Бюро мүшелері палатаның алдағы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын екінші оқылымда, сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімнің ратификациясын қарау туралы қаулы қабылдады.
Отырыстың күн тәртібіне «Психологиялық қызмет туралы» ҚР Заңы шығарылды. Онда уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері, сондай-ақ психологтар мен психологиялық көмек алушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
Заңдардың келесі топтамасында «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар бар.
Сонымен қатар алдағы бейсенбіде депутаттар бастамашылық еткен «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, энергетика және атом саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қаралады. Мұнда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастарды реттеу тетіктерін белгілеу және күшейту – басты мақсат болып отыр. Заңда сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды жіктеу, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды радиоактивті қалдықтар санатына ауыстыру, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу түрлерін санатқа бөлу реттеледі.
