Тараз қаласында ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні таратпақ болды деген күдікпен 29 жастағы шетел азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні қолға түсірген. Жеке тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ зат салынған, оқшаулағыш таспамен оралған 10 түйіншек тәркіленді. Сондай-ақ оның маңынан дәл осындай тағы 18 түйіншек табылған.
Кейін күдіктінің уақытша тұрып жатқан мекенжайына жүргізілген тінту барысында өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған тағы 109 түйіншек анықталды.
Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі болып шыққан. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 59,01 грамды құрады. Алдын ала есеп бойынша оның қара нарықтағы құны 2,7 миллион теңгеден асады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам заңсыз табыс табу жөніндегі ұсынысты Telegram мессенджері арқылы алған. Ол Алматыдан алдын ала дайындалған есірткі түйіншектерін жеткізіп, оларды Тараз қаласында таратуды көздеген.
Алайда оның бұл жоспары полицияның жедел әрекетінің нәтижесінде жүзеге аспай қалды.
