Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев құқықтық тәртіпті нығайтуды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындағаны белгілі. Бұл орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты енгізіліп, полиция қызметінде профилактикаға негізделген жүйелі тәсіл қалыптасып келеді. Қызметті ұйымдастыру тетіктері жетілдіріліп, заңнамалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда. Мысал ретінде, буллингке, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты өзгерістер мен профилактика туралы жаңа заң жобасын айтуға болады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып жатыр. Ішкі істер министрлігі ең алдымен елді мекендердегі жаппай бейнебақылау жобасын белсенді жүзеге асырды.
Бүгінде «Елді мекендерді жаппай бейнебақылау» жобасы аясында елімізде 1,6 миллионнан астам бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 545 мың камера Жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерге қосылған. Соның арқасында қалалар мен елді мекендердегі жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік туып отыр.
Соңғы уақытта ашылған қылмыстардың көрсеткішіне назар салсақ, бейнекамералардың тиімділігі айқын көрінеді. Мәселен, әр кезеңде ашылған қылмыстық құқықбұзушылықтардың шамамен 66 пайызы дәл осы бейнебақылау құралдарының көмегімен анықталған. Бұл – цифрлық технологиялардың ішкі істер саласындағы іс жүзіндегі маңызын көрсетсе керек.
Сонымен бірге ішкі істер саласында Ұлттық бейнебақылау жүйесі жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі әртүрлі бейнебақылау жүйелерін бір орталыққа біріктіру және оларға жасанды интеллект технологияларын енгізу. Осы жоба аясында 24 мыңнан астам бейнекамера жасанды интеллект негізіндегі аналитикамен жабдықталып, адамның бет-әлпетін тану, күмәнді заттарды анықтау, көлік қозғалысын талдау сияқты күрделі тапсырмаларды орындай алады. Қазіргі уақытта бұл жүйе еліміздің барлық өңірінде сынақтан өткізілуде.
Ол ең алдымен адамдар көп жүретін жерлердегі, яғни әуежайлар, теміржол вокзалдары, мешіттер, мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар және тағы басқа нысандарға кеңінен орнатылуда. Осы жүйе қолданысқа енгізілгеннен бүгінгі күнге дейін 1 335 адам анықталып, ұсталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты. Тәуелсіздік жылдарынан бері қылмыс деңгейі 49 пайызға төмендеп, кісі өлтіру деректері 4,5 есеге қысқарған. Осы жылдары халық саны 1,5 есеге артқанын ескерсек, бұл – ауқымды профилактикалық жұмыстың нәтижесі.
Жалпы, қылмысқа қарсы күресте нақты бағытталған бағдарламалар іске асырылуда. Атап айтқанда, кісі өлтіру, ұрлық, киберқылмыс пен интернет-алаяқтық, есірткі бизнесі, адам саудасы, экстремизмге қарсы іс-қимыл және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруде кешенді жоспарлар жүзеге асуда. Бұл жерде де оң динамика байқалады. Мысалы, 2025 жылдың өзінде қылмыс деңгейі 7 пайызға, яғни 6 мың дерекке азайған. Оның ішінде кісі өлтіру 20 пайызға, қарақшылық 28 пайызға, тонау 30 пайызға, бұзақылық 11 пайызға, ал ұрлық 24,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстар 9 пайызға, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар 7 пайызға, көшелердегі қылмыстар 5 пайызға кеміген. Атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар да 16 пайызға қысқарған.
Дегенмен қылмыс – тек құқық қорғау органдарының мәселесі емес, ол әлеуметтік құбылыс. Оның деңгейіне экономикалық, көші-қон, мәдени және демографиялық факторлар тікелей әсер етеді. Жүргізілген талдаулар құқық бұзушылардың 80 пайызы жұмыссыздар, үштен бірі бұрын сотталғандар екенін көрсеткен. Ал адамға қарсы жасалатын қылмыстардың шамамен 30 пайызын алкогольді ішімдік ішкендер жасайды. Сондай-ақ заманға қарай қылмыстың табиғаты да өзгеріп жатқанын айта кету орынды. Себебі қазіргі қылмыстың 26 пайызы интернет-алаяқтықтың үлесінде.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, түйткілді тұстар әлі де аз емес сияқты. Министрліктің мәліметінше, биылдың өзінде кәмелетке толмағандар арасында 1600 қылмыс тіркелген. Оның басым бөлігі – ұрлық, бұзақылық, тонау және есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар. Мамандар мұның басты себебін ата-ана бақылауының әлсіреуінен көреді. Түнгі уақытта балалардың қараусыз жүруіне байланысты 107 мың ата-ана жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 1 900 ойын-сауық мекемесінің иесі жазаланса, қараусыз қалған 4 200 бала бейімдеу орталықтарына жеткізілген. 5 100 бала және өз міндетін жүйелі түрде орындамайтын 6 400 ата-ана арнайы есепке алынған.
Кез келген қылмыстың себебі қоғамның түрлі салаларымен тығыз байланысты. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қылмыстылықты тұрақты түрде төмендету үшін тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік орган мен азаматтық қоғамның бірлескен іс-қимылы қажет деп санайды. Ол министрлік әзірлеген 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасында көрініс тапқан.
Сол себепті соңғы уақытта салаға белсенді азаматтарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық бірлестіктермен жүйелі түрде жұмыс атқарылуда. Бүгінде көшелерде 4 700 қоғамдық көмекші азаматтарға қолдау көрсетуде. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждерде 1 264 студенттік отряд қызмет етіп, тұрғын үйлерде консьерждер, ал ауылдық жерлерде «Сақшы» және «Сарбаз» жасақтары жұмыс істейді. Олардың көмегімен 307 қылмыс ашылып, 15 мың құқықбұзушылықтың жолы кесілген.
Халықпен байланысты нығайтудың бір тегігі ретінде облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар мен учаскелік инспекторлардың былтыр 16 мың есептік кездесу мен жиын өткізгенін атап өтуге болады. Сондай-ақ мамандар 90 мың үй чаттарына кіріп, құқықбұзушылық туралы хабарламаларға жедел әрекет жасаған.
Дегенмен полиция қызметінің өз ішінде де шешімін күткен мәселелер бар. Қазір 4,5 мың учаскелік инспектор және патрульдік полиция қатарына 8 мыңнан астам штат жетіспейді. Ал бірқатар өңірде учаскелік полиция пункттері жоқ. Учаскелік полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі де жеткіліксіз: 2 мыңға жуық автокөлік, 2,5 мыңға дейін компьютер және 2 мыңнан астам радиостанция тапшы.
Полиция қызметі – тәуекелі зор, қауіпті сала. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін соңғы 35 жылда қызметтік міндетін атқару кезінде 825 қызметкердің қаза тауып, 4 700-і жарақат алғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл жағдай полицейлердің қоғам қауіпсіздігі жолындағы жанқиярлық еңбегін айқын көрсетеді.
Сөз соңында айтарымыз, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың және қауіпсіздіктің кепілі болып отырған мамандарға жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес. Олардың дер кезінде әрекет етуі мен профилактикалық жұмыстары кез келген құқықбұзушылықтың алдын алуға жол ашады. Әйтсе де, заң мен тәртіпке қатысты қағидаттарды сақату қоғамның өзінен де талап етілуі керек.
Омар ҰЛАРБЕКҰЛЫ
