Бүгін таңертең Талдықорған қаласында қайғылы оқиға болды. Көпқабатты үйдің терезесінен сәби құлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенованың Instagram парақшасында қаланың 4-шағынауданында бес қабатты үйдің маңынан шамамен бір жасар нәресте табылғанын жазды.
Оның айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, сәби жоғары қабаттардың бірінен құлап кеткен.
"Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізді, қазір оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ең қорқыныштысы – әзірге баланың ата-анасы да, оның қай пәтерден құлағаны да анықталмаған. Сәби ауруханаға аты-жөні белгісіз күйде түсті", – деп жазды ол.
Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі баланың қазір медициналық мекемеде екенін хабарлады.
"Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады", – делінген ресми ақпаратта.
Сәбидің ата-анасының табылып-табылмағаны жайлы әзірге ақпарат жоқ.
