Quartz материалына сүйенген Aikyn.kz ЖИ-ге қажетті деректер орталықтарының су тұтыну көлемін бағалайды.
Компанияның есебіне сәйкес, 2025 жылы әлем бойынша Amazon деректер орталықтары 9,5 млрд литрден астам су пайдаланған. Бұл көрсеткіш жасанды интеллект пен бұлтты есептеулер инфрақұрылымының экологиялық салдары туралы пікірталастарды күшейтті. Себебі әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллект модельдерін оқыту және пайдалану үшін мыңдаған серверлерден тұратын алып деректер орталықтарын салуда.
Amazon мәліметінше, компанияның су тұтынуы өскен жоқ, керісінше тиімділігі артқан. 2025 жылы деректер орталықтарының су пайдалану көрсеткіші бір киловатт-сағат электр энергиясына шаққанда 0,12 литрді құраған. Бұл 2024 жылғы 0,15 литр көрсеткішінен төмен. Компанияның бағалауынша, бұл саладағы орташа көрсеткіштен 7 есе тиімді. Amazon Web Services бөлімінің вице-президенті Керри Персон деректер орталықтарының су тұтынуы туралы қоғамдағы алаңдаушылықтың кейде асыра айтылатынын мәлімдеді.
«Кейбір жарияланымдарды оқысаңыз, деректер орталықтары әлемдегі барлық суды пайдаланып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ нақты деректерге қарасақ, жағдай мүлде басқаша», – дейді ол.
Компанияның айтуынша, серверлердің шамамен 90% жұмыс уақыты сыртқы табиғи ауамен салқындатылады. Су негізіндегі салқындату жүйесі тек ауа температурасы жоғарылаған кезде ғана іске қосылады. Amazon соңғы жылдары бұл жүйенің жұмыс шегін өзгертіп, өз нысандардағы су тұтынуын 50%-ға қысқартқан.Дегенмен сарапшылар мәселенің тек бір компаниямен шектелмейтінін айтады. Жасанды интеллектінің таралуымен бірге деректер орталықтарының саны да артып келеді. Әсіресе, АҚШ-тың батыс өңірлерінде су тапшылығы күшейіп жатқан кезде жаңа нысандардың құрылысы жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда.
Amazon 2030 жылға қарай пайдаланған судан көбірек көлемді табиғатқа қайтаруды мақсат етіп отыр. Қазіргі таңда компания бұл мақсаттың 75%-ына жеткенін мәлімдейді. Жоспар аясында жыл сайын 22,2 млрд литрден астам суды қалпына келтіретін 50-ден астам экологиялық жоба жүзеге асырылуда.
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектінің дамуы тек технологиялық жетістік ретінде ғана емес, энергия мен су ресурстарын тұтынатын ірі инфрақұрылым ретінде де қарастырылуы тиіс. Сондықтан алдағы жылдары технологиялық компанияларға қойылатын ашықтық пен экологиялық жауапкершілік талаптары күшейеді деп ойлаймыз.
