Біз білім, ғылым және инновация саласындағы мақсаттарымыздың деңгейін қайтадан көтеруіміз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Еуропамен білім саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет
138
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуропа арасында академиялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инновациялық жобаларды көбейту және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Біз білім, ғылым және инновация саласындағы мақсаттарымыздың деңгейін қайтадан көтеруіміз керек. Қазақстанның Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламаларына қатысуы қолда бар мүмкіндіктердің ауқымын айқын көрсетіп отыр. Бізге академиялық ұтқырлық пен ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инновациялық жобаларды көбейту және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу қажет. Уақыт ешкімді күтпейді. Қазақстан Еуропалық одақпен серіктестігінің келесі онжылдығына терең жаңғыру кезеңінен өтіп жатқан мемлекет ретінде қадам басып отыр. Біз тұрақтылық ең алдымен елдің өз ішінде қалыптасатынына сенімдіміз, – деп жазды Тоқаев.

Оның айтуынша, жаңа Конституция тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ірі жаңғыру қадамы болды. Ол заң мен тәртіпке негізделген, адам құқықтары мен бостандықтары толық құрметтеліп, қорғалатын әділетті мемлекетте өмір сүргісі келетін жаңа буынның ұмтылысын бейнелейді.

Сонымен қатар Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес қоғамдық есептілікті нығайтуға және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді саяси және экономикалық реформаларды бекітті.

Біз серіктестеріміз бен инвесторларымыз Қазақстаннан тек жаңа нарықты ғана емес, сонымен қатар тұрақты ережелерді, болжамды, әділ әрі ашық экономикалық басқару жүйесін көргенін қалаймыз. Өткен онжылдық бізге серіктестікті табысты дамытуға қабілетті екенімізге сенім берді. Алдағы онжылдыққа көз жүгіртсек, бұл әріптестік нақты әрі маңызды нәтижелер әкелуі тиіс деп санаймын. Қуаныштысы сол, Еуропа мен Қазақстанда бұл серіктестікті нығайту үшін қажетті құралдар мен ресурстардың басым бөлігі қазірдің өзінде бар. Қалғанын біз бірлесе отырып қалыптастырамыз, – деді Президент.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 маусым күндері Брюссель қаласында болып, Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізеді.

Сапар аясында Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жоспарланған.

Тараптар  Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастықты нығайту перспективасын талқылайды. Сондай-ақ сапар бағдарламасында Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесу қарастырылған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ірі еуропалық компаниялар жетекшілерінің қатысуымен өтетін «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөз сөйлеп, бірқатар кездесу өткізеді.