Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара шеңберінде ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы еліміздің үздік медициналық ұйымдары жарияланды. Медициналық көмектің жоғары сапа стандарттарын көрсетіп, заманауи технологияларды енгізіп, аналар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған жетекші перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары құрметті марапаттарға ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министрлік ана мен бала денсаулығын сақтау денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Сондықтан кәсіби конкурс шеңберінде әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтауға елеулі үлес қосып жүрген медициналық ұйымдарға ерекше назар аударылды.

Конкурс қорытындысы бойынша «Беделді перзентхана» атағы еліміздің үш медициналық ұйымына берілді.
Жеңімпаздардың қатарында Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық ауруханасы бар. Ұйым атынан Ғалым Әміржанұлы таныстырды. Медициналық ұйым елордадағы босандыру қызметін көрсететін ірі орталықтардың бірі болып саналады және жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Сондай-ақ Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы жоғары марапатқа ие болды. Орталықтың атынан Салтанат Усадуллақызы қатысты. Мекеме өңірдің түкпір-түкпірінен келген жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге, оның ішінде күрделі клиникалық жағдайларда мамандандырылған көмек көрсетеді.
Қызылорда облысының Облыстық перинаталдық орталығы да құрметті атаққа ие болды. Ұйымның атынан Жаңыл Исақызы таныстырды. Медициналық ұйым жүктілікті қадағалап-қараудың, босандырудың және жаңа туған нәрестелерді күтудің заманауи әдістерін белсенді түрде енгізіп келеді.

«Беделді балалар ауруханасы» номинациясының жеңімпаздары ретінде еліміздің үш жетекші балалар медициналық ұйымы танылды.
Олардың қатарында Түркістан облысының Қалалық балалар ауруханасы бар. Ұйым атынан Алмат Мейірбекұлы Байсалов қатысты. Мекеме балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, өңірдегі ірі педиатриялық орталықтардың бірі болып табылады.
Кәсіби қауымдастық Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы қызметіне де жоғары баға берді. Директоры Марат Рабандиярұлы Рабандияров басқаратын аурухана еліміздегі жетекші балалар стационарларының бірі саналады және кішкентай пациенттерге медициналық көмектің кең ауқымын ұсынады.
Жеңімпаздардың қатарына Астана қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы да енді. Медициналық ұйымды директор Марат Қарсыбекұлы Абдуов басқарады. Аурухана елорданың балалар денсаулығын сақтау саласындағы негізгі орталықтарының бірі болып табылады және диагностика, емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерін енгізуде.
«Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жоғары нәтижелердің негізінде медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі, заманауи технологиялар және денсаулық сақтау жүйесін үздіксіз жетілдіру жатыр. Бүгін біз болашақ ұрпақтың денсаулығына күн сайын қамқорлық жасап жүрген ұжымдардың еңбегін атап өтеміз», – деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінде босандыру қызметі мен балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Саланы жүйелі жаңғыртудың арқасында елімізде ана мен бала денсаулығы көрсеткіштері жақсарып, медициналық ұйымдар халықаралық озық стандарттарды тәжірибеге енгізуді жалғастыруда.
Марапаттау рәсімі Медицина қызметкері күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралардың бір бөлігіне айналып, еліміздің барлық өңірлерінен келген медицина қауымдастығы өкілдерінің басын қосты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
