Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады.
Халықтың табысын арттыру маңызды
138
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Рес­публикасының биылғы қаңтар-мау­сым айларындағы әлеуметтік-эко­номикалық даму қорытындылары тура­лы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты.

Премьер-министр бірінші жарты­жыл­дық қорытындысы бойынша ішкі жал­пы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баян­дады. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайыз­ға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты. Сондай-ақ сауда-сат­тықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруа­шы­лығында – 4,4 пайыз және байланыс қыз­метінде 4,3 пайыз өсім тіркелді. Негізгі капиталға тартылған инвес­ти­ция көлемі 9,5 триллион теңгені құра­ды, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды.

Олжас Бектенов ұлттық экономика құ­рылымын нығайту жөнінде есеп бер­ді. Биыл өңдеу секторында 1,7 трил­лион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашы­­лады. Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйе­сінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтты. Пайдалануға берілетін тұр­ғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек. Ауыл шаруашылығын­дағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион тең­гені құрап, егістік алқаптары 23,8 мил­­лион гектарға дейін ұлғайды. Шаруа­­ларды қолдауға 1 триллион тең­ге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр тең­­гесі 6,5 теңге жеке инвестиция тар­ту­ға септігін тигізді.

Мемлекет басшысына Халықтың та­бысын арттыру жөніндегі кешенді жос­пардың іске асырылуы және ин­фля­цияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді. Маусым айында жыл­дық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.

Президентке әлеуметтік және кө­ші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндалды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеу­мет­тік қолдау тетіктерінің тиімділігін арт­тыру тәсілдері таныстырылды. Кей­бір әлеуметтік төлемдерді оңтай­лан­дыру нәтижесінде жылына 800 мил­лиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.

Кездесуде жылыту маусымына дайын­дық мәселесіне айрықша назар ау­дарылды. Өткен маусымның қоры­тындысы бойынша бес жылу электр ор­талығы аса жоғары тәуекелдің «қы­зыл» аймағынан шығарылып, үш ЖЭО «жасыл» аймаққа ауыстырылды. Биыл­ғы жөндеу жұмыстары 9 энергия бло­гын, 55 қазандықты және 51 турбинаны қамтиды. Аталған мақсатқа 384 мил­лиард теңге бөлінген. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым ин­же­нерлік желі жөнделеді.

Президентке цифрландыру және ұлт­тық АІ инфрақұрылымын дамыту жө­ніндегі тапсырмаларының орын­далуы туралы мәлімет ұсынылды. Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу ор­та­лығы алқабы» жобасын іске асыру мақ­сатында әлемдік ІТ көшбасшы­лары­мен бірге қуаты 250 МВт болатын инф­рақұрылым жасақталатынын айт­ты. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асты.

Мемлекет басшысына туризм инф­рақұрылымын жаңғырту жайында есеп берілді. Алматы тау кластерін да­мыту туризм саласының ІЖӨ құрылы­мын­дағы үлесін арттырады. Almaty Super­Ski жобасының құрылысы жан­дана түсті: 60 шақырым трасса құры­лы­сы аяқ­тал­ғанда тәулігіне 10 мың адам­ға дейін қыз­мет көрсетуге мүм­кін­дік туады. Ны­санды пайдалануға беру 2028 жыл­дың желтоқсан айына жос­пар­ланған. Еліміз «Болашақ ойын­дары-2026» жарыстарын өткізуге дайын.

Мемлекет басшысы жаңа Консти­туция­ға сай қабылданып жатқан шара­лар туралы хабардар болды. Заңнаманы Ата заңға сәйкестендіру, «Әділетті Қа­­зақстан» және «Заң мен тәртіп» қа­ғи­даттарын нығайту, әлеуметтік сая­сатты жетілдіру, Алатау қаласын қар­қын­ды дамыту үшін құқықтық негіз қа­лыптастыру, сондай-ақ «Таза Қазақ­стан» бастамасын ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыруды тапсырды. Үкіметке әлеуметтік және инф­рақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алу міндеті жүктелді. Бұл бастама ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтар­лықтай жақсартуға тиіс. Заманауи ден­саулық сақтау нысандарын салуға ерек­ше назар аударылады.