Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Алматыда көгершіндердің неден қырылғаны анықталып жатқанын хабарлады.
«Бүгін бізге Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында жансыз жатқан әрі әлсіреп құлаған көгершіндерге қатысты фото мен видеоматериалдар келіп түсті. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, көгершіндерді тексеру үшін лабораториялық зерттеу жүргізгелі жатыр», – деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, құстардың қырылу себебі зерттеуден кейін жарияланады.
Ал әзірге әлеуметтік желіде тараған өлі құстарға қатысты әртүрлі болжам айтылып жатыр. Нақты себебі зерттеуден соң белгілі болады.