Аталған іс сотта қаралып, заңсыз медициналық қызмет көрсеткен әйелге қатысты үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы медициналық лицензиясы болмаса да өзін тәжірибелі маман ретінде таныстырып, пластикалық операция жасауға қабілетті екенін айтқан. Ол көздің төменгі қабағына түзету жүргізу үшін пациенттен 100 мың теңге алған. Бұған дейін дәл осы әйел жәбірленушіге құлақ қалқанын түзету отасын да жасаған.
Сот дерегінше, алғашқы кездесуде пациент маманнан дипломы мен сертификаттарын сұраған. Айыпталушы жоғары медициналық білімі және қажетті құжаттары бар екенін ауызша мәлімдеген.
Бірақ ауыр асқыну 2025 жылдың шілде айында жасалған екінші операциядан кейін орын алған.
Сот материалдарында көрсетілгендей, операция барысында науқаста қатты ісіну мен тоқтаусыз қан кету байқалған. Соған қарамастан пациент үйіне жіберіліп, ісіктің уақыт өте басылатыны айтылған. Алайда арада он күн өткенде әйелдің сол көзі толық көрмей қалған.
Кейін жәбірленушіге 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленген. Тергеу барысында айыпталушының медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы да, тиісті сертификаттары да болмағаны анықталды.
Сот оны кінәлі деп танып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар үш жыл мерзімге медицина саласында қызмет атқару құқығынан айырды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза мерзімін өтеу бір жылға кейінге шегерілді.
Сондай-ақ сот шешімімен жәбірленушінің моральдық шығыны мен емделуге жұмсаған қаражаты өндірілді.
Айта кетейік, соңғы жылдары пластикалық операцияларға байланысты даулы оқиғалар жиілеп келеді. Бұған дейін Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан қайтыс болса, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция кезінде көз жұмған болатын.
