Президент «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжаттың негізгі бағыттары бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының бірлескен баспасөз брифингінде таныстырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жарлық цифрлық активтер нарығын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Егер осы уақытқа дейін негізгі назар заңнамалық базаны қалыптастыруға аударылса, енді мемлекет цифрлық активтерді қаржы жүйесіне енгізу, инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытындағы нақты жобаларды іске асыруға көшеді.
Брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттің басты мақсаты – криптовалюталар айналымына тыйым салу емес, оны заңды әрі ашық нарыққа айналдыру екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауынан кейін Үкіметпен және Парламентпен бірлесіп цифрлық қаржы активтері нарығының заңнамалық негізін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Биыл заң күшіне енді. Бұл цифрлық қаржы активтері индустриясының іргетасын қалаған алғашқы қадам болды», – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық банк Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп криптоиндустрияны дамытудың ортамерзімді жоспарын әзірлеп жатыр. Құжатта нақты іс-шаралар, оларды іске асыру мерзімдері және жауапты мемлекеттік органдар айқындалады.
Жарлық аясында трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдары үшін стейблкоиндерді пайдалану тетіктерін енгізу, цифрлық активтер нарығында қызмет көрсететін провайдерлердің қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ токенделген мемлекеттік облигацияларды шығару жобаларын іске қосу көзделген.
Сонымен қатар орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) секторын реттеу тетіктері айқындалып, Alatau City цифрлық инфрақұрылымын дамыту және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара ықпалдастықты кеңейту жоспарланып отыр.
Брифинг барысында Тимур Сүлейменов Президент Жарлығы цифрлық активтердің заңды айналымына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Біз өз нарығымызға да, өңірлік және жаһандық нарыққа да Қазақстанның өңірлік криптохаб болуға ниетті екенін нақты көрсетуіміз керек. Бұл үшін барлық қажетті жағдай жасаймыз, адами, қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды толық жұмылдырамыз. Сондай-ақ бұған дейін еліміздің юрисдикциясынан тыс платформалар мен әмияндарға салынған капиталды Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік беретін құқықтық және салықтық ынталандыру тетіктері енгізіледі», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, толыққанды әрі түсінікті реттеу жүйесі халықаралық инвесторлардың сенімін арттырады.
«Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Қаржы реттеушісі ретіндегі біздің үлесіміздің бірі – осы Жарлықтың толыққанды іске асырылуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.
Заманауи құқықтық база мен цифрлық инфрақұрылымның дамуы ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға, қаржы жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және еліміздің Орталық Азиядағы жетекші криптохаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, цифрлық активтерді құқықтық реттеудің кешенді жүйесі биыл 1 мамырдан бастап күшіне енді. Ал Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Жарлық осы реформаның заңды жалғасы болып, саланы құқықтық реттеу кезеңінен нақты іске асыру кезеңіне өткізуді көздейді.
