2026 жылғы 1 шілдеде ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстанның тарихи карталар галереясының, сондай-ақ кәдесый және қолөнер аймақтарының салтанатты тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық мемлекеттіліктің көпғасырлық тарихын кеңінен насихаттау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына орай жүзеге асырылды. Конституцияның басты жаңашылдықтарының бірі – Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы туралы қағида.

«Бүгін біз жаңа экспозицияның немесе кезекті мәдени жобаның ашылуынан әлдеқайда ауқымды мәнге ие тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстанның тарихи карталар галереясының, кәдесый және қолөнер аймақтарының салтанатты тұсаукесері жаңа Конституцияның күшіне енуімен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, оның мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы ерекше. Бұл – жаңа Конституциядағы Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы туралы негізгі қағидалардың іс жүзіндегі алғашқы көрінісі. Мемлекет басшысы еліміздің тарихына терең әрі жауапкершілікпен қараудың маңызын үнемі атап өтеді. Ол өткеннің ұлы дәуірлеріне жүгіну бос пікірталастардың немесе тарихи үлгілерді механикалық түрде қайталаудың құралы емес, бүгінгі дамуға серпін беретін таным мен жасампаздықтың қайнар көзі болуы тиіс екенін бірнеше рет айтқан. Тарих қоғамның өзін тереңірек тануына, ұлттық бірегейлікті нығайтуына, өткеннен тағылым алып, болашақтың сын-қатерлеріне сенімді жауап беруіне ықпал еткен жағдайда ғана шынайы құндылыққа ие болады», – деді өз сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Қазақстанның тарихи карталар галереясының ауқымды экспозициясының негізін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың іргелі ғылыми зерттеулері құрады. Бұған дейін ғалым Мемлекет басшысына «Тарих ағынындағы Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі. XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбегін таныстырған болатын. Қазақстан Президенті бұл ғылыми еңбекті жоғары бағалап, оның нәтижелерін көпшілік арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында тарихи карталар галереясының ашылуының терең символдық мәні бар. Президенттік орталық – қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің жады институты ғана емес. Бұл – мемлекет тарихы, конституциялық даму, саяси мәдениет пен ұлттық құндылықтар өзара сабақтасқан біртұтас кеңістік. Сондықтан дәл осы жерде Қазақстанның тарихи карталар галереясының орналасуы оны ерекше зияткерлік, білім беру, дипломатиялық және мемлекеттік алаңға айналдырады. Бұл галерея Қазақстанның терең тарихи тамырларын, кеңістіктік сабақтастығын және бай мемлекеттік дәстүрін айқын көрсететін көрнекі әрі құжаттық айғақ болады. Қуатты мемлекет өз тамырын біледі, бүгінгі күн алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді және болашаққа сеніммен қарайды», – деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Галереяның бірегейлігі – онда XI–XIX ғасырлардағы белгілі араб, еуропалық және ресейлік саяхатшылар мен зерттеушілердің тарихи карталары топтастырылған. Бұл карталар қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы эволюциясын көрнекі түрде бейнелейді.
Қазақстанның тарихи карталар галереясын ҚР Президенттік орталығы базасында құру – тарихи ақиқатты жүйелеуге, цифрландыруға, сақтауға және кеңінен танытуға бағытталған стратегиялық бастама. Жоба Қазақстан мемлекеттілігінің ежелгі дәстүрлері мен қазіргі заман арасындағы ғылыми-білім беру көпіріне айналып, осы баға жетпес мұраны ғалымдар, жұртшылық және келешек ұрпақ үшін қолжетімді етуді мақсат етеді.

Іс-шара аясында бірегей қолөнер аймақтары да ашылды. Онда Қазақстанның жетекші шеберлері – танымал зергер Берік Әлібай мен әскери тарих саласының белгілі маманы, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің бірегей туындыларын ұсынды.
Қазақстанның тарихи карталар галереясының, кәдесый және қолөнер аймақтарының бір жоба аясында таныстырылуы ұлттық мемлекеттіліктің көпғасырлық тарихы мен халқымыздың өміршең мәдени мұрасының өзара ажырамас байланысын айшықтайды әрі оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиялық қауымдастықтың танымал ғалымдары мен сарапшылары, дипломатиялық корпустың, мәдениет және білім беру салаларының өкілдері қатысты.
