Еске салсақ, 2025 жылғы 21 мамырда Венгрияның Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі берілетінін мәлімдеген еді. Осылайша, қала бұл эстафетаны Әзербайжанның Ленкорань қаласынан қабылдап алды.
Бұл мәртебенің берілуі Алматының түркі әлемі жастарының басын қосып, жаңа бастамалар мен ортақ жобаларға жол ашатын беделді жастар орталығы ретіндегі орнын тағы бір мәрте айқындай түсті. Аталмыш мәртебе қалаға 2025 жылғы 18 тамызда Түркі мемлекеттері ұйымының IV халықаралық жастар фестивалінің ашылуында берілді.
Жыл бойы «Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» жобасы шеңберінде түрлі форматтағы 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден 40 мыңнан астам жас қатысты. Атап айтқанда, 3-ші жастар алмасу бағдарламасы, Жас көшбасшылар мен кәсіпкерлер форумы, Turki Fest Almaty – 2025 мәдени фестивалі, TURKICUP – 2025 халықаралық «Жайдарман» ойыны, Түркі мемлекеттері ұйымы Жастар платформасының ІІІ Бас Ассамблеясы және Халықаралық экологиялық хаб секілді ауқымды жобалар іске асты.
Жоба аясында жастар бастамасын қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына айрықша мән берілді.
Салтанатты рәсім барысында Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі Алматыдан Өзбекстанның Хиуа қаласына ресми түрде табысталды. Арнайы кілтті тапсыру рәсімі түркі елдері арасындағы достық байланыстың сабақтастығын, жастар бастамаларының жалғасуын және ынтымақтастықтың нығая түскенін айшықтады.
Ақбөпе АЙЖАРЫҚ
