Футбол – спортық ойын түрі ғана емес, миллиондаған адамның үміті мен арманы да. Биыл сол ұлы үміттердің бірі өзбек халқы үшін ақталғандай. Өзбекстан ұлттық құрамасы тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып, ел спортының жаңа белесін бағындырды.
Әлемдік додадағы дебют
179
оқылды

Өзбекстан ойыншыларына бұған дейін де әлем чемпионатына шығуға талай мүмкіндік болды. Алайда шешуші кездесулерде жолы болмай, бірнеше мәрте жеңіліске ұшырады. Жанкүйерлер де, фут­бол­шылар да соған қарамастан, басты мақсаттан бас тартқан жоқ. Ақыры көптен күткен сәт те туды.

Өзбек футболының өрлеуі

Әлем чемпионатына жолдама алу – тек ұлттық құраманың емес, өзбек футболының жеңісі. Кейінгі жылдары елде футболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өзбек­станның жастар және жасөспірім­дер құрамалары халықаралық жа­рыс­тарда сәтті өнер көрсетіп, азия­лық футболдағы өзіндік орнын қалыптастыра бастады. Қазір сол буыннан шыққан талантты ойын­шылар ұлттық құраманың негізгі күшіне айналды. Бұл орайда біз спорт сарапшысы Айдос Рымқұл­дың пікірін білген едік.

– Өзбекстанда тек футбол емес, жалпы спорт саласы мемлекет та­ра­пынан жүйелі қолдауға және қа­таң бақылауға ие, қаржының тиім­ді жұмсалуы қатты қада­ға­лана­ды. Кейінгі жылдары құрылған футбол академия­лары, инфра­құрылымның дамуы және өзбек футболшы­ларының ең­бек­қорлығы бір­тін­деп жо­ғары нәтиже беріп жатыр. Де­генмен маңызды фак­тор­дың бірі  FIFA тарапынан әлем чемпионаты­ның қатысу­шылар санын көбейтуі және Азия­ға бөлі­нетін жолдамалардың артуы болды. 

Бас бапкердің орнын кім басты?

Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуынан кейін ел футболына маңызды өз­герістер енді. Ұлттық құраманы тарихи жетістікке жеткізген Тимур Кападзенің орнына әлемге әйгілі италиялық маман Фабио Канна­вароның келуі көптеген талқыға да себеп болды.

– Әлем чемпионатында кейбір құрамалар алғашқы турлардан кейін-ақ бас бапкерін қызметінен босатып жатқан кезде Өзбекстан құрамасының тізгінін Тимур Капа­дзеден Фабио Каннавароға беруін ерекше жағдай деп санамаймын. Әрине, Өзбекстанды әлем чемпио­натына алып шыққан дәл осы Тимур Кападзе болды, бірақ Фабио Каннавароны таңдаған – Өзбек­стан футбол федерациясының өзі, – дейді спорт комментаторы Есей Жеңісұлы. 

Оның айтуынша, бұл шешім – әлемдік тәжірибесі бар мамандарға сенім артудың көрінісі. Тимур Кападзе жергілікті футболдың іш­ін­де өсіп-жетілген бапкер бол­ған­­дықтан, кейбір жаңа трендтерді толық сезінбеуі немесе кеш қабыл­дауы мүмкін. Ал Каннаваро – әлем­дік футболда із қалдырған тұл­ға. Ол Қытай чемпионатында да бапкер ретінде жеңіске жеткен әрі  жаттықтырушылық жолында өз мүмкіндігін енді көрсете бастаған жас мамандардың қатарында.

Әлемдік додадағы мүмкіндік

Әлем чемпионатында тәжі­рибелі құрамалармен бәсекелесу оңай болмағанымен, өзбек футбол­шылары топтық кезеңнен шығуға қауқарлы екенін бірнеше рет дәлелдеді. Әлемдік футбол элитасы жиналған додада өзбек футбол­шылары қаншалықты алысқа бара алады? Өзбек құрамасы мен Ко­лумбия ойыны жақындағанда, Есей Жеңісұлының пікірін білген едік. 

– Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы мүмкін­дігін аса жоғары бағалау қиын. Команда топтық кезеңде Колумбия және Португалия секілді өте мықты қарсыластармен кездеседі. Топта үшінші орын алып, келесі кезеңге шығып кетудің өзі үлкен сенсация болар еді. Колумбиямен таласып, екінші орынға көтеріледі деп айту қиын, дегенмен үшінші орынға ие болуға мүмкіндігі бар, – деп еді спорт комментаторы. 

Дегенмен бауырларымыздың плей-оффқа өтеріне әлі де сенім бар, себебі Өзбекстан құрамасының ірі турнирлерде тосын нәтиже көр­сететін дәстүрі де жоқ емес. Мәсе­лен, 1994 жылы ешкім күтпеген жерден Азия ойындарында чем­пион атанған болатын. Сондықтан бұл жолы да өзбек командасынан жағымды тосынсый болса, Ор­талық Азия футболы үшін үлкен серпін болар еді. 

