АҚШ Әуе күштерінің аңызға айналған B-52 Stratofortress стратегиялық бомбалаушысы Калифорния штатындағы Эдвардс әскери әуе базасында апатқа ұшырап, борттағы сегіз адамның барлығы қаза тапты. Қайғылы оқиға ұшақтың жоспарлы сынағын орындау кезінде болған.
B-52 стратегиялық бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырады
173
оқылды

Abcnews телеарнасына сүйенген Aikyn.kz бомбалаушы ұшақтың апатын хабарлайды.

Әуе күштерінің мәліметінше, B-52 ұшағы ұшып көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырап, артынша өртенген. Оқиға жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 11.20-да тіркелген.

Эдвардс базасындағы 412-сынақ бригадасы командирінің орынбасары, полковник Джеймс Хейстің айтуынша, бейнежазбаларды талдау нәтижесінде апаттан ешкімді құтқару мүмкін болмағаны анықталған.

«Біз сегіз ұлы америкалықтан айырылдық. Бұл – үлкен трагедия», – деді ол арнайы баспасөз мәслихатында.

Қаза болғандардың қатарында әскери қызметкерлер, азаматтық мамандар және мемлекеттік мердігер ұйымдардың қызметкерлері болған. Boeing компаниясы апат кезінде екі қызметкері ұшақ бортында болғанын растаған.

«Boeing компаниясының екі қызметкері ұшақта болғанын растаймыз. Біз олардың отбасыларымен байланыстамыз және барлық қажетті қолдау көрсетеміз», – делінген компания мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері белгісіз. АҚШ Әуе күштері арнайы тергеу комиссиясын құрды. Полковник Хейстің айтуынша, бұндай күрделі оқиғаларды зерттеу бірнеше айға созылады. Апаттан кейін Эдвардс әскери базасының әуе кеңістігі уақытша жабылып, барлық ұшулар тоқтатылды. Келетін әуекемелері басқа аэродромдарға бағытталды.

Эдвардс базасы АҚШ Әуе күштері мен NASA үшін маңызды сынақ орталығы болып саналады. Бұнда жаңа авиациялық жүйелер, эксперименттік ұшақтар және әскери технологиялар тұрақты түрде сынақтан өткізіледі.

B-52 Stratofortress – әлемдегі ең танымал әскери ұшақтардың бірі. Boeing компаниясы жасаған бұл стратегиялық бомбалаушы алғаш рет 1950 жылдары пайдалануға берілген. Соған қарамастан ол бүгінгі дейін АҚШ әскери-әуе күштерінің негізгі соққы беруші авиациясының құрамында қызмет етеді.

Ұшақтың ерекшелігі – ұзақ қашықтыққа ұша алуында және қарапайым да, ядролық та қару тасымалдай алуында. B-52 ұшақтары Вьетнам соғысынан бастап Таяу Шығыстағы операцияларға дейін көптеген әскери қақтығыстарда қолданылған.

Бұл апат АҚШ әскери авиациясы үшін соңғы жылдардағы ең ауыр оқиғалардың бірі ретінде бағалануда. Тергеу нәтижелері жарияланғаннан кейін ғана қайғылы оқиғаның нақты себептері жарияланады.