Бүгінде әлем бойынша 40 миллионнан аса адам күн сайын денсаулыққа қатысты кеңес алу үшін ChatGPT-ді қолданады. Чат-ботқа жіберілетін барлық сұраныстың 5 пайызы медицина тақырыбына тиесілі.
Жүйелі емді ЖИ-дан іздегендер
137
оқылды

Қазақстандықтардың жар­тысы­нан көбі (51,1%) бүгінде ChatGPT, Gemini және өзге де жасанды интеллект жүйесін пайдаланады. Президент жанын­дағы стратегиялық зерттеулер институтының дерегінше, жасан­ды интеллектіні ең белсенді қол­да­натындар қатарына 18-29 жас­тағы жастар жатады. Бұл жастағы азаматтардың 76,2%-ы ЖИ-ді қолданатынын айтқан. 30-45 жас тобында бұл көрсеткіш 57,1%-ға жеткен. Жас ұлғайған сайын қызығушылық төмендеген: 46-60 жаста – 37,5%, 61 жастан асқан­дар арасында – 16,6%. Деректерге қарап-ақ қоғамның жасанды зер­демен қаншалықты достасқанын түсінуге болар. ЖИ-ді қолдану­шылар білім алу, өзін-өзі дамыту, мәтінмен жұмыс істеу, ақпарат жинау секілді мақсатпен қатар денсаулығына байланысты кеңес алуды да әдетке айналдыра бас­таған. Сонымен қатар меди­цина­лық жеке дерегін жіберіп, ЖИ арқылы диагнозын анықтап, үй жағдайында ем-дом жасап жүрген жандар да жоқ емес. Осылайша, уақыт өткен сайын бұл жүйенің медицинаға дендеп ене баста­ғанын байқаймыз. 

OpenAI компаниясының дерегіне сәйкес, ChatGPT-ге ме­ди­циналық сұраныстар апта сайын миллиардтаған көлемде тү­седі. 800 миллионнан астам қол­данушының әр төртіншісі ден­саулыққа қатысты сұрақ қояды. Әсіресе, қаладан шалғай елді мекендерде тұратын халық үшін ЖИ жүйесінен кеңес алған тиімді болып отыр. OpenAI компаниясының мәліметінше, ЖИ медициналық қызмет жетіс­пейтін ауылдық аймақтарда маңыз­ды рөл атқарып жатыр. Дей тұр­ғанмен, ЖИ жүйесі қанша­лық­ты сенімді, ол дәрігер орнын баса ала ма? Бірінші санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Сматқызынан бұл туралы сұраған едік.

– Жүйенің артықшылығы жоқ емес, егер ЖИ-ді дұрыс қол­дана алса,  халықтың денсаулыққа байланысты сауаттылығын арт­тырып жатыр деп білемін. Кем­шілігі, диагноз тек шағымдарға ғана қарап қойылмайды. Паци­ентке нақты диагноз қою үшін объектив статусы қаралуы керек, яғ­ни дәрігер ағзада сырт көзге болып жатқан ақауды, сырқатты көзбен көріп, қолмен ұстап кө­ріп, одан соң диагностикалық тек­серуге жіберу қажет. ЖИ сіз­дің шағымдарыңызға қарап қана ақпар береді, кейде тіпті қате мағлұмат беруі әбден мүмкін. ЖИ-дің кеңестері пайдаға асып та жатады, бірақ ЖИ нақты диагноз қоя алмайды, дәрігер орнын баса алмайды, – дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, мы­салы, іш ауруы мазалаған жағдай­да жасанды интеллектіге науқас­тың шағымы жеткіліксіз болады, аурудың себебін нақты білу үшін дәрігер пальпация жасап көруі керек. Мұндай жағдайларда ЖИ дұрыс ақпарат бермейді.

Әлемдік тәжірибенің әсері 

Жасанды зерде пациент­тер­мен қатар медицина саласының мамандары арасында да кең қол­данысқа енді. Бұл елімізбен қатар әлемдік деңгейде де көрініс тауып отыр. АҚШ-та технология паци­ент­тер үшін де, дәрігерлер үшін де күнделікті құралға айнал­ған. Медициналық қауымдастық зерттеулеріне сәйкес, 2024 жылы дәрігерлердің 66%-ы жасанды интеллектіні қолданған, алайда олар диагноз қоюға емес, құжат жүргізу, ем жоспарын құру және ғылыми деректерді талдау үшін пайдаланады. Wolters Kluwer жүр­гізген зерттеуге сәйкес, АҚШ-та медицина қызметкерлерінің 40%-дан астамы ChatGPT секілді құралдарды аптасына кемінде бір рет қолданады. Олардың қата­рында медбикелер мен фарма­цевтердің үлесі жоғары. Оған қоса, қазір әлем елдері ЖИ-ме­ди­цина жүйесін реттеуді күшей­тіп жатыр, әсіресе АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония сынды дамыған мемлекеттер бұл мәселені қатаң бақылауға алған. Соған сәйкес саланы қаржыландыру да артқан. 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы ЖИ-дің әлемдік нарығы шамамен 26,6 миллиард доллар деп бағаланды, ал 2030 жылға қарай көрсеткіш 187,7 мил­лиар долларға дейін өсуі мүм­кін. Ал PwC бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай әлемдік меди­цина мен фармацевтикаға ЖИ енгізудің жиынтық эко­номика­лық әсері 868 миллиард долларға жетуі ықтимал.

