Бүгінде әлем жаңа дәуірге қадам басты. Бұл жолы бәсеке заманауи технологиялар мен кодтық жүйе арқылы жүріп жатыр.
Заманауи зертхана жастарға жөн сілтемек
103
оқылды

Мұндай жаһандық үдерістен еліміздің шет қалмауы тренд емес, стратегиялық қежеттіліктен туындауда. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялап, болашаққа баянды бағдар берді. Осы үндеуге үн қосып, сара жолды жалғау мақсатында Жамбыл облысында «ЖИ инновациялар академиясы» зерханасы құрылып, өңірдің цифрлық тынысын кеңейте түсті. 

Зертхана Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында құрылып отыр. Жоба жасанды интеллект, бағдар­ламалау және заманауи цифрлық техно­логиялар бағытында білім беретін маңыз­ды инновациялық алаңға айналмақ. Ор­талық өңірдің цифрлық әлеуетін арт­тыруға серпін беріп, студенттердің жасан­ды интеллект пен IT саласындағы прак­тикалық дағдыларын жетілдіруге, озық технологияларды меңгеруіне және бола­шақ мамандықтарына бейімделуіне кең мүмкіндік тудырады. 

– Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасынан озық технология­мен жабдықталған зертхана ашылып отыр. Бұл орталық жаңа 30 жұмыс орнын құруда. Бұдан бөлек, зертхана оқытушылар мен студенттерге жасанды интеллектіні кең көлемде қолдануға мүмкіндік ашуда. Мұндай зертхананың оқу орнында ашы­луы бізге үлкен абыроймен қатар, жауап­кершілік жүктейді. Сондықтан сенім үде­сінен шығу үшін бар күшімізді саламыз, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков.

Ауқымды жоба еліміз бен Қытай мемлекетіндегі оқу орындары арасындағы ұзақ жылдардан бері қалыптасқан берік достық пен өзара ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асқан. 

– Білім беру саласында жасанды ин­теллектіні қолдану үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл студенттермен қатар, оқы­­тушыларға да цифрлық технология­ларды кеңінен пайдалануға үйретеді. Кол­ледж қабырғасына орнатылған ком­пью­терлер әлемдік озық бағдарламалармен қам­тамасыз етілген. Алдағы уақытта осы бағдарламалардың тетігін тереңірек тү­сіндіру үшін Қытай елінің оқытушыларын да тарту жоспарымызда бар. Бұл өз кезе­гін­де Жамбыл облысының ғана емес, тұтас Қа­зақстанның жасанды интеллект әле­мін­­­дегі жаңа дәуірін бастайтыны анық, – дейді Key School of Technology LTD ком­па­ния­сының бас директоры Лю Ди.

«ЖИ инновациялар академиясы» зерт­ханасының тағы бір таңғалдырар тұ­сы – студенттердің психологиялық жай-күйін анықтайтын жүйесі бар. Яғни, сту­денттердің психологиялық және эмоцио­налдық көңіл күйін жасанды интел­лект дәлдікпен бағалайды. Аталған жүйе DeepFace және MediaPipe нейрожелілері негізінде жұмыс істейді. Олар камера ар­қылы адамның мимикасын, көз қозға­лы­сын және жасырын эмоцияларын тал­дайды. Жүйе­нің басты артықшылығы – жыл­дам­дық. Студенттің стресс немесе мазасыздық деңгейін бірнеше апта емес, 1-2 минут ішінде дәлдікпен көрсетеді. Мимикадағы микро өзгерістер мен көз жұму жиілігін талдау арқылы ЖИ қатер тобындағы студенттерді ерте сатыда таба­ды. Жүйе ғаламторға қосылмаған, де­ректер тек колледж ішіндегі компьютерде сақталып, құпиялық 100 пайыз қамтама­сыз етіледі. Студент жасанды интеллектіге «бәрі дұрыс» деп жауап берсе де, жүйе жасырын стресcті, білімгердің жасырғысы келген мәселесін де анықтауға қауқарлы. Шұғыл психологиялық көмек қажет бол­ған жағдайда қажетті маманға да бағыт­тайды. Зертхана мамандары бұл студенттің оқудан шығып қалуына немесе басқа да жағдайға ұрынып қалмауының алдын алуға көмектесетіндігін айтады.

Міне, осындай зертхананың өңірден ашылуы цифрлық дәуірдегі үлкен дүмпу. Жаңа орталыққа Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің таңдалынып алынуы да тектен-тек емес. Аталған колледж рес­пуб­ликадағы үздік 10 оқу орнының қа­тарына кіреді. Бүгінде мұнда 2 518 студент білім алып жатса, олардың 1934-і дуальді оқыту жүйесімен қамтылып, колледж бен өңірдегі ірі өндіріс орындарында теория мен тәжірибені қатар меңгеруде.

Бүгінде Жамбыл облысында жасанды интеллект технологиялары қоғамдық қа­уіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқару салаларына кеңінен енгізілуде. Енді міне, оқу орны­ның базасынан студенттердің цифрлық және робототехника бағытындағы таны­мын кеңейтіп қана қоймай, білім­гер­лердің қауіпсіздігіне де жауап беретін заманауи зертхана іске қосылып отыр. Бұл Жамбыл облысын жасанды ин­тел­лект бағытында жаңа биікке шығаратыны айқын.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы