Жоба аясында Абай облысында 9 ай ішінде 500 отбасын ауылдық елді мекендерге қоныстандыру жоспарланған болатын. Бүгінде бұл меженің 56 пайызы орындалып, 281 отбасы, яғни 881 адам ауылға қоныс аударды. Олардың қатарында Семей қаласынан көшіп барған 319 тұрғын және еліміздің өзге өңірлерінен келген 562 азамат бар. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – жаңа ортаға бейімделіп, ауылдың дамуына үлес қосуға ниетті 881 адамның тағдыры, 281 отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы.
«Қаладан – ауылға» жобасы азаматтарға тұрақты мекен, еңбек етуге мүмкіндік және жаңа өмір бастауға жол ашып отыр. Қоныс аудару көрсеткіші бойынша Бесқарағай ауданы алдыңғы қатарда келеді. Мұнда жоспарланған 50 отбасының 41-і көшіп келіп, меженің 82 пайызы орындалған.
Екінші орында – Үржар ауданы. Бұл ауданға 34 отбасы, яғни 97 адам қоныстанып, жоспардың 68 пайызы жүзеге асқан. Үшінші орында – Бородулиха ауданы. Мұнда 30 отбасы (66 адам) жаңа қоныс тапқан.
Аягөз ауданында 27 (103 адам), Жарма, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында 26, Көкпекті ауданында 25, Мақаншы ауданында 24, Абай ауданында 22 отбасы ауылға көшіп келген.
Әрбір көштің артында үлкен өзгеріс жатыр. Бір отбасы ауылға келсе, бір елді мекенге жаңа тұрғын, жаңа маман, жаңа еңбек күші қосылады.

Жобаның басты мақсатының бірі – қоныс аударған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінде көшіп келген азаматтар мемлекеттік мекемелерге, жеке кәсіпкерлік саласына, шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасып, ауыл экономикасына үлес қосуда.
Бесқарағай ауданында 40 отбасының 42 мүшесі жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 33 адам мемлекеттік мекемелерде еңбек етеді. Үржар ауданында 35 азамат жұмысқа орналасса, олардың 20-сы жеке кәсіпкерлерге, 14-і шаруа қожалықтарына барған. Бородулиха ауданында 33 адам, Жаңасемей ауданында 29 адам, Көкпекті ауданында 23 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Көкпектіде жұмысқа орналасқандардың 13-і ауыл шаруашылығы саласында, 10-ы мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарады.
Абай ауданында 23 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 16 азамат жеке кәсіпкерлік саласында еңбек етсе, 4 адам мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді. Үш тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жарма ауданында 20 адам, Аягөз және Мақаншы аудандарында 15 адамнан, Ақсуат ауданында 14 адам жұмысқа орналасқан. Ауылға келген азаматтар арасында әртүрлі сала маманы бар. Мәселен, Ақсуат ауданында бағдарламашы, есепші, ветеринария маманы және денешынықтыру мен спорт саласының қызметкері еңбек жолын жалғастыруда. Бұл – ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған маңызды қадам.
Қоныс аударған отбасылармен бірге ауылдарға балалар да келіп жатыр. Бүгінде жоба аясында көшіп келген отбасыларда 387 бала бар. Оның
198-і – мектеп оқушысы. Балалардың көпшілігі Бесқарағай ауданында тіркелген – 63 бала. Аягөз ауданында – 53, Абай ауданында – 52, Жарма ауданында – 45, Ақсуат ауданында 42 бала бар. Сонымен қатар Үржар ауданында – 35, Мақаншы ауданында – 30, Көкпекті ауданында – 26, Жаңасемей ауданын-да – 22, Бородулиха ауданында 19 бала жаңа ортаға бейімделуде. Бұл көрсеткіштер ауыл мектептерінің оқушы санын сақтауға, білім беру ұйымдарының тұрақты дамуына және ауылдағы әлеуметтік ахуалдың жақсаруына ықпал етеді.
«Қаладан – ауылға» жобасының негізгі құндылығы – адамдарға мүмкіндік беруінде. Бірі ауылға маман ретінде келсе, бірі кәсіп бастауға ниетті, енді бірі еңбек етіп, отбасының әл-ауқатын арттыруды көздейді.
Бүгінде ауылға көшкен әр отбасы – елді мекеннің дамуына қосылған жаңа үлес. Олар ауылдың әлеуметтік өміріне араласып, еңбек нарығын толықтырып, жергілікті жерлердің дамуына серпін беруде.
281 отбасы мен 881 адамның таңдауы ауылдың әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсетеді. Себебі ауыл – тек тұрғылықты мекен емес, ол – еңбек пен берекенің, дәстүр мен жаңарудың ордасы.
«Қаладан – ауылға» жобасының мәні тек тұрғындарды бір жерден екінші жерге көшірумен шектелмейді. Бұл – адамдарға жаңа мүмкіндік беру, ауылдарға жаңа тыныс әкелу, өңірлердің дамуына серпін беру бастамасы.
Ауылдың болашағы оның тұрғындарының белсенділігі мен еңбегіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, «Қаладан – ауылға» жобасы қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтып, өңірлердің теңгерімді дамуына бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы
