Амандасу бір қарағанда қарапайым рәсім сияқты. Адам кездеседі, сәлем беріседі, хал сұрасады. Бірақ дәстүрлі қоғамда амандасудың мәні жай ғана жалаң қимылмен шектелмеген.
Сәлемі дұрыстың әдебі дұрыс
101
оқылды

Оның өн бойында адамның жасы, жынысы, туыстық дәрежесі, әлеуметтік мәртебесі, өзара қарым-қатынасы, тіпті халықтың ұят, ізет, сыпайылық, сыйластық туралы түсінігі тоғысып жатқан. Сондықтан Президенттің жүріс-тұрыс әдебі жайлы айтқан сөзінде терең тарихи негіз бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында дауыс берген соң бірқатар сауалға жауап берді.  Журна­листермен сұхбаттасып, Мемлекет басшысы дәстүрлі құндылықтарды қайта жаңғырту қажет екенін алға тартып, сәлемдеудің де өз әдебі бар екенін айтты.

– Жастардың да, аға буын өкілдерінің де сәлемдесу мәдениетін бақылап жүрмін. Ерлердің бір-бірін құшақтап, сүйіп аман­дасуы, әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүйіп амандасуы дұрыс емес. Салт-санамызда ондай ешқашан болмаған! – деді Мемлекет басшысы.

Рас, қоғамдық орындарда жігіттердің қол алысып қоймай, құйрық-бауыр асасқан құдаларша құшақтасып, төркіндеп келген келіншектерше сүйісіп амандасқанын көп байқаймыз. Байқаймыз да, басымызды шайқаймыз. Кейінгі кезде жаппай үрдіске ұласқан біртүрлі көрініс, шыны керек, оғаштау көрінеді. Өйткені Президенттің жаңағы пікірін ғылыми-этнографиялық деректер де толық растайды. Осы тұста саяси мәлімдеме мен тарихи мәліметтің аражігін ажыратқан абзал. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ерлердің құшақтасып, бір-бірін беттен сүйіп амандасуы қазақ дәстүріне жат» дегені жалпы шындыққа жанасады. Дегенмен бұдан «қазақ мүлде құшақтаспа­ған» деп тұжырым түйсек, бірбеткей сыңа­резулікке салынар едік. Қазақ мәдениетінде құшақтасу, төс түйістіру, көрісу болған, әйтсе де әрқайсының өз орны бар еді.

Халқымызда амандасу рәсімі әлеуметтік субординацияны, жас айырмасын, жыныс­­тық шекараны, туыстық қатынасты, ішкі моральдық-этикалық нормаларды реттейтін жоралғы рөлін атқарған. Ишарат та тіл се­кілді сөйлейтін. Қазіргі әлеуметтанушы­лар адамдар арасындағы дистанцияның мәдени мәнін «проксемика» ұғымы арқылы зерттейді. Қазақтың дәстүрлі ортасында осы прок­семикалық тәртіп айқын белгі­ленген: ер мен әйелдің, үлкен мен кішінің, жақын мен бөтеннің арасы бірдей болмаған. Кіммен құшақтасу керек, кімге бас ию керек, кіммен қол алысып амандасу керек, кімге мүлде жанаспау керек – мұның бәрі жазылмаған заң тәрізді қатаң сақталатын.

XIX ғасырда қазақ даласын аралаған орыс тарихшысы, этнограф, шығыстанушы А.Левшин 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде: «Қазақ жолда абыройлы не бай кісіні жолықтырса, атынан түсіп, оның қолын қос қолдап қысады. Ал ханға кезіккенде жол жиегінде тоқтап, ол өтіп кеткенше күтуге тиіс: өтіп бара жатқанда басын иіп, оң қолын кеудесіне басады да, дауыстап сәлем береді. Мәртебесі төмен қарапайым жан ханға немесе ықпалды сұлтанға қолын кеудесіне қойып, тағзым етпейінше тақай алмайды. Тең дәрежелі, бірақ етене ара­ласпайтын жандар тек қол алысады. Жақын достар бір-бірін құшаққа басады», – деп жазыпты.

Дала тұрмысынан тұщымды жазбалар қалдырған В.Радлов та 1884 жылғы «Из Сибири» кітабында қазақтың амандасу мәдениетін егжей-тегжейлі сипаттаған: «Үйге кірген адам «Аман ба?» немесе «Аман-есен отырсыз ба?» деп сәлемдеседі. Үй иесі «Аман» немесе «Құдайға шүкір» деп жауап қайтарады. Жасы кіші адам үлкенге екі қолын бірдей созады, ал үлкен кісі оған деген сыйластығы мен жақындығы­на қарай бір қолын немесе екі қолын ұсы­нады», – дейді ғалым. Демек, қос қолдап сәлемдесу ертеде кішіпейілдік нышаны саналған. Жасы үлкеннің сәлемді қабыл­дауы оның ізет-ілтипатына байланысты. Амандасқанда сыйластық та, сыпайылық та, жас ерекшелігі де ескерілген. Ал Пре­зидент айтқандай «қолдың ұшын ұстата салу» көргенсіздікке баланған.

