Негізінен, Қызылорда облысының күріші жыл сайын мыңдаған тонналап бірқатар көршілес және шетелдерге жөнелтіледі. Бұл жайында Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы тұшымды мәлімет ұсынып отыр. Басқарманың дерегіне сәйкес, Сыр салысының сыртқы нарықтағы үлесі жыл санап артпаса, кеміген жоқ дейді. Мекеме бұл тұрғыда қандай да бір қиындық жоқ екенін алға тартады.
Басқарма ұсынған статистикаға сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуіріне облыстан 12,2 млн долларды құрайтын 25,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 19 мемлекетіне жөнелтілген. Оның ішінде күрішпен қатар, балық өнімдері, уақ мал, қамыс пен күріш қалдығы бар. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызға артық деп отыр.
«Барлық экспортталған өнімнің 93,8 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Ирак және Ауғаныстан мемлекеттеріне экспортталып отыр. Сондай-ақ облыстан Ресей, Қытай, Литва, Германия, Дания, Нидерланд мемлекеттеріне 590,1 тонна балық, Өзбекстан мемлекетіне 25,2 тонна немесе 420 бас қой мен ешкі және Нидерланд, Германия, Польша сынды мемлекеттерге 949,9 тонна қамыс және Ресейге 20 тонна күріш қалдығы экспортталды», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Алайда сала мамандары күріш шаруашылығында күрмеуі қиын мәселелер әлі бар екенін айтады. Бұл ретте Күріш өндірушілер мен өңдеушілер қауымдастығының мүшесі Сағидулла Сыздықовтың сөзінше, қазір шаруалар бірнеше қиындықтың қыспағында қалып отыр.
Негізінен, елімізде өндірілетін күріштің шамамен 40 пайызы ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етсе, қалған 60 пайызы экспортқа шығарылады деген ақпар бар. Бұл ретте қазақстандық күріш өнімінің басым бөлігі ТМД елдеріне жөнелтіледі. Оның ішінде Түрікменстан, Беларусь, Украина, Әзербайжан мемлекеттерімен қатар Моңғолия, Иран, Ирак және Түркия нарықтарында да сұранысқа ие. Бұған дейін Сыр күріші Америка нарығына дейін жеткізіліпті.
Алайда соңғы жылдары қалыптасқан геосаяси жағдай күріш нарығына да әсерін тигізбей қоймады. Ресейге қарсы халықаралық санкциялар енгізілгеннен кейін көрші елдің ауыл шаруашылығы өнімдері Қазақстан нарығына бұрынғыдан да көп көлемде келе бастаған. Оның ішінде күріштің үлесі айтарлықтай жоғары екен.
Қауымдастық мүшесінің айтуынша, Ресей күрішінің бағасы қазақстандық өнімнен әлдеқайда төмен. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, күріш өндірісіне қажетті тыңайтқыштар мен техникалардың басым бөлігі Ресейдің өзінде өндіріледі. Соның нәтижесінде өндірістік шығын азайып, өнімнің өзіндік құны төмен.
«Ресейдің күріші біздің өнімнен арзанырақ. Себебі олардың өндірістік шығындары төмен. Оның үстіне, су мәселесі біздегідей күрделі емес. Әсіресе, Краснодар өлкесі бұл бағытта үлкен артықшылыққа ие. Аталған өңірдің топырағы құнарлы, су ресурстары жеткілікті. Сондықтан олардың өндірген күріші нарыққа әлдеқайда қолжетімді бағамен шығарылады. Ал бұл жағдай қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін әлсіретіп, ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келді. Соның салдарынан біздің күріштің бағасы құлдырап барады. Шаруалардың табысы азайып, өндірістің тиімділігі төмендеп отыр», – дейді ол.
Бағаның төмендеуімен қатар, күріш егістігінің көлемі де жылдан-жылға қысқаруда. Егер бұдан бірнеше жыл бұрын облыста 90-95 мың гектарға дейін күріш егілсе, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 70 мың гектардың айналасында қалып отыр. Яғни соңғы бес жылда егіс көлемі 20-25 мың гектарға азайған.

Ал көршілес Өзбекстанда керісінше жағдай байқалады. Соңғы жылдары бұл ел күріш алқаптарын 110 мың гектардан 160 мың гектарға дейін ұлғайтқан. Дегенмен өндіріс көлемінің күрт артуы өзбек шаруалары үшін де жаңа мәселелер туындатуда. Нақты айтқанда, күріш көлемінің шамадан тыс көбеюі онда да күріш бағасының төмендеуіне әкеп соқтырып тұр.
Кейінгі жылдары елімізде туындаған қиындықтарды еңсеруде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты Қызылорда облысында егістікті әртараптандыру жұмыстары күшейтілуде. Бұл ретте өңірде жоңышқа, бидай, жүгері секілді балама дақылдардың көлемі ұлғайып келеді. Дегенмен бұл бағыттың да өзіндік қиындықтары бар.
Сағидулла Сыздықовтың пікіріне сүйенсек, Қызылорданың табиғи-климаттық жағдайы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарына бірдей қолайлы емес.
«Жаз мезгілінде Сыр аумағында ауа температурасы 45-50 градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан басқа өңірлерде жақсы нәтиже беретін дақылдардың бәрі бірдей Қызылорда топырағында жоғары өнім береді деп айту қиын. Мысалы, Қызылордада өсірілген картопты Павлодар облысының картобымен салыстыруға келмейді. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Жалпы, қазіргі жағдайда Қазақстан үшін экспорт нарықтарын кеңейту мәселесі аса маңызды. Өйткені өндірілген өнімді тиімді өткізу мүмкіндігі азайған сайын шаруалардың экономикалық жағдайы нашарлай береді», – дейді маман.
Қалай болғанда да, Сыр бойының басты брендіне айналған күріш шаруашылығы бүгінде жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп тұр. Бұл тұрғыда бағаның төмендеуі, экспорттағы кедергілер, су тапшылығы және өндіріс шығындарының артуы мәселелері тиімді шешімін таппай келеді. Сондықтан сала мамандары мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту, жаңа экспорттық бағыттарды ашу және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесін күн тәртібінен түсірмеу қажет деп есептейді.
Кейінгі жылдары күріш экспортының бұрынғыдай емес, құлдырай бастағаны күріш өсірушілерді күмілжітіп тұр. Сарапшы мамандар оның салдарын бірнеше фактордан іздейді. Әсіресе, Сыр өңірінде өндірілетін күріштің сапасы жоғары болғанымен, экспорт көлемін арттыруға халықаралық бәсекенің күшеюі бірден-бір себеп болып тұр деген түсінік қалыптасып отыр. Қазір әлемдік нарықта Үндістан, Пәкістан, Тайланд және Вьетнам елдері күріш экспорты бойынша жетекші орынға ие. Яғни бұл елдердің өндіріс көлемі де үлкен, бәсекеге қабілеттігі де жоғары. Бұған қоса, Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюынан егіс алқаптары қысқартылып жатыр. Ал өз кезегінде өнім көлемінің төмендеуі экспорттық әлеуетті шектейді деген пікір айтылады. Одан бөлек, өңірдегі күріш өңдеу инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Кейбір кәсіпорындарда халықаралық стандарттарға сай сұрыптау, қаптау және сақтау технологияларының жеткіліксіздігі байқалады. Бұл өз кезегінде экспорттық нарықтың талаптарына толық жауап беретін өнім көлемін арттыруға кедергі келтіреді.
Қорыта айтқанда, сарапшылар өңірдегі логистика, су тапшылығы және халықаралық бәсеке секілді мәселелер көп жағдайда Сыр күрішінің экспорт көлемін шектейді деген пікірде. Егер бұл түйткілдерді шешудің тиімді тетігі табылса, аймақтың басты бренді ретінде бағаланатын Сыр маржанының әлемдік нарықтағы үлесін ұлғайтуға мүмкіндік артары сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
