Ал еңбек адамының кәсіби білікті маман болуы ең алдымен сапалы білім мен дұрыс таңдаған мамандыққа байланысты. Сондықтан болашақта аса сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы сұрақ «еңбектеген» жасқа да, ертеңін ойлаған елге де керек шығар.
Әлемді өзгертетін үздік 3 мамандық
Былтыр Nazarbayev University өкілдері «Алдағы жылдары қандай мамандықтар трендте болады?» деген зерттеу нәтижелерін ұсынып, «Жасанды интеллект (AI) пен деректер ғылымы саласындағы еңбек нарығы қарқынды дамып келеді» деген қорытынды жариялады.
Олардың болжамы бойынша, бұл бағыттағы мамандарға сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, олардың табысы да тұрақты өсуде. Соңғы деректерге сәйкес, AI саласына жаңадан келген маман айына 2 500 доллардан бастап жалақы алса, тәжірибелі сарапшылардың табысы 10 000 доллардан жоғары. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері жасанды интеллект және деректер ғылымы, медицина, биомедициналық инженерия саласының мамандары әлемді өзгертетін ең таңдаулы мамандық иелері болады деп нақтылаған. Мәселен, болжам бойынша, 2032 жылға қарай бұл мамандықтарға сұраныс 35 пайызға артып, түлектер үшін кең мансаптық мүмкіндіктер ашады. Келесі медицина саласының мамандары, яғни дәрігерлік кәсіп – барлық уақытта сұранысқа ие мамандықтың бірі. Әлем бойынша медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалады. Мысалы, Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, төрт мыңға жуық білікті дәрігер қажет. Ал инженерия мен медицинаның тоғысқан тұсында орналасқан тағы бір перспективалы мамандық – биомедициналық инженерия.
Бүгінгідей тез өзгеріп, шапшаң дамып келе жатқан дүбірлі дүниеде алыс арманы біліммен «қаруланып», кәсіппен ұштасқан адам ғана болашақтың мықты маманы бола алады. «Білім жоқ жерде, арман – ада, қиял – қысыр» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Ендеше еліміздің еңбек нарығын кәсіби білікті мамандармен толтыру заман қажеттілігінен туып отырған өзекті мәселе десек болады.
Мемлекет бұл мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр. Бұл тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру бағдарламаларының артықтығын және олардың тәжірибеден алшақтығын растайды. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде шамадан тыс академизм, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының қайталануы байқалады. Сондықтан биыл білім беру бағдарламаларын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Біз бұл бағытта нақты шешім қабылдап отырмыз. Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады. Бұл ретте барлық студенттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді, – дейді министр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының есебінше, 2026 жылы Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) жарияланатын бос орындар саны 1,12 миллионнан 1,31 миллионға дейін жетуі мүмкін. Базалық сценарий бойынша бұл көрсеткіш шамамен 1,2 млн бос орынды құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Яғни, 2025 жылмен салыстырғанда, 2026 жылы бос орындар саны 9%-ға артқан. Ресми деректер бойынша, еліміздің еңбек нарығында жұмысшы күші жетіспейді. Сәйкесінше, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрайды. Статистикаға назар аударсақ, 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы есепке сәйкес, Қазақстанда 321 мыңнан астам жұмыссыз жастар бар. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, елімізде еңбек нарығына қажет мамандар даярлау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымованың пайымдауынша, жүргізген таңдаулы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, бүгінде жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім алғандар арасында 17%-ды құрайды.
– Университет пен ТжКБ түлектері көбіне қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыс орындарына кетуге мәжбүр. Мұндай үрдістер тұрақсыз жұмыспен қамту, төмен жалақы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауымен сипатталатын әлеуметтік топ – прекариаттың қалыптасуына ықпал етуде, – дейді маман.
Мәселе қалай шешілмек?
Мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытында және әсіресе жастар үшін «екі қолға бір күрек» мақсатымен түрлі бағдарламаны ұсынады. Әсіресе, жұмыссыз жастарды қоғамға тарту жағынан жастар саясаты елеулі жұмыс істеп жатыр. «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» секілді мемлекеттік жобалар нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Астанада JOLTAP жобасы қысқамерзімді 13 сұранысқа ие кәсіптік курстар мен 7 сандық бағытты (SMM, таргетинг, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және т.б.) қамтиды. Бұдан бөлек, Esirtkisiz Elorda жобасы, «Таза Қазақстан» жобасы жастарды еңбекке баулу бағытында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылы «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту шаралары жоспарланып отыр. Бірақ Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеген Арман Манат (аты-жөні өзгертілді) жұмыс беруші тарапқа көңілі толмайды. Оның айтуынша, жұмысқа қабылдаған компания жас маманға кәсіби біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынбайды.
