Әсіресе, жамбылдық диқандар дәнді жерге дер кезінде сепкенімен, оны суаруға келгенде қырғыз еліне алақан жайып қалатыны жасырын емес. Оған қоса, кейінгі жылдары қолынан келгендер қоныштан басып, су арнасын бұрып алған жағдайлар да көп кезігуде. Биыл бұл мәселе қалай болмақ? Шаруалар тағы шырыл қақпай ма?
Тамшы суға телмірген аймақтың бірі – Қордай ауданы. Мұндағы шаруалар дән мен техникасын сақадай сай сайлағанымен, ағын су болмай қалама деп алаңдаулы. Сондай-ақ бай-манаптар ағын су арнасына сорғылар қойып, төмендегі жұртты тамшы сусыз қалдырмай ма деп қорқады. Бұл мәселе жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында да талқыланды. «Шу-Талас бассейндік» инспекциясының басшысы Нұрсұлтан Ақжоловтың айтуынша, биыл құрылымдық мекеме ағын суға қадағаны цифрлық технологиялар арқылы күшейтпек екен. Ол үшін Copernicus және Google Maps бағдарламалы іске қосылмақ. Бұл жүйе су деңгейін бақылап отыруға мүмкіндік туғызады. Егер бір аймақта су мөлшері күрт түсіп кететін болса, инспекция мамандары сол маңға дереу жетіп қажетті шараларды қабылдайды. Осылайша, инспекция су арнасын қолша бұрып алу немесе заңсыз сорғылар орнатудың жолын кеспек ниетте.
Әрине, бұл – қос қолдап қолдайтын бастама. Алайда өңірдегі су қорының негізгі қайнар көзі саналатын Шу, Талас және Аса өзендері 75 пайыз суды Қырғызстаннан алады. Ал айырқалпақ ағайын екі ел арасындағы суға қатысты келісімді жылда бұлжытпай орындап отыр дей алмаймыз. Сондықтан су мөлшерін бақылау былай тұрсын, ең бірінші қажетті су қорын өңірге жеткізу маңызды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазір ағын суға қатысты мәселе жоқ көрінеді. Сәуір айында Алматы қаласында өткен жиында Қырғызстаннан Шу мен Талас өзендеріне берілетін су мөлшері айқындалыпты. Осылайша, өңірдегі Талас өзеніне 340 млн текше метр, ал Шу өзеніне 170 млн текше метр су жіберіледі деп межеленген. Егер қажет болып жатса, су мөлшеріне қатысты тағы өзгерістер енгізу туралы уағдалас болған.
Иә, сөз бен санға келгенде бәрі әдемі. Жылда осындай «сұлу» статистика сөйлегенімен, соңында ағын су үшін арпалыс болып, соңы шаруалардың сан соғуымен тынады. Сондықтан Қырғыз еліне үміт артып ғана қоймай, басқа шараларды да қолға алу қажет. Бұған қатысты министрлік жаңа су қоймаларын салу, бұрынғыларын жаңғырту және жүздеген шақырымды алып жатқан каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы жобаларын ұсынуда. Аталған жобалардың басым бөлігін Ислам банкі қаржыландырмақ.
– 2030 жылға дейін бекітілген жоспарға сәйкес Жамбыл облысында 6 су қойма салу көзделуде. Сондай-ақ «Теріс-Ащыбұлақ», «Қарақоңыз» және «Ынталы» су қоймалары қайта жаңғыртудан өтеді. Ислам банкінің қаржыландыруының бірінші кезеңі бойынша қазір «Ақмола» су қоймасының құрылысы басталды. Ал «Қалқұты» су қоймасының құрылысы екінші кезеңде жүреді. Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан «Қарақыстақ», «Алғабас», «Молалы» және «Қызылсай» су қоймаларының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, – деп түсіндірді министрлік мамандары.
Тағы бір жанға жылу беретін ақпар – жоспардан тыс «Жабұлақ», «Береке», «Шетбұлақ», «Андас-1» және «Андас-2» су қоймалары да іске қосылуда екен. Ал «Андас-3» су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. «Ұзынсу», «Бекболат», «Сұлутөр» және «Ақжол» су қоймаларының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып қойған.
Су ресурстары және ирригация министрлігі осындай ауқымды жобаларымен қуантуда. Бұдан бөлек, Ислам банкі 427 шақырымды құрайтын 76 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қарап отыр. Биыл осы каналдардың 71-де құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Енді тек басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, одан әрі буға айналып кетпесін деп тілейік. Сондай-ақ аталған жобалардың дені келешектің еншісіндегі дүниелер. Ал шаруаларға су болашақта ғана емес, бүгін де керек. Жауапты мамандар осы жағын да жіті назардан ұстап, қандай жағдайға болмасын қамданып отыр деп үміттенеміз. Әйтеуір, екі жыл бұрынғыдай қуаңшылық қос бүйірден қысып, алты ауданда бірдей төтенше жағдай жариялап жүрмесек болғаны.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
