Қазақстандық киноөндіріс соңғы жылдары қарқынды даму кезеңіне қадам басты. Отандық фильмдердің саны артып, прокаттағы үлесі көбейіп келеді.
Баубек Нөгербек,  кинотанушы: Табысты фильмнің негізі – сапалы драматургия
143
оқылды

Бүгінде ұлттық кинотуындылар халықаралық фестивальдерден де орын алып жүргенімен, кино саласының сапалық деңгейі, жанрлық әртүрлілігі мен халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне қатысты мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда қазақ киноиндустриясының бүгінгі ахуалы мен болашағы жайында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, кинотанушы, PhD доктор Баубек Нөгербекпен сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі қазақ киноиндустриясы­ның жағдайын қалай сипаттар едіңіз?

– Қазіргі қазақ киноиндустриясы өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатыр деп айтар едім. Соңғы он жылда өндіріс көлемі айтарлықтай артты, жеке продюсерлік орталықтар көбейді, көрерменнің қазақ фильміне деген қызығушылығы бұрынғыдан жоғарылады. Бұл – сөзсіз оң үрдіс. Алайда санның өсуі әрдайым сапаның өсуімен қатар жүріп отырған жоқ. Бүгінде индустрияда коммерциялық табысқа бағытталған жобалар көбейгенімен, авторлық кино, ғылыми зерттеуге негізделген фильмдер, тарихи реконструкциялар мен көркемдік ізденістер аздау. Сондықтан қазіргі қазақ киносының басты ерекшелігі – өндірістің қарқынды дамуы мен көркемдік сапаны тұрақты деңгейде ұстап тұру арасындағы тепе-теңдікті іздеу деп айтуға болады.

– Бүгінде отандық киноиндустрияда қай жанр­ларға басымдық беріледі? Ал қай жанрлар керісінше жеткілікті деңгейде дамымай жатыр деп ойлайсыз?

– Қазір коммерциялық комедиялар, әлеуметтік драмалар және криминалдық фильмдер басым­дыққа ие. Себебі бұл жанрлар салыстырмалы түрде аз бюджетпен түсіріледі және прокатта тез табыс әкеледі. Ал ғылыми-фантастикалық, тарихи-эпикалық, анимациялық фильмдер, балалар және жасөспірімдер киносы, психологиялық триллерлер, мюзиклдер және ғылыми-көпшілік деректі фильмдер жеткілікті деңгейде дамымаған. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер киносының тапшылығы алаңдатады. Өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын ұлттық кейіпкерлер мен құндылықтарды экран арқылы жеткізу – мәдени саясаттың маңызды бөлігі болуға тиіс. Сонымен қатар ғылыми-фантастика жанры елдің техно­логиялық және шығармашылық әлеуетін көрсететін бағыттың бірі болғандықтан, оларды дамыту маңызды.

– Меніңше, сіз атап шыққан жанрлардың ішінде де ең аз мән берілетіні ғылыми-көпшілік деректі фильмдер сияқты. Бұл фильмдердің аз түсірілу себебі неде?

– Бұл мәселені тек көрермен сұранысының төмендігімен түсіндіру дұрыс болмас. Мұнда бірнеше фактор қатар әсер етеді. Біріншіден, қаржыландыру жүйесінде фильмдердің коммер­циялық қайтарымы бірінші орынға шығып отыр. Деректі немесе ғылыми фильмдердің пайдасы ұзақ мерзімде байқалады, сондықтан жеке инвесторлар бұл салаға қызығушылық таныта бермейді. Екіншіден, ғылыми кинематография мен ғылыми медиа саласында мамандар аз. Ғылыми фильм түсіру тек режиссердің ғана емес, ғалым­дардың, сценаристердің және продюсерлердің бірлескен еңбегін талап етеді. Үшіншіден, көптеген про­дюсерлер ғылыми фильмді әлі күнге дейін дәріс немесе телебағдарлама деңгейінде қабылдайды. Ал әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғылыми кино да қызықты драматургияға, сапалы визуалдық шешімдерге және эмоциялық әсерге құрыла алады. Бүгінгі көрермен сапалы контентті көруге дайын. Сондықтан мәселе сұраныста емес, ұсыныстың жеткіліксіздігі мен индустриялық саясатта деп есептеймін.

– Отандық кино өкілдері көрермендерді қазақ фильмдерін көбірек қолдауға шақырып жатады. Бұл дұрыс па?

– Мен бұл күрделі мәселеде екіжақты жауап­кершілік бар деп есептеймін. Әлбетте, ұлттық киноны қолдау маңызды. Өйткені кино – тек бизнес емес, ол ұлттық мәдениетті, дүниетанымды, тарихи жадыны қалыптастыратын заманауи өнер түрі. Бірақ көрерменді фильмнің сапасына қарамастан, билет сатып алуға міндеттеу дұрыс емес. Көрермен уақытын да, қаржысын да сапалы өнімге жұмсағысы келеді және бұл – қалыпты жағдай. Сондықтан негізгі жауапкершілік, менің ойымша, киноөндірушілердің мойнында. Егер фильм көркемдік жағынан да, техникалық жағынан да, драматургиялық тұрғыдан да сапалы болса, көрермен оны өзі-ақ таңдайды. Соңғы жылдары прокатта табысты болған отандық фильмдер осының дәлелі. Ұлттық киноны дамыту көрер­меннің патриоттық сезіміне ғана емес, ең алдымен оның сеніміне сүйенуге тиіс. Ал сенім сапалы өнім арқылы қалыптасады.

– Қазақстандық фильмдерді прокатқа шығару тәртібіне енгізілетін өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?

– Егер бұл өзгерістер фильмдердің техникалық сапасын, жас ерекшелігі бойынша жіктелуін және құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталса, бұл қадамдарды қолдауға болады. Бірақ егер жаңа талаптар фильмдердің идеялық мазмұнын бақылауға немесе шығармашылық шешімдерге араласуға ұласса, онда бұл өнердің еркін дамуына қауіп төндіруі хақ. Кино – қоғамдағы күрделі мәселелерді көтеретін өнер. Сондықтан мемлекет заң талаптарының орындалуын қада­ғалауға тиіс, бірақ шығармашылық пікір алуан­дығына шектеу қоймауы қажет. Ең бастысы, ашық, кәсіби және тәуелсіз сараптама жүйесінің қалып­тасуы және әр автордың ішкі жауапкершілігі маңызды.

– Сіздіңше коммерциялық фильмдерге қандай талаптар қойылуы керек?

– Коммерциялық кино міндетті түрде көркемдік деңгейден айырылмауы керек. Меніңше, сапалы сценарийдің болуы, кәсіби режиссура мен актерлік ойын, техникалық орындалу деңгейінің халық­ралық стандарттарға сай келуі сынды талаптар қойылу керек. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті жеңіл күлкіге немесе стереотипке айналдырмау, көрер­меннің эстетикалық талғамын дамыту және әлеуметтік жауапкершілікті ескеру сынды талаптар да қойылу керек деп ойлаймын. 

Коммерциялық табыс киноның көркемдік деңгейі мен құндылығының қарсыласы емес. Әлемдік тәжірибе жоғары кассалық табыс пен асқақ көркемдік деңгейді қатар алып жүруге болатынын әлдеқашан дәлелдеген.

– Қазақстандық кинематографияның халықара­лық деңгейде танымал болу мүмкіндігі бар ма?

– Әрине, мұндай мүмкіндік бар. Отандық режиссерлердің авторлық фильмдері белді халықаралық фестивальдарда сан мәрте жоғары бағаланды. Бұл біздің шығармашылық әлеуетіміздің жоғары екенін көрсетеді. Алайда халықаралық нарыққа кеңінен шығу үшін бірнеше маңызды қадам қажет. Біріншіден, сценарий мектебін күшейту керек. Кез келген табысты фильмнің негізі – сапалы драматургия. Екіншіден, халықаралық копродукцияларды көбейту маңызды. Бұл тәжірибе алмасуға да, жаңа әлемдік нарықтарға шығуға да мүмкіндік береді. Үшіншіден, киноны тек мәдениет саласы ретінде емес, креативті индустрияның маңызды бөлігі ретінде дамыту қажет. Бұл өндіріс, маркетинг, дистрибуция және халықаралық сатылым жүйесін қатар қамтиды. Төртіншіден, балалар және жасөспірімдер киносына, ани­мациялық және деректі киноға тұрақты мемлекеттік қолдау қажет. Менің ойымша, алдағы он жылда қазақ киносының халықаралық беделі арта түседі. Бірақ бұл кездейсоқ жетістіктер арқылы емес, жүйелі кино саясаты, кәсіби кадр даярлау және сапалы контент өндіру арқылы ғана жүзеге асады. Егер біз ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, әлем­дік көрерменге түсінікті әмбебап оқиғаларды баяндай алсақ, онда қазақ киносының корей, түрік немесе скандинавиялық кинематография сияқты өзіндік брендінің қалыптасуына толық мүмкіндік бар. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Данажан АМАНГЕЛДИНА,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті