Олардың қатарында Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен, сондай-ақ Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен арадағы қарыз туралы келісімдер, Еуразия экономикалық одағы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісім, ҰҚШҰ шеңберіндегі келісімдерге хаттамалар бар.
Депутаттарға «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы» заң жобасын және жалпы отырыста жұмысқа қабылданған «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялау туралы» заң жобасын Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.
Ол жалпы сомасы 154,7 млрд жапон йеніне тең қарыз туралы келісімдерге Президенттің жарлықтарына сәйкес 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылғанын айтты.
– Қарыз валютасы ретінде жапон йенін таңдау Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге, сондай-ақ теңге мен жапон йені арасында тығыз байланысқа негізделген. Бұл қаражат экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруды қоса алғанда, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Осы банктердің қарыздары 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзімімен беріледі, – деп түсіндірді Қаржы министрі.
Ол сондай-ақ тартылатын қарыздар бойынша міндеттемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл банктер Қазақстанның стратегиялық серіктестері ретінде ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді.
Ратификациялау жобаларын талқылау барысында депутаттар баяндамашы мен қатысып отырған мемлекеттік органдардың өкілдеріне банктерді таңдаудың негізділігі, қарыздар уақытылы өтелмеген жағдайдағы сын-қатерлер, мемлекеттік қарыздың ұлғаю себептері мен тапшылықты жабудың ықтимал балама көздері және басқа да мәселелер туралы сұрақ қойды.
Сонымен қатар Мәжіліс бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баяндамасында айтып өткендей, 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында жасалған келісім тауар номенклатурасының 85%-дан астамына қатысты импорттық кедендік бажды жоюды көздейді. Импорттық кедендік бажды жоюдан бөлек, құжат саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау тетіктері және басқа да мәселелерді қамтиды.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Әбдиев:
– Келісімнің негізгі мақсаты Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда қатынастарын дамытуға және нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ Қазақстанның тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару үшін қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Бұл мемлекет – біздің еліміздің Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Келісім Біріккен Араб Әмірліктерімен өзара сауда-экономикалық және инвестициялық қатынасты кеңейтуге берік негіз болады, – деді.
Депутаттарға хаттамаларды ратификациялау туралы бірден екі жобаны – 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы және 2015 жылғы 15 қыркүйектегі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери және басқа да құрылымдарын, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімдерді тасымалдау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды Қорғаныс вице-министрі Асқар Мұстабеков таныстырды.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Асхат Рақымжанов қосымша баяндамада атап өткендей, бірінші құжаттың мақсаты – бюрократиялық олқылықтарды жою және әскери құрылымдардың уақытша болуын және оларды басқаруды жүзеге асыруды нақты регламенттеу. Екінші құжат біріншісімен тығыз байланысты және транзит мәселелерін оңтайландыра отырып, күштерді қайта топтастыру кезіндегі әкімшілік кедергілерді жояды.
Уәкілетті органдардың өкілдеріне бірқатар нақтылау сұрақтарын қойғаннан кейін депутаттар екі хаттаманы да ратификациялау туралы шешім қабылдады.
Мәжілістің күн тәртібіне, сондай-ақ жалпы отырыс барысында жұмысқа қабылданған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылды.
Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы Нұрлан Алдамжаров құжатқа 2025 жылғы 15 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылғанын айтты. Оның мақсаты – трансшекаралық су объектілерін бірлесіп тиімді басқаруды, ұтымды пайдалануды, сондай-ақ мемлекетаралық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету.
Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Павел Казанцевтің айтуынша, ынтымақтастық шеңберінде шекаралас гидробекеттерде суды есепке алу және трансшекаралық су объектілеріндегі су ресурстарын келісілген түрде бөлу жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ деректерді онлайн режимде беруді қамтамасыз ете отырып, трансшекаралық су объектілері мен мемлекетаралық пайдалануға берілген су шаруашылығы құрылыстарынан су алуды тіркейтін бірлескен автоматтандырылған жүйе құру, суды үнемдеу және ысырапты азайту, мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын жаңғырту жөніндегі іс-шаралар көзделеді.
– Су ресурстарын пайдалануға мониторинг жүргізу және олардың сарқылуына жол бермеу жөнінде бірлескен шаралар қабылдау, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою жөніндегі шаралар және басқалары қарастырылған. Келісімді ратификациялау екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ғана емес, сонымен бірге өңірдің су шаруашылығы кешенінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге де ықпал етеді, – деп түйіндеді Павел Казанцев.
Депутаттар баяндамашы мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне осы жұмыстарды қаржыландыру көздері, ел аумағына келетін трансшекаралық сулардың сапасын бағалау, фермерлік қожалықтар үшін су тапшылығының алдын алу бойынша бірлескен жұмыс, Аралды қалпына келтіру және басқа да өзекті мәселелер туралы сұрақтар қойды.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 17 депутаттық сауал жолдады.
Тілек ҚАБЫЛ