ЖИ міндеті – жүктемені азайту 

Еліміз де денсаулық сақтау саласын цифрлық трансфор­ма­циялаудың жаңа кезеңін бастады. Жүйе бұл өзгерістерге қанша­лықты дайын? Сауалымызға Qazaq Expert Club-тың денсаулық сақтауды цифрландыру саласын­дағы шақырылған сарапшысы Әсел Абакова мен денсаулық сақтау экономикасы саласындағы сарапшы Марат Мамаевтың пі­кірінен жауап тапқан едік. Олар­дың айтуынша, кейінгі кезде ме­дицина саласына ЖИ тетік­терін енгізудің базалық цифрлық іргетасы қалыптасып үлгерген, мәселен электронды медицина­лық карталар, медициналық ақпараттық жүйелер, зерттеу­лер­дің цифрлық архивтері және телемедицина сервистері іске қосылды. 

– Халықаралық бағалаулар бойынша, дәрігердің жұмыс уақытының 30-40%-ға дейінгі бөлігі пациентті емдеуге емес, құжат толтыру мен әкімшілік процестерге кетеді. Сондықтан ЖИ-дің негізгі міндетінің бірі – осы жүктемені азайту, деректерді талдауды жеделдету және диаг­нос­тика дәлдігін арттыру, – дейді М.Мамаев.

Қазір ЖИ құжаттарды авто­матты түрде толтыру, дәрігер­лердің дауыстық жазбасын өңдеу, пациенттерді бағыттау, стацио­нар­лар жүктемесін талдау және дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті болжау үшін пайдаға асып жатыр. Елде кейбір тар бейінді мамандар тапшылығы байқалатын жасы­рын емес, кей өңірлерде бір ра­дио­лог тәулігіне жүздеген суретті қарауға мәжбүр. Ал ЖИ бастапқы талдауды жеделдетіп, пато­логия­ларды өткізіп алу қаупін азай­тады. Әсел Абакованың пайым­дауынша, медицина мамандары ЖИ-ді сәулелік диагностикада белсенді түрде қолданып келеді.

– Алгоритмдер компьютерлік томографияны, маммографияны, рентгенографияны, МРТ мен флюорографияны талдау кезінде кеңінен қолданылады. Әсіресе, COVID-19 пандемиясынан кейін мұндай шешімдер қарқынды енгізіле бастады, өйткені жүйеге өте үлкен көлемдегі зерттеулерді өңдеуге тура келді, – дейді ол. 

Cerebra.AI-дің артықшылығы

Еліміздің денсаулық сақтау саласында нәтижелі кейстер де бар, оның бірі де бірегейі – Cerebra.AI жүйесі. Ол бірнеше кли­никада инсульт диагностикасын жылдамдатып әрі дәлдігін арт­тырып, өлім-жітімді азайтуға ық­пал етіп отыр. Бұл кей жағ­дайда адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мысалы, ком­пьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдап береді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қазір Cerebra.AI елордадағы 17 ем­ханада және  Ақмола, Маң­ғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар инсультті диаг­нос­тикалауға арналған ЖИ жү-йе­лері елдегі 49 инсульт орта­лы-ғын­да 150 мыңнан астам ком­­­пью­­терлік томографияны тал­дап шыққан. Жобаға 700-ден астам дәрігер қатысып, диаг­ностика дәлдігі 87%-ға жеткен. 

– 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар 7 600-ден аса пациенттің дерегі талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі және  уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалады, – дейді министр Жаслан Мәдиев.

Бұдан бөлек, елімізде қатерлі ісік пен пневмонияны ерте анық­тау, телемедицина, зертханалық диагностика бағыттарында да жобалар дамыған. Биыл Ден­саулық сақтау министрлігі жасанды интеллект арқылы медициналық қызмет сапасын арттыруға арналған кешенді жоспарды іске қосуды көздеп отыр. ЖИ созылмалы ауруларды, жүрек-қан тамырлары тәуекел­дерін және диабетті бақылау жүйелеріне де біртіндеп енгізіліп жатыр. 

Мүмкіндіктің тәуекелі де бар 

Алайда салада мүмкіндік­термен қатар тәуекелдер де өсіп келеді. Негізгі мәселе – дерек сапасы. Егер ақпарат толық емес немесе қателіктер болса, алго­ритмдер сол қате деректі қайталап қана қоймай, оларды ауқымды түрде арттыра бастайды.

– Екінші күрделі мәселе – ЖИ қателіктері үшін жауап­кер­шілік. Егер алгоритм диагнозда қателессе, кім жауап береді: әзірлеуші ме, клиника ма, дәрі-гер ме әлде мемлекет пе? Әлем-дік тәжірибеде әзірге бұл мәсе-леге бірыңғай тәсіл қалыптасқан жоқ, – дейді Әсел Абакова.

Жасанды интеллект меди­цина маманының қолын ұзартып, көмекші құрал бола алғанымен, әлі де күрделі клиникалық жағ­дайларды нашар өңдейді, өйткені мұнда тек талдаулар мен сурет­терді емес, пациенттің жалпы жағдайын, қатар жүретін ауру­лары мен басқа факторларды ескеру қажет. Жасанды интеллект күн сайын медицина саласына жаңа өзгеріс әкеліп жатыр. Дей тұрғанмен, дәрігер де, пациент те жүйенің артық-кем тұсын өзі анықтап, мүмкіндікті пайдалану мен шектей білудің ара-жігін ажырата білуге тиіс. Қай кезеңде де жауапкершілік адам баласы­ның қолында қалуы керек.

Айсұлу СЪЕЗХАН