Әлеуметтік саясаттың маңызды жетістіктерінің бірі – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің сақталуы. Сонымен қатар медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Оның айқын дәлелі, былтыр Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.
Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер нақты көрсеткіштермен де расталады. Атап айтқанда, шамамен 300 мың азамат онкологиялық ауруларды тегін диагностикалаудан өтті. Балаларға жасалатын ашық жүрекке операциялардың жылдық саны 2 мыңнан асса, былтыр 3,4 миллион адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы жалпы қолдау көлемі 4,5 млрд теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Айта кетейік, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,2 млрд теңгені құраған болатын. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, саланың ең өзекті мәселелерінің бірі кадр тапшылығы болып қала беруде.
Дәрігер неге тапшы?
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың 84 мыңға жуығы – дәрігерлер. 2025 жылғы қорытынды статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде 3 869 дәрігер жетіспейтіні анықталды. Сонымен қатар орта медицина қызметкерлерінің (мейірбике, фельдшер) тапшылығы 4,5 мыңнан асады. Ең тапшы мамандықтар қатарында терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматолог, хирургтар мен акушер-гинекологтар және педиатрлар мен неонатологтар аталады. Аймақтар бойынша ең жоғары сұраныс, яғни кадр жетіспеушілігі Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполистерде, сондай-ақ шалғай өңірлердегі аудандарда ерекше байқалады.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, жас түлектердің кейбір нақты клиникалық бағыттар бойынша жұмыс істегісі келмеуі және өңірлердегі кадрлық теңгерімсіздік осы жағдайға әкеліп соқтыруда. Иә, саланың мәліметіне қарасақ, кадр тапшылығы жыл өткен сайын төмендеп келеді. Әсіресе, 2022 жылғы 5 мыңға жуық дәрігер тапшылығымен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш жаман емес, дұрысы кадр тапшылығы 20 пайыздай азайған. Бірақ бұл мәселе шешілді дегенді білдірмейді.
Дәрігер тапшылығының астарында бірнеше фактор бар. Ең алдымен, халық санының жылдам өсуі медициналық қызметке деген сұранысты арттырып келеді. Сарапшылар алдағы он жылда дәрігерлерге деген қажеттілік жыл сайын ұлғая беретінін болжап отыр.
Екінші мәселе – өңірлер арасындағы теңсіздік. Еліміздің ірі қалаларында дәрігерлердің шоғырлануы жоғары болғанымен, ауылдық жерлер мен шалғай өңірлерде маман жетіспеушілігі өткір сезіледі. Көптеген жас дәрігер әлеуметтік инфрақұрылымы жақсы дамыған қалаларда жұмыс істеуді жөн көреді. Ал ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесі, жұмыс жүктемесінің көптігі және кәсіби дамуға мүмкіндіктің аздығы олардың өңірлерге баруына кедергі келтіреді.
Үшінші мәселе – медицина қызметкерінің кәсіби күйзелісі. Дәрігер тәулігіне ондаған науқасты қабылдап қана қоймай, үлкен жауапкершілікті арқалайды. Соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия жағдайларының көбеюі де қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Сондықтан бүгінде кадр тапшылығы тек сандық емес, әлеуметтік және психологиялық мәселе ретінде қарастырылуда.
Мамандар әлеуметтік қолдаудан кенде емес
«Мемлекет жыл сайын медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1 760 дәрігер түрлі әлеуметтік қолдау шарасымен қамтылды. Оның ішінде 1 009 дәрігер ауылдық елді мекендерде, 546 дәрігер қалаларда, 205 дәрігер моноқалаларда еңбек етеді. Бұл ауыл медицинасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Жас мамандарды ынталандыру да күшейіп келеді. Былтыр жоғары оқу орындарын тәмамдаған 579 жас дәрігер әлеуметтік қолдау алып, олардың 294-і ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты. Бұл – кадр тапшылығын төмендетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қаржылық ынталандыру тетіктері де кеңейтілді. 236 маман республикалық бюджеттен, 1 399 маман жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы алды. Ал тапшы мамандықтар бойынша 529 дәрігерге арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіліп, олардың бір бөлігіне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Бұл шамамен 8,5 миллион теңгені құрайтын айтарлықтай ынталандыру пакеті», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбек.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының нәтижесі қандай?
Қоғамдағы әрбір адамның ең бірінші мәселесі – тұрғын үй. Мемлекет бұл жағынан да дәрігерлерді ерекше қолдап отыр. Мысалы, былтырдың өзінде 727 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілген, ал ауылдық жерлерге барған мамандар үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие мен көтерме жәрдемақы қарастырылған. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшаға басымдықпен орналастыру, көлік шығындарын өтеу, әскери қызмет бойынша жеңілдіктер сияқты әлеуметтік кепілдіктер де енгізілуде.
Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбектің айтуынша, бұл шаралардың нәтижесі де байқала бастаған. Соңғы екі жылда ауылдық жерлердегі тапшылық біртіндеп азайып келеді.
Дегенмен мәселе толық шешілді деуге ерте. Әлеуметтік қолдау қаржылай төлеммен ғана шектелмеуі тиіс. Дәрігер үшін қауіпсіз еңбек ортасы, кәсіби даму мүмкіндігі, тұрғын үй, әлеуметтік мәртебе және қоғамның құрметі де маңызды. Егер осы факторлар қатар қамтамасыз етілсе ғана жас мамандар өңірлерде тұрақтап, ұзақ мерзім еңбек етуге мүдделі болады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медицина саласына салынған инвестиция – адам капиталына салынған инвестиция. Дәрігер тапшылығының шешімі тек жаңа кадр даярлауда емес, бар мамандарды ұстап қалуда жатыр.
Қазақстан бүгінде медицинаны жаңғырту жолында маңызды қадамдар жасап жатқанын жоғарыда баян еттік. Бірақ төрт мыңға жуық дәрігер жетіспейтін жағдайда әлеуметтік қолдау бағдарламаларын одан әрі жетілдіру, ауылдық медицинаға ерекше көңіл бөлу және дәрігер мамандығының беделін арттыру уақыт талабы болып қала береді. Өйткені дәрігердің жағдайы жақсарып, мамандар жеткілікті болмайынша, халық денсаулығының сапасын арттыру да оңай болмайды.
Айгүл СЕЙІЛ
