Ұлттық құндылық – қашанда ұмытылмауға тиіс рухани байлық. Осы тұрғыдан алғанда биылғы Ұлттық домбыра күнін Арқалық қаласының жұрты кең көлемде атап өтті. Мерекелік іс-шаралар бір емес, екі күнге созылды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар ұлттық өнердің мәртебесін айшықтады десек, артық айтқанымыз емес. Бағдарламаға қала тұрғындары, өңір қонақтары, өнер ұжымдары мен жас орындау-
шылар қатысып, қазақтың дәстүрлі музыка өнері кеңінен насихатталды.
Арқалықта әуелеген күй
124
оқылды

Мереке аясында «Тобыл – Торғай» күйшілерінің күй тартысы, «Қорқыт» этнофольклорлық ансамблінің, «Ақжелең» ұлт аспаптар ансамблінің концерттері, белгілі күйші Анар Мұздаханованың шығар­машылық кеші, түрлі мәдени кездесу мен концерттік бағдарламалар ұйымдас­тырылды.

Мерекенің шарықтау шегі – 1000 домбырашы мен 26 қобызшының бір мезетте өнер көрсетуі болды. Қазақтың халық күйлері орындалған ерекше композиция ұлттық рухты асқақтатып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Салтанатты іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық домбыра күнімен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз» деп атап өтті. Ата-бабамыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отан­шылдықтың көрінісі. Президенттің Торғай өңірінің дамуына қатысты берген тапсырмасына сәйкес бүгінде Қостанай облысының әкімі Құмар  Ақсақаловтың бастамасымен Арқалық қаласының әлеу­меттік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол домбыраның ұлттың рухани болмысын айқындайтын қасиетті мұра екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін жеткізді.

Мерекеге алыс-жақыннан келген қонақтар да белсенді қатысты. Олардың қатарында шетелдік туристер де болып, қазақтың күй өнері мен домбыраның қоңыр үніне жоғары бағасын берді.

Іс-шара барысында ұлттық өнерді дамытуға және домбыра мәдениетін насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, қала әкімінің алғысхаттары мен сый-сияпаттары табысталды.

Мерекелік шаралар мұнымен толастаған жоқ. Қала жұрты орталық «Наурыз» алаңында «Күй құдіреті – домбыра мен қобыз» атты мерекелік іс-шараны тамаша­лады. Шаһар домбырашылары мен халықтық ұлт-аспаптар оркестрі сахнаға жайғасып, түрлі күй ойнады.  

Ұлттық домбыра күніне арналған мере­келік бағдарлама еліміздің өнер майтал­мандары қатысқан «Жаса, жайна Арқалы­ғым!» атты гала концертпен қоры-

тын­дыланды. Арқалықтағы кең көлемді мере­ке халқымыздың төл өнерін ұлықтап, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін және ұрпақтар сабақтастығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

М.Жалғасұлы