Атырау – батыс өңірінің қақпасы ғана емес, отандық, шетелдік инвесторларды тоғыстырған ірі мұнай-газ секторы аймағына айналған облыс.
Өңір энергетикасы өрістей ала ма?
181
оқылды

Әсіресе, кейінгі жылдары өндіріс көлемінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және халық санының өсуі электр энергиясына деген сұранысты айтарлықтай арттырып отыр. Жаз болса апат болып, жарық та ажыратылатын кез аз емес.

Жақында «Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан Бірыңғай электр энер­гетикалық жүйесімен біріктіру» жобасының жүзеге асу барысымен танысу мүмкіндігі туды. Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жоба алдағы жылдары өңір тұрғындары мен кәсіпорын­дарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс. Мамандардың айтуынша, жаңа жоғары вольтты электр желілері мен заманауи қос­­ал­қы стансалар пайдалануға берілгеннен кейін электр қуатының тапшылығы азай­ып, апаттар саны едәуір қысқарады.

Бұл жоба еліміздің энергетика сала­сындағы стратегиялық маңызы зор бас­та­малардың бірі саналады. Өйткені қазір Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен оқшау орналасқан. KEGOC АҚ Батыс филиа­лының директоры Константин Чернохаев­тың айтуынша, бұл жоба Батыс Қазақстан­ның энергетикалық тәуелсіздігін күшейтуде ерекше рөл атқарады.

– Бұрын жүзеге асырылған «Жетіқара – Өлке» жобасы Ақтөбе облысын бірыңғай жүйеге қосуға мүмкіндік берді. Ал қазіргі «Өлке – Қарабатан» жобасы Батыс энер­гетикалық торабын одан әрі күшейтеді, – деді.

Жоба аясында 500 кВ «Қарабатан» қос­­алқы стансасы салынып, 500 кВ «Өлке» қосалқы стансасы кеңейтіледі. Сонымен қатар ұзындығы 578,2 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» жоғары кернеулі әуе электр жеткізу желісі тартылады. Оның 238,9 шақырымы Атырау облысы аумағы­нан өтсе, 339,3 шақырымы Ақтөбе облыс­ында орналасады.

KEGOC АҚ Батыс филиалының бас инженері Бейбіт Бағытовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. «Қарабатан» және «Өлке» қосалқы станцияларына арналған негізгі жоғары вольтты жабдықтар жет­кізілген. Оның ішінде, айырғыштар, 500 кВ автотрансформаторлар мен реак­торлар бар. Бүгінде 4 156 іргетас орна­тылып, 619 металл тірек монта­ж­далыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында отандық өнімдерге басымдық беріліп отыр.

Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін Батыс Қазақстан өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігі едәуір артады. Электр энергиясының тап­шылығы төмендеп, өндірістік кәсіп­орын­дардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі жоғары­лайды. Құны 201,8 миллиард теңгені құрай­тын жоба 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы