Жастарға рухани ұстаз бола білген жазушы Дидахмет Әшімханұлы қазақ әдебиетінде өзіндік үні, ерекше болмысы бар ғажайып адам еді. Ол өз шығармаларында мәңгілік тақырып Алтайын жырлап өтті.
Лиза Саяқызы, жазушының жары: Оның жаны әділетсіздікке мүлдем төзбейтін
119
оқылды

Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы қазақ руханиятының тұтас бір кезеңімен сабақтас. Жазушының жары Лиза Саяқызымен  жазушының адами болмысы, шығармашылық әлемі және артында қалған рухани мұрасы туралы сыр шерттік.

– Лиза тәте, Дидахмет Әшім­хан­ұлы – қазақ журналистерінің бір­қатарына ұстаз бола білген, аяу­лы есім. «Шерағаның шекпенінен шық­тық» дейтін секілді, біз де Дида­ғаның тәлім-тәрбиесін көріп өс­тік. Алайда Дидағаның жазушы­лық ұстаханасы, өмірі, болмыс-бітімі сізге жақсы таныс. Ең алды­мен, ол кісімен алғаш қалай тан­ыс­тыңыз? Әңгімені осыдан бастасақ.  

– Менің туған жерім – Берел ауылы. Балалық шағым сол таби­ғаты көркем өңірде өтті. Әкем өмір бойы есеп-қисап саласында еңбек етіп, бухгалтерлік қызмет атқарды. Отбасымызда алты бала тәрбие­лен­дік: үш ұл, үш қыз.

1970 жылы орталықтағы қазақ мектебін тәмамдадым. Алайда сол жылы денсаулығыма байланысты жоғары оқу орнына түсе алмадым. Кейін аудандық кітапханаға жұ­мысқа орналастым. Дидахметпен таныстығымыз да дәл сол кітапха­нада басталды. Ол кезде оның әскер қатарынан келген шағы екен.

– Сіз таныған кезде аға жазу-сызу­мен айналысып жүр ме еді?

– Дидахметпен алғаш таныс­қан кезде оның әдебиетке жақын адам екенін бірден аңғардым. Бір күні кітапханаға келіпті. Қандай кітап қажет екенін сұрап едім,  қолындағы аудандық «Еңбек туы» газетін сұрады. Қолына газеттің жаңа нөмірін ұстаттым. Газетте оның «Бір тамшы баллада» деген өлеңі жарияланыпты. Дидахмет кеткен соң, оқып көрсем, жас бол­са да ойы терең, тілі көркем, ерек­ше әсер қалдыратын дүние екен.

Біздің ауданда мәдениет үйінің жанынан көркемөнерпаздар үйір­месі жұмыс істейтін. Кешкілік жас­­тар сонда жиналып, концерт қойып, өнер көрсететінбіз. Сол үйірмеге автоклуб меңгерушісі бол­ып істейтін Дидахмет те жиі қа­тысатын. Сонда оның тек жазуға ғана емес, өнерге де жақын жан екенін байқадым. Домбыраны ке­ре­мет тартатын, әнді де нақышына келтіріп орындайтын.

1972 жылы жанымда құрбым бар,  Дидахмет үшеуміз ауылдан Алматыға бірге келдік. Оның оқуы сәл кейінірек басталатын болған соң, уақытша АДК-ға жұмысқа орна­ласты. Ал сол жылы біз Қыз­дар институтына оқуға түстік.  Ди­дах­мет ҚазМУ-дің журналистика факультетіне қабылданды. Сол кезден бастап арамыз үзілмей, жиі араласып тұрдық.

– Қай жылы отау құрдыңыздар?

– Біз 1975 жылы шаңырақ көтердік. Сол кезде екеуміз де ака­демиялық демалыс алып, Өскемен қа­ла­сында тұрдық. Дидахмет об­лыс­тық газетте қызмет етті. Жас отбасы болған соң, пәтер жалдап күн көрдік. Сол жылдың қараша айында тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Дидахметтің достары әзіл­деп: «Келіншегіңнің академиялық демалыс алғаны түсінікті, ал сен неге алдың?» – деп күліп жүретін. Бірақ оның бәрі жастық шақтың жарасымды қалжыңы еді. Сол күн­дердің өзінде Дидахмет отба­сына аса жауапкершілікпен қарап, бар уа­қытын бізге арнауға тырысатын.

Дидахмет университетте өте жақсы оқыды. Тіпті өз тобының старостасы болды. Ол кезде озат студенттерді білімін жетілдіру үшін Мәскеу не Ленинград қалаларына жіберетін дәстүр бар еді. Бір кани­кулда ауылға барып, әке-шешесіне өзін оқуға жібергелі жатқанын айтыпты. Бірақ ата-анасы бұған қарсы болып: «Алматыдағы оқуыңды әуелі аяқта. Одан да үйленіп алсаңшы» дейді. Екеуміз туралы әке-шешесі біліп жүрсе керек. 

