Жалпы, былтыр өңірде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жанданғанынан ел хабардар. Баянды бастама аясында 7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 210 мыңға жуық адам қамтылды. Оның ішінде 130 мыңнан астамы – жастар. Енді, міне Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында Жамбылда тағы бір жобаға жан бітіп отыр.
Осы орайда күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков кітап оқу мәдениетін дамыту және жобаны бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Кездесуде Ербол Шырақпайұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
– Кітап – ұлттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің, парасат пен мәдениеттің қайнар көзі. Қоғамның дамуы, ең алдымен, азаматтарының білім деңгейі мен кітапқа деген құрметіне байланысты. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – деді өңір басшысы.
Бүгінде Жамбыл облысындағы 275 мемлекеттік кітапхананың кітап қоры 3 миллион 876 мыңнан асады. Кітапханаларда 224 мыңнан астам оқырман тіркелген. Оқырмандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кітапханалар жанынан 32 коуоркинг орталығы ашылып, жастардың кітапханаға келу көрсеткіші айтарлықтай артқан.
Цифрландыру бағытында да бірқатар маңызды жұмыс жүйесін тауып отыр. Атап айтсақ, «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы іске қосылып, оған өңірдің 133 авторының 347 шығармасының электронды нұсқасы енгізілген.
Өңір қаламгерлері де кітап қорын жаңа туындыларымен толықтыруда. Былтыр 22 кітаптың тұсауы кесілсе, биыл жыл басынан бері тағы 18 жаңа кітап оқырманға жол тартты.
Бұдан бөлек, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында облыста «Ой шебері» зияткерлік ойыны жүзеге асырылып келеді.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жоба аясында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спорт саласының өкілдері, еңбек ұжымдары мен отбасылар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізілетінін айтып отыр.
Алдағы уақытта Жамбыл облысында өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеуге және оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Жобаға ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарын кеңінен тартуға басымдық беріліп, әрбір отбасының қатысуына мүмкіндік жасалады.
Міне, осылайша жамбылдықтарға рухани сусындауға мол мүмкідіктер тууда. Енді тек өңір тұрғындары кітап оқуға айрықша ынта танытады деп сенеміз.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы
