Қостанай облысы Ұзынкөл ауданына қарасты Ершовка ауылының учаскелік полиция инспекторы интернетте пайда болған бейнежазбадағы әрекеті үшін қызметінен босатылды, – деп жазады Polisia.kz.
Учаскелік полицей жолдастарымен бірге Ершовка ауылындағы үйлердің бірінен 28 жыл бойы сақталған спирт толы бөшкені тауып алған.
Сол жерде бөшкені ол телефонына видеоға түсіріп, жазбаны WhatsApp мессенджері арқылы танысына жібереді.
Алдымен полицей спиртті еденге төгіп, оған от қояды.
Бейнежазбада полиция қызметкері жанындағы адамдарымен тапқан «олжаны» сөз етіп, «осынша спиртпен коронавирус қорқынышты емес» деп пікір білдіреді.
Осы факті бойынша қызметтік тергеу жүргізген мамандар учаскелік инспектордың этикалық нормаларды бұзғанын анықтап, қызметінен босатты.
Бейнежазба «Одноклассники» әлеуметтік желісінде таралып кеткен.