормалар көзделген.

Мәжіліс кәсіби психологиялық қызметті реттеудің бірыңғай құқықтық негізін құруға бағытталған «Психо­логиялық қызмет туралы» депутаттық заңды екінші оқылымда қабылдады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімова құжат бірқатар ережемен толықты­рылғанын, мәселен, онлайн-платфор­малар арқылы психологиялық көмек көрсету мәселелері реттеліп, осындай қызметтерді ұсынатын психологиялық қызмет субъектілеріне қойылатын тиісті талаптар айқындалғанын айтты. Бұдан бөлек, психологтың Әдеп кодексін сақтау талапы енгізілді, мамандарды психологтар тізіліміне енгізу және тізілімнен шығару тәртібі регламенттелді. Сонымен қатар адам психикасына белсенді әсер ететін зат­тарды және әдістерді қолдануға тыйым салынды.

Бұған қоса, депутаттар бастамашы болған әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер де екінші оқылымнан өтті. Оның негізгі ережелері техникалық және кәсіптік білім беру мен кәсіби біліктілік жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ көші-қон саясатын реттеуге қатысты.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобы­ның жетекшісі Айна Мысырәлімова жұмыс барысында құжатқа денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беру салаларын қам­титын түзетулер енгізілгенін айт­ты. Осылайша, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмыс тәртібі заңнамалық деңгейде айқындалады. Салымшының қалауы бойынша инвестициялық портфельдің бас­қарушысына зейнетақы жинақ­тарын басқаруға берудің нормалары қа­былданды. Мүгедектігі бар адам­дарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу, олардың орындалуын мони­торингілеу және бағалау қағи­далары айқындалды. 

Түзетулердің жеке блогы үш жасқа дейінгі денсаулығында ауытқу бар балаларды анықтау мен қолдауға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың интеграцияланған модулін енгізуге, арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялауға бағытталған.

Бұдан бөлек, Мәжіліс екінші оқылымда «Топырақты қорғау туралы» заң мен ілеспе түзетулерін қабылдады. Құжатты Мәжіліс депутаттары топырақты тиімді басқарудың, оның құнарлылығын қорғаудың, сақтаудың және арттырудың құқықтық негізін жасау мақсатында әзірледі. Ұсынылған нормаларды әріптестеріне Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов таныстырды.

Заң қабылданғаннан кейін шаруа қожалықтары жер телімдерінің шекарасы мен өлшемдерін ғана емес, сонымен қатар сапалық деректерін де көрсете отырып, төлқұжатын (паспорт) рәсімдейтін болады. Алдағы уақытта мемлекет те, шаруалар да топырақ жағдайына жүйелі түрде талдау жасап, деректерді бірыңғай базаға енгізіп отырады. Бұдан бөлек, топырақ құнарын толықтыруға тікелей байланысты ғылыми негізделген әдістер мен ұтымды технологияларды міндетті түрде қолдану қарастырылады. Бұған қоса, жердің құнарлы қабатын алу және жылжытуға байланысты нормалар күшейтіліп, ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жерлерді беру бойынша электрондық конкурстар өткізуге қатысты түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ заң жобасы Қазақ­станда тіркелмеген және тек оларды пайдалануға рұқсат етілген елдерге экспорттауға арналған пестицид өндіруге, сондай-ақ цифрлық фито­санитариялық сертификатты енгізуге қатысты нормалармен толықтырылды. 

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, қосымша қабылданған норма шеңберінде кірістердің бір бөлігі аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейіне беріледі (бюджеттің төртінші деңгейі). Оларға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы, тіркелген жері бойынша қызметтің жекелеген түрлері үшін лицензиялық алымдар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы айыппұлдар мен басқа да өндіріп алулар жатады. Мұнай секторынан түсетін түсім оған жатпайды.

Бұдан бөлек, заң аясында «Диплом­мен – ауылға!» бағдарлама­сына қатысушылардың тізімі кеңейіп, оған цифрлық технологиялар және архив ісі саласының мамандары қосылды. Басқа да түзетулер мемле­кеттік емес субъектілердің сот-сарап­тама қызметіне қатысуын жүйелеуге, мемлекеттік міндетте­мелерді орындай отырып, EPC+F құралын қолдану аясын кеңейтуге бағытталған.

Бұған қоса, екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дүйсенбай Тұрғанов атап өткендей, ұсынылып отырған түзетулердің ең маңызды нәтижесі – радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму жөніндегі жекелеген операция­ларды реттеуден радиоактивті қалдық­тармен жұмыс істеудің тұтас жүйесін кешенді реттеуге көшу.

Депутаттар атом энергиясын пайдалану объектілерінің ерекшелігін, ықтимал қауіп деңгейін, қауіпсіздік талаптарын және осы саладағы ха­лық­аралық тәсілдерді ескере отырып, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимін енгізу және оны жүзеге асыру тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекітетін түзетулер енгізді. Бұдан бөлек, «ядролық мұра объек­тілері», «Атом электр станциясының ұлттық операторы» ұғымдары енгізіліп, өзге де нормалар қарастырылған.

Сонымен қатар Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметтерінің өкіл­діктерін ашу туралы келісімді ратифи­кациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік орган­дарға өзекті әлеуметтік және эко­номикалық тақырыптар бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олар­дың барлығы Мәжілістің ресми сайт­ын­да және Telegram-каналында жарияланды.

Айна ХАСЕН