Е.Жеңісұлының бол­жамы да шындыққа жанасып, Өзбекстан Колумбиямен кездесу нәтижесінде 1:3 есебі­мен жеңіліс тапты. Мексиканың Мехико қала­сындағы әйгілі «Ац­тека» стадионында өткен матчта колумбия­лықтар ойын тізгінін өз қолына алды. Өзбекстан құрамасы қорғанысқа басымдық беріп, барын­ша қарсы шабуылға сенім артты.  Ұзақ уақыт бойы қарсы­ластың шабуылдарына төтеп беріп, алайда алғашқы таймның 40-ми­нутында есеп ашқан голға тосқауыл қоя алмады. Луис Диас­тың әсем пасынан кейін Даниэль Муньос мергендігімен көзге түсті. Екінші таймда Өзбекстан құрамасы батыл ойнап, шабуылын жиілетті. Осы белсен­ділік көптен күткен нәтиже сый­лап, 60-минутта Аббос­бек Фай­зуллаев тарихи голын соқты. Ше­бер жартылай қорғаушы, осы­лайша, әлем чемпионатында Өзбек­стан атынан алғашқы гол салған ойыншы атанды. 

Өкініштісі, қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Ара­ға бес минут салып колумбиялық Луис Диас есепті қайтадан командасының пайда­сына шешті. Матчтың соңына қарай өзбек фут­болшылары таразы басын теңестіруге ұм­тыл­­ғаны­мен, қосымша уақытта Джамин­­тон Кам­пас үшінші голды соғып, кездесудің нүк­тесін қойды. 

Бұл нәтиже Колум­бия­ны К тобының көшбасшы­сына шығарса, Өзбекстан үшін алдағы кездесу­лердің маңызын арттыра түсті. Енді өзбек футбол­шылары келесі ке­зеңде Португалия құрамасына қар­сы алаңға шығып, әлем чемпио­натын­дағы алғашқы ұпайларын еншілеуге тырысады.

Түркі елдерінің спорттағы бірлігі

Әлем чемпионатында Түркия құрамасының жолы да әзірге сәтті басталмады. Түріктер топтық кезеңдегі алғашқы матчында Аустралиядан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Өкінішке қарай, 24 жылдан кейін әлем чемпионатына қайта оралған команда алғашқы ойында ұпай еншілей алмады. Тransfer­markt.world сайтына жарияланған дерекке сүйенсек, Түркия құра­масы­ның жалпы нарықтық құны 536,2 миллион еуро деп бағаланып отыр. Қызығы, Аустралия коман­дасының нарықтық құны 77,45 миллион еуро болған. Дей тұрған­мен, бұл ретте түрік ағайынға ұн­жырғаны түсіруге болмайды, келесі кезеңге жолдама алуға әлі де мүмкіндік бар. Сол себепті Түркия футболшылары Парагвай мен АҚШ-қа қарсы кездесулерде плей-офф кезеңіне шығу мүмкін­дігін сақтап қалу үшін бар  күшін салуға ниетті деп ойлаймыз.

Әлемдік футбол картасында түркі елдерінің жетістігі жайында да бірер сөз етсек. Бүгінде түркі халықтарын біріктіретін ортақ футбол кеңістігін қалыптастыру қажеттігі үнемі айтылып жатыр. Бұл туралы Есей Жеңісұлы мынадай пікір білдірген еді:

– Түркі елдері арасында футбол қауымдастығын құрып, шамамен үш-төрт жылда бір рет арнайы чемпионат өткізіп тұру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселені біз 2021 жылы Ыстамбұлға барған кезде Түркі кеңесінің басшылығына да айтқан болатынбыз. Сол кезде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Түрікменстан, Әзербайжан және Түркия құрамаларының қатысуымен турнир ұйымдастыруға мүмкіндік бар екені айтылды. Алайда Ресей құрамындағы Та­тарстан, Башқұртстан немесе Саха секілді өңірлер жеке мемлекет бол­мағандықтан, оларды мұндай жа­рысқа қосу мүмкін емес, – дейді ол.

Е.Жеңісұлының сөзінше, алты құрама арасында тұрақты чемпио­нат өткізуге болады, тіпті оған Вен­грия қосылуы да ықтимал. Со­нымен қатар Тәжікстан құрамасын қонақ ретінде шақыруға мүмкіндік бар. Дегенмен мұндай жарысты ха­лықаралық күнтізбеге сәйкестен­діру және оның клубтық футболға кедергі келтірмеуі маңызды мәселе болып қала береді. Қалай болғанда да, араб елдерінің, Шығыс Азия мемлекеттерінің өзара жарысы бар екенін ескерсек, түркі әлемі де мұндай бастамадан шет қалмауы керек. Оның үстіне, әлем чемпио­натына бір мезетте Түркия мен Өз­бекстанның жолдама алуы – түркі футболы үшін ерекше мақ­таныш.

Өзбекстан үшін басты міндет – әлем чемпионатында ел намысын қорғап тартысты ойын көр­сету. Әрине, әлемнің үздік құ­рама­­­ларымен бәсекелесу оңай бол­май­ды. Дегенмен бүгінгі жетіс­тік өзбек футболының әлеуетін көрсетті. 

Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті