Сондықтан XXI ғасырда табысты мемлекеттер өз мәселесін ғана шешетін емес, ортақ сын-қатерлерге ортақ жауап ұсына алатын елдер ретінде бағаланады. Кейде тарихтың үлкен бетбұрыстары көзге бірден байқала қоймайды. Уақыт өте келе ғана олардың тұтас өңірдің тағдырына, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына және болашақ даму бағытына әсер еткенін аңғарамыз. Бүгінде Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының құрылуы – осындай стратегиялық шешімдердің қатарына жатады.
Бұл бастама ең алдымен Қазақстанға деген халықаралық сенімнің көрінісі. Өйткені халықаралық ұйымдар өздерінің өңірлік институттарын орналастыру кезінде елдің экономикалық мүмкіндігін ғана емес, саяси тұрақтылығын, сыртқы саясаттағы беделін, халықаралық міндеттемелерге адалдығын және өңірлік ықпалын ескереді.
Соңғы жылдары Орталық Азия жаһандық саясаттың маңызды кеңістіктерінің біріне айналды. Энергетика, көлік дәліздері, су ресурстары, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелер өңір мемлекеттерінің ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да ортақ күн тәртібіне шықты. Мұндай жағдайда Қазақстанның жауапкершілігі де артып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен сөйлеген сөзінде Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл ұсыныс халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, бүгінде нақты институционалдық шешімге айналды.
Өңірлік орталықтың Алматы қаласында орналасуы да заңды таңдау деп білеміз. Алматы тарихи тұрғыдан халықаралық ынтымақтастықтың, дипломатиялық байланыстардың және сарапшылық пікірталастардың маңызды алаңы болып келеді. Қалада БҰҰ жүйесінің бірқатар құрылымы мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істейді. Сондықтан жаңа орталықтың қызметі қолданыстағы инфрақұрылыммен және халықаралық институттармен табиғи сабақтастықта дамиды.
Қоғамда кейде мұндай жобалардың қаржылық тиімділігі туралы сұрақтар қойылады. Алайда мемлекет дамуының стратегиялық мәселелерін қысқамерзімді шығын өлшемімен бағалау әрдайым дұрыс бола бермейді. Тарих көрсеткендей, халықаралық бедел, сенім капиталы және институционалдық ықпал көптеген жағдайда тікелей экономикалық көрсеткіштерден де маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның орталық қызметін қамтамасыз етуге бағытталған қаржылық міндеттемелері нақты айқындалған және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Ең бастысы, бұл қаражат өңірге халықаралық жобаларды, инвестицияларды, гранттарды және сараптамалық ресурстарды тартуға мүмкіндік беретін тетік ретінде қарастырылуға тиіс.

Жаңа орталықтың қызметі БҰҰ құрылымдарының жұмысын қайталамайды. Керісінше, оның негізгі миссиясы – түрлі бағдарлама мен бастаманы үйлестіру, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және орнықты даму саласындағы күш-жігерді бір арнаға тоғыстыру.
Бүгінде әлем алдында тұрған күрделі сын-қатерлердің басым бөлігі шекара таңдамайды. Су тапшылығы, климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, көші-қон үдерістері немесе азық-түлік тұрақтылығы сияқты мәселелерді бір елдің жеке өзі шеше алмайды. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықтың жаңа институттары бұрынғыдан да маңызды болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Сенат жанындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі комиссияның қызметі ерекше мәнге ие. Комиссия құрылған уақыттан бері БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыру мәселелерін заңнамалық және парламенттік тұрғыдан сүйемелдеудің тиімді алаңына айналды.
Комиссия отырыстарында әлеуметтік саясат, инклюзивті қоғам құру, денсаулық сақтау, сапалы білім беру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі және өңірлік даму мәселелері тұрақты қаралып келеді. Бұл бағыттың барлығы Орнықты даму мақсаттарының негізгі басымдықтарымен үндес.
Сондықтан Алматыдағы Өңірлік орталық пен парламенттік комиссия қызметі өзара толықтыратын екі маңызды институтқа айналмақ. Бірі халықаралық деңгейде өңірлік үйлестіру міндетін атқарса, екіншісі ұлттық деңгейде заңнамалық және парламенттік қолдауды қамтамасыз етеді.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Қазақстан үшін өңірлік орталықтың ашылуы тек халықаралық беделдің артуы емес. Бұл – қазақстандық мамандардың БҰҰ жүйесіндегі қатысуын кеңейтуге, жаңа кәсіби тәжірибе жинақтауға және жаһандық деңгейдегі шешім қабылдау процестеріне белсендірек араласуына мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ядролық қарусыздану, өңірлік қауіпсіздік, конфессиялық диалог, халықаралық медиация сияқты бағыттарда өзін жауапты мемлекет ретінде таныта білді. Ендігі кезекте орнықты даму мәселелері де еліміздің халықаралық бастамаларының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Шын мәнінде, бұл орталықтың ашылуы – Қазақстанның географиялық орналасуының ғана емес, саяси кемелдігінің, дипломатиялық тәжірибесінің және халықаралық жауапкершілігінің мойындалуы.
Бүгінгі әлемде ықпал ету күшінің жаңа өлшемдері қалыптасуда. Мемлекеттің қуаты оның табиғи байлығымен немесе әскери әлеуетімен ғана емес, адамзаттың ортақ мәселелерін шешуге қаншалықты үлес қоса алатынымен бағаланады.
Алматыда ашылатын БҰҰ-ның Өңірлік орталығы – Қазақстанның дәл осындай мемлекеттер қатарына нық қадам басқанын білдіретін маңызды белес. Бұл – бүгінгі буынның ғана жетістігі емес, келешек ұрпаққа қалатын стратегиялық мұра.
Өйткені тарих мемлекеттердің байлығын емес, олардың өркениеттің ортақ игілігіне қосқан үлесін көбірек есте сақтайды.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Парламент Сенатының депутаты,
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және
қауіпсіздік комитетінің мүшесі