В.Радлов қазақтардың бейберекет құшақтаса бермегенін айырықша атап өтеді.  «Көптен көріспеген немесе бауыр басқан достар құшақтасып, төс түйістіріп қауышады. Осылайша, бір-біріне деген ыстық ықыласын білдіреді. Жалпы, қазақ­тардың сезімін сыртқа шығаруында ұстам­дылық пен байсалдылық басым. Қуанышы қанша тасып тұрса да, қайғысы қанша басып тұрса, олар улап-шуламайды, орынсыз ұшқалақтанбайды», – деп куәлік етеді зерттеуші. Яғни қазақтың ерлері ара-тұра сағынысып құшақ айқастырса да, қазіргідей көрген сайын өліп-өшіп өбісе кетпеген.

Академик Әлкей Марғұлан төс түйістіру төркінін көшпелілердің байырғы әскери-ғұрыптық дәстүрінен іздеген. Бұл әрекеттің астарында «жүрегіміз де, тілегіміз де бір» деген түсінік жасырылған. Ру-тайпалар арасындағы дау бітіп, бітім жасалғанда да би-батырлардың төс қағыстыруы «араздық аяқталды» дегенді аңғартқан. Біз осындай ритуалдық рәсімдерді күнделікті амандасуға айналдырып, тым арзандатып жіберіппіз.

Тақырыптың тағы бір қабатын көркем әдебиет ашады. «Абай жолы» романының алғашқы беттерінде оқудан оралған жас Абайдың әкесіне және ел ағаларына аман­дасуы қолмен қойғандай нақты суреттелген: «Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады». Міне, бары осы-ақ. Елжіреу де, емірену де жоқ. Әрине, артынша Абайды шешелері кезек-кезек сүйіп, «бетінен сүйер жер қалдыр­майды». Бірақ ол көріністің ересектерге қатысы шамалы.

Баршаға мәлім, 1960-1980 жылдары, әсіресе Брежнев заманында партиялық номенклатура қатарында үш рет беттен өбісіп амандасу, «социалистік бауырластық сүйіс» немесе «трижды по-брежневски» делінетін протокол кең тараған. Келеңсіз құбылыс одақтас республикалардың, со­ның ішінде Қазақ КСР-інің партиялық-мемлекет­тік аппаратына жұқты. Алайда бүгінгі жастардың бет жанастыруын тікелей Бреж­невке тіресек, жаңсақтыққа ұрынамыз. Бұған Кавказ және Таяу Шығыс мәдениеттері де ықпал етуі ықтимал. Грузиндерде, армян­дарда, шешендерде, дағыстандықтарда, кейбір Таяу Шығыс халықтарында ерлердің құшақтасып, бетке бет тигізуі ежелден қалыптасқан. Кеңестік кезеңдегі аралас әлеуметтік орта, кейінгі спорт жарыстары т.б. байланыстардың қазақ жастарына әсері болуы әбден мүмкін.

Президент өз сөзінде күштік құрылым өкілдерінің шамадан тыс еркін амандасуына назар аударып: «Әсіресе әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені ерсі көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршал­дардың бұлай істегенін елестете аласыздар ма?» – деп түйреді. Түйрейтін жөні де жоқ емес. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекіткен Әдеп кодексі бойынша қарапайым­дық, ұстамдылық, дәстүрге құрметті, іскерлік әдеп стандарттары мүлтіксіз сақталуға тиіс. Қарулы Күштердің жарғысында әскери субординация, офицерлік намыс және әскери сәлемдесу тәртібі арнайы регламент­теледі. Сол себепті генералдың яки офицер­дің жөннен кетіп, жосықтан асуына жол беруге болмайды.

Әлемде мұндай мәдени жаңғыру мы­салдары баршылық. Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасын құру барысында күнделікті киімнен бастап қоғамдық жүріс-тұрыс, ресми этикаға дейін көптеген реформа жүргізді. Сингапур көсемі Ли Куан Ю да азаматтардың қоғамдық орындардағы мінез-құлқына, тазалыққа, тәртіпке және ортақ ережені құрметтеуге қатты көңіл бөлді. 

Айтпақшы, Мемлекет басшысының өз ұсынысы да ұтымды: «Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жет­кілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуаныш­ты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңіз­ге қо­йып амандасыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, кісіге құрмет міндетті түрде жа­қындасып, жабысумен өлшенбейді. Әдеп­тің ең әдемісі арақашықтық сақтап, бі­реудің жеке шекарасын бұзбау десек, бізбен ешкім дауласпайтын шығар.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