– Ақпан айында Университетте оқыған мамандығым бойынша жұмысқа қабылдандым. Бірақ қызыл дипломым болғанына қарамастан, басшылық маған өз мамандығыммен жұмыс ұсынбады. Төрт ай бойы мен компанияда «алып кел, шауып кел» қызметіне жегіліп, қолбалаға айналдым. Сондықтан маусым айынан бастап, өз еркіммен жұмыстан кеттім, – деді ол.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі күні «оқымаған» жастарды айтпағанның өзінде «күректей» дипломы бар жас маманға лайық жұмыс ұсыну нарығы қалыптаспаған сыңайлы. Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі: «2030 жылға дейін Қазақстанға әртүрлі бағыттағы 900 мыңға жуық маман қажет болады», – деген ақпарат таратты.
Ведомствоның болжамына сәйкес, қажетті кадрлардың жартысынан астамы, яғни 500 мыңнан астамы инженерлік кадр болса, тағы 185 мыңы педагог болуға тиіс. Бейінді министрліктің мәліметінше, осы деректер негізінде алдағы үш жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы қайта қаралды. Мәселен, жылу және электр энергетикасы, су ресурстары салаларында шамамен 4 мың инженер қажет – дәл осы салаға сонша грант бөлінген.
Цифрлық трансформацияның жаңа талабы
Бүгінгі технологиялық даму мен цифрландыру дәуірінде жұмыс берушілер дипломнан бұрын нақты дағдысы мен біліктілігі жоғары мамандарға басымдық беретінін айттық. Десек те, Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың көлемі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейтін кадрларға қажеттілік болжамына сүйене отырып жасалғанын жеткізді. Бұл болжамды әзірлеу кезінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, экономика салаларындағы еңбек ресурстарына деген сұраныс, мемлекеттік бағдарламалардың көрсеткіштері және жұмыс берушілердің ұсыныстары ескеріледі деп отыр министрлік өкілдері.
Биыл бейінді министрліктің дерегінше, 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген. Бірақ қазіргі жастардың министрлік ұсынған немесе еңбек биржасының сұранысына сай мамандықтарды таңдайтынына кепілдік жоқ. Ресми статистика бойынша, бір жағынан, жастар цифрлық кәсіптерге көбірек бет бұрса, екінші жағынан, экономика үшін маңызды бірқатар техникалық салаларға қызығушылық төмен деңгейде қалған. Мәселен, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, механика және металл өңдеу, көлік құрылысы, киім және аяқкиім өндірісі сияқты салаларға жастар қызықпайды. Ал грантқа қызығып, қаламаған мамандығына оқуға түсіп, диплом алғандардың 60-80 пайызы ЖОО-ларды бітірген соң оқыған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Сондай-ақ қазіргі сұраныстағы кейбір мамандықтардың келешекте қажет болмай қалатынын да ұмытпаған жөн.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жасанды интеллектіні жаппай енгізу нәтижесінде елімізде 300-400 мыңға жуық жұмыс орнының қысқаруы мүмкін. Дегенмен сарапшылардың пайымынша, еңбек нарығындағы басты өзгеріс белгілі бір кәсіптің жоғалуында емес, сол кәсіпті атқару тәсілдерінің өзгеруінде болып отыр. Соған сәйкес, бүгінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, ЖИ тақырыптарын жеке пән ретінде немесе негізгі пәндердің құрамына енгізіп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі қазірдің өзінде 30-дан астам жоғары оқу орнына жасанды интеллект бағытындағы 42 білім беру бағдарламасын әзірлеп қойды.
ТҮЙІН:
Биылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрілігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға білім беру саясатын еңбек нарығы қажет ететін кадрлар сұранысы болжамына сүйене отырып әзірлеуді қолға алды. Ал орта білім саласындағы білім беру жүйесін жоғары білім саласындағы трансформацияларға сай жаңарту бағдарламалары жасалып жатыр ма?! Бүгінгі күні «тарыдай болып» табалдырығын аттаған шәкіртін «қосымша» білім алуға сабылтпай, мектеп партасынан арманына қанат байлап, қиялын өз елінің ертеңімен байланыстара алатын ұрпақ тәрбиелеу ісі қалай болмақ екен...
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
