Олжас Бектенов биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституция ауқымды президенттік реформалардың жалғасы екенін және экономиканы одан әрі жаңғырту үшін берік негіз қалайтынын атап өтті.
«Негізгі заңмен бірге «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық даму драйверлерінің бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласының кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті – арнаулы құқықтық режимді уақытылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Алатаудың қазіргі бар елді мекендерінің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда, олар – Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір, Жаңаталап шағын аудандары. Осы жылдың соңына дейін Қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік ARUP және BCG компанияларын тарта отырып, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтау жоспарлануда.
