Медицинада бір қағида бар. Әрбір уақыт – науқастың өмірі. Кей жағдайларда шешімнің бірнеше минутқа кешігуі ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Алайда мейіргер жағдайды ерте көріп тұрса да, әрекет ету үшін рұқсат күтуі керек.
Елімізде мейіргерлік білім жыл өткен сайын дамып келеді. Бакалавриат бағдарламалары бар, магистратуралар ашыла бастады. Алайда басты мәселе – жоғары білім алған мейіргердің кәсіби статусы.
Мейіргер науқастың жағдайын бірінші байқайды, өзгерісті ерте анықтайды, қауіпті жағдайды алдын ала сезеді. Бірақ шешім қабылдау құқығы дәрігерге тиесілі. Мейіргер негізінен дәрігердің тапсырмасын орындаушы маман болып отыр. Елімізде тәжірибелі мейіргерлердің клиникалық білімі жоғары болғанымен, заңдық өкілеттігі шектеулі деп ойлаймын.

Реанимациядан бастап хирургия мен кардиологияда 12 жылдан астам еңбек етіп жүрген мейіргер ретінде шетелдегі жағдайды зерделеп қарадым. Мәселен, АҚШ-та ол – клиникалық шешім қабылдай алатын дербес кәсіби тұлға. Nurse Practitioner деңгейіндегі мейіргер науқасты жеке қабылдайды, диагноз қоюға қатысады, ем тағайындайды, кей штаттарда рецепт жазады, дәрігерсіз жұмыс істей алады. Жауапкершілік пен өкілеттік деңгейі басқа.
Білім мен өкілеттік артқан сайын жалақы да өседі. Қазіргі әлемдік тәжірибеде мейіргердің рөлі кеңейіп келеді. АҚШ-та олар тек клиникада емес, медициналық ақпарат жүйесі, телемедицина, сапа және қауіпсіздік бақылау саласында және пациентпен ұзақ мерзімді жұмыс істей алады. Мысалы, Nurse Informaticist мамандары медициналық деректерді талдайды, электрондық жүйелерді енгізеді. Осыған қарап бізде мейіргердің әлеуеті толық пайдаланылмайтынын түсінуге болады.

Шетелде білім алып, ол жақтың тәжірибесін еліміздің даму бағытына пайдаланушы маман ретінде ұсынысым бар. Мейіргердің заңды мәртебесін кеңейту туралы бастамалар елімізде қолға алынып жатқанымен, әлі бүкіл аурухана, емханалар жүйесіне енгізілмеген. Демек, біздегі медбикелерге клиникалық жағдайларда шешім қабылдау құқығын беру керек деп есептеймін. Жоғары білім алған мейіргердің еңбегі нақты бағаланып, білім мен жалақының байланысы болуы тиіс.
Әлемдік озық тәжірибені енгізу, телемедицина арқылы ауыл медицинасын күшейту, шалғай аймақтарда мейіргерлердің рөлін арттыру маңызды. Сондай-ақ жаңа кәсіби бағыттарды дамыту үшін мейіргерді тек клиникалық емес, технологиялық және аналитикалық бағыттарға тартудың тиімділігі зор.
Медбикенің кәсіби статусы туралы менің алғашқы көзқарасымды Назарбаев университетінде бакалавр дәрежесінде білім алып жүргенде Америкадан келген оқытушым өзгерткен болатын. Бұл көзқарас менің өз еліміздің денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге құлшынысымды арттырып, білімге деген қызығушылығымды оятты. Осылайша шетелде магистрант дәрежесінде білім алуды мақсат тұттым. Шымкенттегі медициналық колледжді, Назарбаев университетін мемлекеттік грант негізінде қызыл дипломмен аяқтап, Америкадағы Индиана университетіне оқуға түстім. Бұдан кейін Тілдер мектебінде ағылшын тілін үйреніп, NCLEX RN емтиханға дайындық кезеңіндемін.

Қазір шетелде осы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа бағытта жұмыс істейтін мейірбикелерді даярлайтын оқу бағдарламасын әзірлеудемін. Кейде Америкада оқи жүріп, сол баяғы түнгі ауысымды жиі еске аламын. Реанимация. Қиын жағдай. Дайын шешім. Бірақ әрекет ету мүмкіндігім шектеулі болды. Сол күннен бастап мені үнемі бір сұрақ мазалайды. Егер маман жағдайды түсініп тұрса, бірақ әрекет ете алмаса, жүйе толық жұмыс істей ме? Қазақстан мен АҚШ тәжірибесін салыстырғанда негізгі айырмашылық білімде емес, сенімде. Бір жүйе мейіргерге сенім артады. Екіншісінде ол тек орындаушы рөлінде. Бірақ шындығында мейіргер – пациентке ең жақын маман. Оған сенім артылған күні медицина да өзгереді деп ойлаймын. Ал медицина өзгерсе қоғам да өзгереді.
Ботагөз АҒАБЕКОВА,
мейіргер
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
