Ақмола облысында бес адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатынан кейін аман қалған үш азаматтың жағдайы белгілі болды.
Бес адамның өмірін қиған жол апаты: аман қалғандардың жағдайы белгілі болды
195
оқылды

Қанды қырғынға ұласқан жол-көлік оқиғасы ел жұртшылығын алаңдатып, қоғам назарын тағы да тасжолдағы қауіпсіздік мәселесіне аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, 21 маусым күні "Астана – Қорғалжын" тасжолында болған ірі жол апатынан зардап шеккен 2003 және 2004 жылы туған үш азамат елордадағы медициналық мекемеге жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, 2003 жылы туған алғашқы науқастың басынан жеңіл жарақат анықталған. Бас жұмсақ тіндерінің соғылуына байланысты тексеруден өткен азаматтың жағдайы тұрақты болғандықтан, оны ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындамаған.

Ал 2004 жылы туған екінші зардап шегушіге бірнеше ауыр жарақат диагнозы қойылған. Оның жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Сонымен қатар төбе тұсынан жарақат алып, бел омыртқасының екінші бел омыртқасы доғасының оң жақ аяқшасы сынғаны анықталған. Науқас қатты ауырсыну синдромына шағымданған.

Үшінші зардап шеккен азаматқа да аралас жарақат диагнозы қойылды. Оның миы шайқалып, сол жақ самай тұсы жарақаттанған. Бұған қоса, кеуде және бел омыртқаларының, сондай-ақ кеуде қуысының соғылғаны тіркелген. Дәрігерлер оның да қатты ауырсыну синдромынан зардап шегіп отырғанын мәлімдеді.

Медицина мамандары барлық науқастарды травматолог, нейрохирург және терапевт дәрігерлердің қатысуымен жан-жақты тексерген. Зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижесінде бір науқас амбулаториялық ем қабылдауға жіберілсе, қалған екі азамат Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының политравма бөлімшесіне жатқызылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған екі науқастың да жағдайы тұрақты. Олар мамандардың тұрақты бақылауында, әзірге денсаулық жағдайының нашарлау белгілері байқалмаған.

Еске сала кетейік, қайғылы жол апаты 21 маусым күні "Астана – Қорғалжын" тасжолында болған. Оқиғаға Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser маркалы үш көлік қатысқан. Соқтығыс салдарынан екі Toyota көлігі отқа оранып, алапат өрт шыққан.

Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бес адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Бұл қайғылы оқиға тағы да жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін көрсетіп отыр. Бір сәттік қателік бірнеше адамның тағдырын өзгертіп, бес адамның өмірін жалмады.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы