Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат танытып, Черногория Президентінің сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Черногориямен өзара қызығушылық танытқан барлық бағытта тығыз ықпалдастық орнатуға дайын екенін растады. Президенттің айтуынша, сауда-инвестиция, көлік байланысы, цифрлық шешімдер, ауыл шаруашылығы, туризм және тағы басқа салалар бірлескен жұмыстың басым векторы болуға тиіс.
Яков Милатович Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Құрметті Президент! Ең алдымен Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз, – деді Черногория Президенті.
Қарым-қатынасты жандандыруға ниетті
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасқан келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді.
– Президент мырза, Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізіп, соңғы жылдары тұрақты сипат алған жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың арқасында ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді. Осы орайда Президент елордамызда Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды күшейту жөніндегі қарымта қадамдардың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қатынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Президент.
Дипломатияның 20 жылдығы
Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанына мән берді.
– Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, – деді Черногория Президенті.
Оның айтуынша, Қазақстан визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіреді.
– Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ, – деді Яков Милатович.
Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты экономиканың басты секторларындағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екі елдің туризм, жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестігін, мәдени-гуманитарлық байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты. Бұл бастамалар халықтарымыздың достығы мен өзара түсіністігін нығайта түседі.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға ықпал еткені үшін Яков Милатовичке ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, президенттер жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сапар аясында туризм, БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық палаталары арасында байланыс орнатуға бағытталған құжаттарға қол қойылды.
Басқосулар нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекеттер басшылары 11 тармақтан тұратын маңызды келісімдерге қол қойғаны жария етілді.
