25 маусым күні сағат 21:55 шамасында Қостанай-Оңтүстік стансасында 16 жастағы жасөспірім жүк вагонының төбесіне шығып, байланыс желісінің жоғары кернеулі тогына түсіп қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ға сілтеме жасап.
Олардың хабарлауынша, жасөспірім ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның денесінің шамамен 50 пайызын термиялық күйік шалғанын айтты.
"Қостанай стансасындағы көліктегі полиция бөлімі теміржол көлігі қозғалысының немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалы жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады көліктегі полиция.
Мамандар ата-аналарды балаларға бақылауды күшейтуге шақырып, теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін еске салды. Сондай-ақ теміржол маңында ойнауға жол бермеуді және вагондарға шығу мен басқа да қауіпті әрекеттердің қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін балаларға түсіндіруді сұрады.
