Іс-шараға бауырлас халықтың ғалымдары, дипломаттары, мемлекет қайраткерлері жиналды.
Жиын екі елдің академиялық қауымдастығы арасындағы әріптестікті кеңейтумен қатар, ғылымды өңірлік ықпалдастықтың маңызды құралы ретінде қарастыру қажеттігін тағы бір мәрте айқындамақ.
Қазіргі кезеңде Орталық Азия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер экономикалық және саяси өлшемдермен ғана шектелмейді. Аймақтағы тұрақты даму, су қауіпсіздігі, көші-қон, білім беру және көлік-логистика мәселелері ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда форум күн тәртібіне шығарылған мәселелердің мазмұны ерекше назар аудартады.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев пен Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының президенті Бекмамат Дженбаев ғылым саласындағы ынтымақтастықтың мемлекетаралық қатынастардың маңызды тіректерінің біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Жиынға ресми тұлғалардың қатысуы ғылыми диалогтың тек академиялық деңгейде емес, стратегиялық серіктестік аясында қарастырылып отырғанын аңғартты.
Жиын барысында көтерілген тақырыптар қазақ-қырғыз қатынастарының кең ауқымын қамтыды. Ғалымдар дипломатиялық байланыстардың тарихи эволюциясын, көшпелі өркениет мұрасын, Қырғызстандағы саяси мәдениеттің трансформациясын, еңбек көші-қонының заманауи үрдістерін, су-энергетикалық ынтымақтастықтың келешегін, жоғары білім беру жүйесінің даму бағыттарын және екі елдің транзиттік стратегияларын талқылады. Бұл мәселелердің барлығы Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық пен өзара тәуелділіктің күшеюімен тікелей байланысты.

Форумда ерекше назар аударған мәселенің бірі «Қамбар-Ата-1» гидроэнергетикалық жобасының өңірлік маңызы болды. Сарапшылардың пікірінше, су және энергетика саласындағы жобалар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Сонымен бірге көші-қон, білім беру және транзиттік саясат мәселелерінің талқылануы екі елдің ортақ даму күн тәртібінің кеңейіп келе жатқанын көрсетті.
Форумның ең маңызды нәтижесі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қырғыз Республикасы Президентіне қарасты Ұлттық ғылымдар академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылуы. Бұл бастама ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуді жаңа институционалдық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Консорциум қызметі тек тарих ғылымымен шектелмей, археология, этнология, мәдениеттану, халықаралық қатынастар және өңірлік зерттеулер бағыттарын қамтуы ықтимал. Мұндай құрылым ғылыми ақпарат алмасуды жандандырып қана қоймай, халықаралық гранттық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, жас зерттеушілердің академиялық мобильдігін арттыруға және ортақ зерттеу мектептерін қалыптастыруға жол ашады.
Соңғы жылдары ғылым дипломатиясы халықаралық қатынастардың маңызды тетіктерінің біріне айналып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми қауымдастықтар арасындағы тұрақты байланыстар мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, ұзақмерзімді әріптестіктің берік негізін қалыптастырады. Қазақ-қырғыз ғылыми форумы осы үрдістің Орталық Азиядағы нақты көрінісі болды.
Форум аясында күннің екінші жартысында «Геосаяси ығысулар жағдайындағы Қазақстан-Қырғызстан қатынастары: даму мәселелері мен перспективалары» тақырыбындағы докторлық диссертацияның қорғалуы да ғылым саласындағы интеграцияның тереңдей түскенін көрсетті. Бұл академиялық ынтымақтастықтың жекелеген жобалар шеңберінен шығып, жүйелі ғылыми мектептердің қалыптасуына ұласып келе жатқанын аңғартады.
Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Қырғызстан үшін ортақ сын-қатерлер мен мүмкіндіктер жеткілікті. Мұндай жағдайда ғылыми қауымдастықтардың өзара ықпалдастығы тек білім өндірудің құралы ғана емес, өңірлік дамудың маңызды ресурсына айналып отыр. Алматы форумының басты қорытындысы да осында. Ғылым саласындағы әріптестік ендігі жерде екіжақты гуманитарлық байланыстардың құрамдас бөлігі ғана емес, Орталық Азиядағы тұрақты интеграцияның стратегиялық факторына айналып келеді.