Сөйтіп, ойламаған жерден үйлену тойымыз өтті. Тойды екі бөл­мелі шағын пәтерде жасаға­нымыз әлі күнге дейін есімде. Бар­лығы қарапайым болса да, көңілі­міз көтеріңкі, жастықтың ең ба­қыт­ты шағы еді.

Сол тойда досы Әлібек Асқаров фотоаппаратымен суретке түсір­ген. Ол кезде пленкамен түсірілген суреттерді қараңғы жерде шығару керек қой. Бірақ пленканы жарық­та ашып алғандықтан, барлық сурет күйіп кетіпті. Содан біздің үй­лену тойымыздан бірде-бір есте­лік сурет қалмады (күледі).

– Дидағаның сіз құрмет тұтқан ерекше қасиеті қандай еді?

– Дидахметтің бойындағы ең ерекше қасиеттердің бірі – өмірге деген құштарлығы мен сергектігі еді. Қимылы да ширақ, сөйлегенде де ойын іркілмей, жылдам жеткізе­тін. Қай ортаға барса да бірден баурап алатын табиғи тартым­дылығы бола­тын. Көркемөнер­паздар үйірмесінде домбыра тар­тып, ән айтқан сәттері әлі күнге дейін көз алдымда. Өнерге деген ықыласы бөлек еді. Әнді де жаны­мен айтып, домбыраны да ерекше сезіммен тартатын. Оның бойынан жастықтың жалыны мен өнерге деген шынайы сүйіспен­шілікті көретінмін.

– Дидаға Алматыға қай жылы келді? 

– Қызымыз дүниеге келгеннен кейін институттың сырттай бөлі­міне ауыстым. Дидахмет бір жыл­дай облыстық газетте еңбек етіп, кейін қайтадан ҚазМУ-дің жур­нал­истика факультетіндегі оқуын жалғастырды.

Алғашқы жылдары Алматыда пәтер жалдап тұрдық. Мен Горный гиганттағы кітапханада меңгеруші болып жұмыс істедім. Кейін қала­лық кеңеске депутат болып, қоғам­дық жұмыстарға араласа бастадым. Сол кезде Горный гиганттағы ба­рак тәріз­ді үйлерден бір бөлме бер­ілді. Ол уақытта кітапхана Ала­тау сов­хозына қарайтын. Бір бөл­мелі шағын пәтерді Дидахмет қолы­­нан келгенше ыңғайлап, рет­­теп шықты. Үйдің ішін үшке бөліп, бір қабыр­ғасына кітап сөре­сін жасап қойғаны әлі есімде. Кітап­қа деген құрметі ерекше еді ғой.

Жүрегім ауыратыны бар, үйдің іші сыз тартып тұрады. Ауа тарыл­ған кезде, жүрек жиі қысылады. Елден қонаққа келген бауырым мен келінім жағдайды көріп, «мұн­да тұруға болмайды» деп, мені Қа­тонға алып кетті. Сөйтіп, ұлым Дәулетті ауылда босандым.

Ол жылдары ақын-жазушы­ларға кезекпен пәтер берілетін. Дидахметтің де екі рет кезегі кел­генімен, жағдайы төмендеу отба­сы­ларға жаны ашып, соларға бере салыпты. Оның кеңдігі мен адамға жаны ашитыны сондай еді. Кейін уақыт өте келе өзіміз де баспаналы болдық. 1985 жылы ұлымыз Дәу­лет­ті балабақшаға беріп,  Оқушы­лар сарайына жұмысқа орналас­тым. Сол жылдың жазында Кә­дір­бек Сегізбаев аға тұрған пәтер бізге бұйырды.

Дидахмет еңбек жолын «Қаза­қстан пионері» газетінде бастады. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Одан соң «Заман-Қазақстан» газе­тінде редактор қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін «Түркістан» газетінде еңбек етіп, журналистика мен әдебиетке адал қызмет етті.

– Қаламгердің жазушылық ұста­ханасы қандай еді? Ол кісі шы­ғарманы қай кезде жазатын?

– Дидахмет табиғатты ерекше сүйетін адам еді. Қолы босай қалса, тауға шығып, табиғат аясында сер­уендегенді ұнататын. Әсіресе тау­дың тыныштығы мен саф ауасы оған шабыт беретіндей көрінетін. Шетелдерге сапарлағанды да жақ­сы көрді. Жаңа жер көріп, өзге ха­лық­тың мәдениетімен танысу оған ерекше әсер сыйлайтын.

Тыныштықты жақсы көретін. Шығарма жазып отырғанда, оны мүмкіндігінше оңаша қалдыруға тырысатынбыз. Өйткені жазу үстінде ішкі әлемімен оңаша қа­лып, бар ойын қағазға түсіретін.

Сонымен бірге әзілді өте жақ­сы көретін еді. Достарының орта­сында қалжың айтып, бәрін күл­діріп отыратын. Әңгімесі де тартым­­ды, отырыстың сәнін кіргізетін еді. 

Бірақ оның жаны әділетсіздікке мүлде төзбейтін. Көрген-білгеніне бейжай қарай алмайтын, шындық­ты айтудан тайынбайтын мінезі бар еді. Сондықтан болар, шығар­ма­ларында да адам тағдыры, қоғам­дағы әділет мәселесі жиі көрі­ніс тауып жататын.

Өмірінің соңғы жылдарында бір арманын жиі айтатын болды. Ол – ақын-жазушылардың көзі тірісінде ұстаған заттарын, қолжаз­баларын, жеке дүниелерін жинақ­тап, арнайы музей ашу еді. «Қалам­герлердің рухы сақталатын орын бол­са» деп армандайтын. Әде­биетке, руханиятқа деген құрметі сол ойынан да анық байқалатын.

– Қаламгердің ең алғашқы әңгі­месі – «Аққабаның толқыны». Бұл шығарма 1975 жылы жарық көрген екен. Аға кейін бұл туындысын «Ар­ман қанатында» кітабына да енгізді. Алғашқы шығарманың жолы қиын болады ғой. Ол кісінің шығарма­ларының тарихы туралы жиі айта­тын ба еді?

– Ол шығармаларының тарихы туралы айтпайтын. Тек бітіргеннен кейін оқытып, пікірімді  сұрайтын еді.

– Ол кісінің жастарға қамқор­лығы ерекше болды. Үнемі жанында жас ақын-жазушылар жүретін. Ди­да­ғаның өзі де ағаларының қамқор­лы­ғын көп көрген сияқты. 

– Қатон-Қарағай ауданынан бірнеше жазушы-ақын шықты. Ди­дахметтің ағаларына ұқсамай­тын өз стилі болды. Қалихан аға­мыз­ды «Қара сөздің нары» деп айту­шы еді. Ол Оралхан ағаның өзіндік ерекше жазуы барын айта­тын. Ал досы Әлібек болса, жазуды кейін бастады. Ауыл тіршілігі мен табиғатты суреттейтін, өздерінің сая­хаттары туралы көбірек жаза­тын. Дидахмет көп қаламгерлермен араласты. Елге белгілі  қаламгер аға­ларымызбен қызметтес болды. Шерағаңды жақсы көретін еді. Қал­тай Мұхамеджанов ағамен де етене жақын болды. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесін көп көрді. Сағат ағамен көрші болдық. Ол кісімен жиі кездесіп, пікір алмасатын. Ди­дағаның  көп уақыты журналис­ти­каға, газет жұмысына кетті. Бір-екі жылдай телеарнаға да шығып, «Отандастар», «Тазша бала» атты жобаларды жүргізді. 

– Ағаның көп арманы ішінде кеткен сияқты... Ол кісінің жазам деген дүниесі, ойлары қандай еді? 

– Ол туған жері – Алтайды, Шыңғыстайды үнемі сағынып жүр­етін. Ел жаққа деген аңсары бір сәт басылған емес. Үйімізге ауыл­дан ағайын-туыс, таныс адамдар үзіл­мей келіп жататын. Қонағымыз да көп болатын. Дидахмет елге жылына кемінде екі-үш рет барып қайтпаса, мазасы кетіп, «басым ауырып жүр» деп сағынышын біл­діретін. Ауылдағы ағайынның әр мәселесіне араласып, қолынан кел­генше көмектесуге тырысатын. Туыстарына қамқорлығы ерекше еді. Тіпті бауырларының көбі біз­дің қолымызда өсіп, ержетті. Оның адамға деген жанашырлығы мен туысқа деген кең пейілі отбасында да, айналасында да айқын сезіліп тұратын. Соңғы уақыттарында бас­па жағына көп көңіл бөлді, бір­ақ газет қызметін де тастамады. Сон­дықтан өзінің творчествалық жұ­мы­сы тұралап қалған секілді. Әт­тең, жазам деген дүниелері көп еді...

– Балаларыңыздың, немере­ле­рі­ңіздің бойынан ағаға тән қандай дүние байқайсыз?

– Балаларым да, немерелеріміз де қазақы тәрбие алып жатқан жайы бар. Қызымның да, ұлымның да балалары домбыра, қобыз, жеті­генде ойнай алады және кітап оқу­­д­ы жақсы көреді. Аталарын әрқ­ашан естеріне алып, шығар­маларын оқып отырады. Былтыр 75 жылдығы Қатон-Қарағайда ерекше аталып өтті. 

– Өзі ерекше жақсы көрген Қалағасы (Қалихан Ысқақ) да, өзі де туған топырақта жатыр. Ауылға жиі барасыз ба?

– Өзінің жақсы көретін еліне, жеріне жетіп, тыныш тапты ғой. Балалары, немерелерімен барып, жылда Құран бағыштаймыз. Қатон-Қарағайда балаларының, туыс, дос­тарының қолдауымен ескерткіші дәл мәдениет үйінің алдында орна­тыл­ды. Жерлестері де, қонаққа кел­ген адамдар да  мін­детті түрде ескерт­кішті көруге бұры­лады және сол жерде фотоға түседі. Жақсы адамды ұмытпай, жад­ында сақтап жүр­гендерді көр­сем, қуанып қаламын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС