Canyon компаниясы Eurobike 2026 көрмесінде велосипедтің жаңа концепциясымен таныстырды. Canyon Predict велосипеді қауіпті алдын ала ескертеді.
Canyon Predict велосипеді қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтереді
Canyon Predict жүйесі велосипедші байқамай қалған қауіптерді алдын ала анықтап, нақты уақыт режимінде ескерту береді. Фото bikeradar.com сайтынан алынды
177
оқылды

Aikyn.kz жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған велосипедтің техникалық сипатымен media-centre.canyon.com сайтының материалына сүйеніп таныстырады.

Жаңа велосипед жасанды интеллект, радарлар, камералар және түрлі сенсорлармен жабдықталған. Canyon мамандарының айтуынша, қазіргі автокөліктер қауіпсіздік технологияларының арқасында айтарлықтай жетілдірілсе, велосипед артта қалып қойған. Canyon компаниясының дизайн бөлімінің жетекшісі Феджа Делич бұл мәселеге ерекше назар аударады.

«Көлік жүргізу бұрынғыдан қауіпсіз бола түсті. Алайда велосипедпен жолға шығу кей жағдайда бұрынғыдан да қауіпті. Ал қазіргі технологиялар бұл жағдайды түбегейлі өзгерте алады», – дейді ол.

Canyon Predict жүйесінің басты ерекшелігі – қоршаған ортаны 360 градус бақылауда ұстауында. Велосипедтегі камералар мен радарлар жолдағы көліктерді, жаяу жүргіншілерді, жолдың қауіпті учаскелерін үздіксіз талдайды. Жүйе велосипедші байқамай қалған қауіптерді алдын ала анықтап, нақты уақыт режимінде ескерту береді.

Барлық ақпарат велосипед рөліндегі дисплейде көрсетіледі. Жүйе кеңейтілген шынайылық технологиясын қолданатын Stingr Smart ақылды шлемімен байланыса алады. Шлем визорында қауіп туралы ескертулер мен навигациялық ақпарат көрсетіледі.

Жобаның маңызды ерекшелігі – барлық есептеулердің бұлтта емес, тікелей велосипедтің өзінде орындалуы. Edge AI технологиясы интернетке тәуелділікті азайтып, деректердің құпиялылығын сақтайды әрі шешім қабылдау уақытын қысқартады.

Жүйе тек қауіп туралы ескертіп қана қоймайды. Мысалы, төтенше жағдайда велосипедші бір батырма арқылы орындықтың биіктігін төмендетіп, ауырлық орталығын түсіре алады. Бұл басқаруды жақсартып, апаттың алдын алуға көмектеседі. CANYON//SRAM командасының шабандозы әрі «Тур де Франс» жеңімпазы Касья Невядоманың пікірінше, бұндай технологиялар кәсіби спортшылар үшін де, әуесқой велосипедшілер үшін де үлкен мүмкіндік ашады.

«Жолда жаттығу кезінде велосипед пен айналадағы жағдай туралы қосымша мәліметтердің пайдасы зор. Бұл қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, өзгеріп жатқан жағдайларға жылдам әрекет етуге жағдай жасайды», – дейді спортшы.

Статистика да мәселенің өзектілігін көрсетеді. Еуропалық жол қауіпсіздігі кеңесінің дерегінше, 2024 жылы Еуроодақ елдерінде 1 926 велосипедші жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан. Ал Германияда соңғы он жылда велосипедшілер арасындағы өлім-жітім  20%-ға өскен.

Canyon Predict әзірге концепт жоба болғанымен, компания бұл технологиялардың бірнеше жылда барлық велосипедтердің ажырамас бөлігіне айналатынына сенімді. Жасанды интеллект пен сенсорлық технологиялардың дамуы велосипед қауіпсіздігін жаңа деңгейге шығарады деп болжануда.